Өнер • 10 Желтоқсан, 2020

Туған жер – алтын бесігім

531 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасы музейінде «Туған жерім» XV халықаралық бейнелеу өнері байқауының көрмесі өтті. Аталған жоба жас суретшілердің шығармашылық әлеуетін арттыруға, балалар шығармашылығын насихаттауға бағытталып отыр.

Туған жер – алтын бесігім

Жиынды ашқан Елбасы кітап­ханасының директоры Әмірхан Ра­хым­жанов биылғы кезеңнің тек қазақ­стандықтар үшін ғана емес, күллі әлем халқына оңайға соқпағанын, әйтсе де қалыпты жағдайға бет бұрып келе жатқанын тілге тиек етті.

Байқауды Елбасы кітапханасы, «Байта» қоры, «Құланшы» орталығы және Нұр-Сұлтан қаласының Балалар көркемсурет мектеп – ЮНЕСКО клубы бірлесе ұйымдастырды. Қазылар алқа­сына Қазақстаннан бөлек, Ресей, Татар­стан, Башқұртстан, Өзбекстан, Украина, Әзербайжан және Беларусь елдерінен 400-ге жуық туынды ұсы­нылды. Жеңімпаздарға диплом мен естелік сыйлық табысталды.

«Өнерлі балақайларға қолдау біл­діргендеріңіз үшін алғыс білдіргім келеді. Біз осы балалардың бір арма­нын орындадық. Енді олар өз күш­теріне сеніп, одан әрі ұштала түсетін­дігіне кәміл сенімдімін», деп атап өтті «Байта» қорының жетекшісі Светлана Махат.

Жоба жұмыс істеп келе жатқан 15 жылдан астам уақыт ішінде дәстүрлі кескіндеме, графика, мүсіннен бастап сәндік-қолданбалы өнердің түрлі салаларына дейін жұмыстарды қарастырды. Жас таланттарға олардың Отан туралы түсініктерін, дәстүр сабақтастығын, өз халқының мәдени ерекшелігін көрсететін тақырыптар ұсынылды.

«Туған жерім» байқауының ма­ңыздылығы мен танымалдылығы жайлы 15 жылдық тарихының өзі айтып тұр. Жыл өткен сайын ауқымы ке­ңейіп, қарқынды дамып келеді. Жа­һандық пандемияға қарамастан, осы көрмені Тұңғыш Президент музейінде өткізу арқылы біз өнерге ешқандай тұсау жоқ екендігіне тағы бір көз жеткізіп отырмыз», деді «Құланшы» заманауи өнер орталығының кураторлық кеңес төрайымы.

Байқау лауреаттарының жұмыстары қалың көрерменге желтоқсан айында ұсынылады. Көрмеге келушілер түрлі елдердің жас суретшілерінің өнер туын­дыларын көріп, тамашалай алады. Көр­ме 2021 жылдың 25 қаңтарына дейін жалғасады.