Технология • 27 Қараша, 2020

Цифрлы Қазақстан: Автоматтандырудың артықшылығы көп

17 рет көрсетілді

Мемлекеттік қыз­мет­терді автоматтандыру мен цифрландыру­ мәселесінің маңызы әлем­ді әбігерге салған эпидемиялық жағ­дай кезінде тіптен арта түсті. Жаһанды жайлаған індет адам­зат баласының адымын аштырмай тұрған тұста қажетті анықта­маларды үйден шықпай-ақ алғанға не жетсін. Осы­ған байланысты, еліміздің ішкі істер ор­ган­да­рында халыққа сапалы қызмет көрсетуді жолға қоюды көздейтін ауқымды жұмыстар ат­қа­ры­лып жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырма­сы негізінде еліміздің Ішкі істер министрлігінде бірқатар реформалар жүргізіліп жатқаны белгілі. Соның ішінде, Әкімшілік полиция комитетінің қызметіне баса назар аударылуда. Бұл ретте, қызмет басымдығы негізгі үш бағытты жүзеге асыруға не­гіз­делген. Бірінші бағыт – құ­қық қорғау органдарының тұр­ғын­дармен тығыз байланыс ор­на­ту және азаматтық қоғаммен әріп­тестікті жаңғырту арқылы сер­вистік форматты енгізе оты­рып құқықбұзушылықтың ал­­дын алу. Екінші ба­ғыт – қоғамдық қауіпсіздікке не­гізделген. Дәлі­рек айтатын бол­сақ, полиция қызметкерлері азаматтарды ке­ңінен тарта отырып қоғамдық тәртіпті, жол қозғалысы қауіп­сіздігін ұйымдастыруы және қамтамасыз етуі қажет. Үшінші бағыт – әкімшілік іс жүргізуде цифрландыруға баса назар ауда­ра отырып, мемлекет­тік қыз­меттерді пайдалану құқы­ғын және тұрғындарға полиция көр­сететін қызметтің сапасын цифр­ландыру негізінде арттыру.

Сонымен еліміздің Ішкі істер министрлігі мемлекеттік қызмет көрсетудегі автоматтандыру және цифрландыру, оның сапасын арттыру мен тұрғындарға оң­­тайлы болу үшін кедергілерді азайту мәселелері бойынша қандай жұмыстарды атқарып жатыр? Алдағы жоспары қандай?

«Халыққа сапалы қызмет көрсету, жаңа цифрлы техно­логияларды қолдану және мем­лекеттік қызметтерді авто­мат­тандыру – цифрландыру дә­уіріндегі мемлекеттік ор­ган­дар­ға қойылатын негізгі талап. Сондықтан бүгінде Ішкі іс­тер министрлігі мемлекеттік қызмет көрсету кезіндегі процедураларды жеңілдетіп, әкім­шілік кедергілерді азайтуда. Қыз­мет­кер­лердің жекелей ықпал ету фак­торларын және пара алу мүм­кіндігін жою жұмысы қол­ға алынды. Бұл жұмыстардың барлығы азаматтардың қызмет алу процесін жеңілдету, сондай-ақ халықтың құқық қорғау жү­йе­­сіне деген сенімін артты­ру мақ­сатында жасалатыны сөзсіз», деп отыр Көші-қон қызметі коми­теті төрағасының орынбасары, по­лиция полковнигі Сабыржан Сейітжанов.

Оның айтуынша, жыл басынан бері Ішкі істер министрлігі 9 мемлекеттік қызметті автоматтандырды (сегізі қару-жарақ айналымы және біреуі қару-жарақтың сот-медициналық сараптамасы саласында). Бүгінде автоматтандыру деңгейі 88,6%-ды құрайды (44 қызметтің 39-ы). Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды. Ішкі істер министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін дамыту – мемлекеттік қызмет көрсету­лердің бизнес-процестерін қайта қарауға мүмкіндік береді. Бұл ретте, бірінші кезекте, мәліметті мемлекеттік органдардың элек­трон­ды базаларынан алуға болатын қызметтерді алып тастауға, сондай-ақ қызмет көрсету мерзімі мен оны алу үшін азаматтар ұсынатын құжаттардың санын қысқартуға назар аударылады.

– Осылайша, 2020 жылы қаң­­тарда уақытша келген ше­тел­діктерді тіркеу жойылды (жыл сайын 1,2 – 1,6 млн адам). Бұл шетелдік қонақтар кезіге­тін әкімшілік кедергілерді ай­тар­лықтай төмендетіп, елдің инвестициялық және туристік тартымдылығына оң әсерін тигізді. Халыққа қызмет көр­сетудегі жағдайдың жақсаруына жыл басынан бері уақытша же­ке куәлік беру (2018 ж. – 11,2 мың, 2019 жылы – 5,5 мың) мен азаматтардың төлқұжаттарына 16 жасқа дейінгі балалары туралы жазбаларды енгізу функция­ларын алып тастау да ықпал етті (2018 жылы – 70,4 мың, 2019 жы­лы – 26,7 мың), – дейді полиция полковнигі.

Расымен де, карантин мен шектеу­лер кезінде азаматтар мем­лекеттік қызметтерді цифр­лы форматта алудың артық­шылығын түсінді. Себебі, ин­тернет пен электронды цифр­лы қолтаңбаны қолдана оты­рып-ақ бірқатар қызметтерді үй­ден шықпай-ақ алуға болады. Мәселен, аса сұранысқа ие қыз­меттердің қатарында тұрғылықты жері бойынша тіркеу (1 млн 430 мың) мен тұрғылықты жері бо­йынша тіркеуден шығару (380 мың) болып отыр.

Осы жылдың 9 айында Ішкі іс­тер министрлігі 5 млн 943 мың мемлекеттік қызмет көрсетіпті. Соның ішінде, 5 млн 341 мың 221 (немесе 90%) қызмет мемлекеттік корпорация арқылы көрсетіліп отыр. Соның ішінде, 2 млн 69 мың қызмет арнайы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында көрсетілсе, 213 мың 409 қыз­метті отандастарымыз Көші-қон қызметінің орталықтары арқылы алған көрінеді. Сондай-ақ ақпараттық жүйелер арқылы – 284 мың 680 қызмет және қағаз түрінде – 317 мың 99 қызмет көрсетіліпті.

– Сонымен қатар отандастарымыз «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы ала алатын қызметтердің тізімі де кеңейіп келеді. Қазір Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы Ішкі істер министрлігінің 17 қызметі көрсетіледі. Мәселен, осы жылы 1 қарашадан бастап жеке тұлғаларда жұмыс істеуі үшін иммигранттардың еңбек рұқсатнамаларын рәсімдеуге арналған құжаттар Халыққа қызмет көрсету орталықтары ар­қылы іске асырылады. Бұл ретте, Халыққа қызмет көрсету ор­талықтарының мамандары қажетті құжаттарды көші-қон қыз­метіне жібереді және жауапты ақпараттық жүйелер арқылы алады. Барлық процедураларға шамамен 20-30 минут уақыт кетеді, – дейді С.Сейітжанов.

Полиция полковнигінің айтуынша, бұл қадам «бір терезе» қағидаты бойынша тек облыс орталықтарында ғана емес, со­нымен қатар шалғай аудандар­да да жұмысқа рұқсат беру құ­жатын рәсімдеуге мүмкіндік бер­ді. Бұдан бөлек, көлікті тір­кеу, жүргізуші куәліктерін беру, сон­дай-ақ жол қозғалысы ере­желеріне емтихан қабылдау функ­ц­иялары арнайы Халыққа қыз­мет көрсету орталықтарына берілген көрінеді. Сонымен қа­тар осы жылы «Электронды үкі­мет» порталында жол қоз­ға­лы­сы қауіпсіздігі саласын­дағы мемлекеттік қызметтердің қо­сым­ша түрлері іске асырылды.

– Жалпы, цифрлы қызметті дамыту – азаматтың мемлекетпен негізінен ақпараттық тех­­нологиялар (компьютерлер, смартфондар және тағы бас­қалар) арқылы қарым-қатынас орнатуы кезінде жағдай жасауды көздейді. Қазақстанда смартфондарды пайдаланудың жоғары рейтингісі бар (2018 жылы 11,9 млн қолданушы немесе 65%), – дейді Көші-қон қызметі коми­теті төрағасының орынбасары. Оның айтуынша, бұл «Электронды үкіметтің» қызметтерін мобильді плат­формаларға белсенді бейім­деуге және мемлекеттік қыз­мет­терді кез келген жерде және кез келген уақытта ұсынуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде, бұл қадам ашықтықтың жоға­ры­лауына да ықпал етеді. Қыз­меттердің тиім­ділігі мен сапасы артады. Ресурстар үнемделеді.

 

Соңғы жаңалықтар

26 қаңтардағы валюта бағамы

Қаржы • Бүгін, 12:46

Кобидің қазасы

Спорт • Бүгін, 10:47

Ұқсас жаңалықтар