Руханият • 16 Желтоқсан, 2020

Ұлт мұраты – тәуелсіздікті тұғырлы ету

471 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Алаш жұрты Азат күннің алтын нұрына шомылып тұр. Осынау қасиетті ұғым, қастерлі түсінікті ата-бабамыз қаншама ғасыр аңсады десеңізші. Күлтегіннің жазуында, көк бөрінің азуында тұр тәу етер тәуелсіздігіміз. Еркіндікті елден ерек сүйетін халық үшін одан асқан қасиет те, одан бағалы кие де болмақ емес. Аталарымыз аңсаған, аналарымыз көксеген сол күнге де жеттік. Енді ала таңда келіп алақанға қонған осынау ұлы бақыт құсын ұшырып алмауға, тұғырда тұрған тұтастығымызды абырой биігінен түсіріп алмауға тиіспіз!

Ұлт мұраты – тәуелсіздікті тұғырлы ету

Тәуелсіздік – ерекше ұғым. Тәу етеріміз Тәуелсіздігіміз болған соң, бабаларымыз аңсап өткен асыл мұра – Азаттықтың алдында бас имейтін Алаш баласы жоқ. Сақтардың салтын сақтап, ғұндардың ғұрпын ұстанып, түбі бір түркі жұртының түндігін түріп отырған Ұлы Тұран топырағы, сол топырақты қоныс еткен қазақ халқы – басынан небір зұлмат жылдарды өткеріп, құрып кету мен іріп кетудің аз-ақ алдында қалды. Қалмақтың қылышына туралып, отарлау саясатының отында күйді. Қазан төңкерісінде – қаңтарылды. Ашаршылықта – ішерге ас таппай аңтарылды. «Сайыңнан саяқ құрлы сая таппаған» қаракөздеріміз саяси қуғын-сүргін жылдары дүние жүзіне тарыдай шашырады. Тартқаны – азап, көргені – тозақ болды.

Алашты азаттыққа бастаған арысымыз Әлихан Бөкейхан бір сөзінде «Алыспаған, жұ­лыс­паған бостандық атына мін­бей­ді, бұғаудан босамайды, ері құлдықтан, әйелі күңдіктен шықпайды, малына да, басына да ие болмайды», дейді. Ұлт көсемінің үнін естіп, қазақ қан қақсаған жылдарға қайырылып қараған сайын еркіндікті ешкім де еншілеп бермейтінін түсіндік. Оған жету үшін тынымсыз күрес, тау қопарар табандылық қажет екен. Қазақ халқы сол қайғы мен қасіретке, азап пен арпалысқа толы жолды жүріп өтті. Аяқтан шалып сүрінген, алауыздықтың алдауында қалып бүлінген кез­де­рі­міз де болды.

Ақыр соңы еркіндікке ұм­тыл­ған елдің қадамы қайырлы болып, Ертіс пен Еділдің екі арасын ен жайлаған есіл жұрт еркіндікке қол жеткізді. Ғасырлар бойы арман болған азаттықтың алтын нұрына шомылып тұрмыз. «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ, Қараймын елесіңе мен таңырқап, Жаңғыртып жер сарайын сен келгенде, Көрпемді мен жатармын қырда қымтап», деп жырлаған Қасым ақынның үні келеді құлағымызға. Ақын айтып отырған бақытты ұрпақ – біз. Біздің құрдастарымыз, біздің замандастарымыз. Бір аспанның астында бір ауамен тыныс алғанның барлығы замандас!

Өз алдымызға отау құрып, өз отымызды өзіміз жағып отыр­мыз. Солай болды екен деп босаңсуға да болмайтын секіл­ді. «Тәуелсіздік туын тігуге қан­­ша­лықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақ­тап қалуға соншалықты қа­жыр-қай­рат керек!», дейді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Тәубе­сі­нен жаңылмаған жұртты Тәңірі тәуелсіздікпен сынайды. Басқасы басқа, бостандықтан айырылып қал­­мауға барымызды салуға тиіс­­піз. ХХІ ғасыр келіп, ақыл-ойы толысты ма деген адамзат баласы әлі де ала тайдай бүлініп жатыр. Астан-кестеңі шыққан әлемге ой таразыламай қараудың өзі қауіпті.

Иә, мемлекеттің жер аумағы мәселесіне нүкте қойып, шекарамызды шегендеп алдық. Адамзат баласының қас жауы саналатын жаппай қырып-жою қаруынан өз еркімізбен бас тартып, сындарлы сыртқы һәм ішкі саясатты қалыптастырдық. Сан түрлі саланың тамырын басып, даму даңғылын даралап, тұрақтылықты тұғырдан түсірмей келеміз. Сондықтан дүние жүзінің саяси картасында тоғызыншы территорияға иелік етіп тұрған Қазақстанның қазіргі биігін, алған асуы мен жеткен жетістігін барымыз деп бағалауға әбден болады.

Алайда заманның да, уа­қыт­тың та ағынды су іспетті бір орында тұралап тоқтап тұр­майтыны белгілі. Бүгінге беріл­ген мүмкіндік мәңгілік екен деп малданатын, жетерімізге же­тіп, шығар биігі­міз­ге шықтық деп алданатын жөніміз жоқ. Алдағы әлем тынысы әлі де ала тұман. Сол себепті ең алдымен, тоғызыншы территорияны еншілеп тұрмыз деп тоқмейілсуден бұрын төрімізді толтырып алуға ұмтылуымыз қажет. Жеріміз халыққа толма­йынша қауіптің бұлты сейілмейді. «Көп қорқытады, терең батырады». Азуын айға білеген алып державалардың арасында қоныс тепкенімізді бір сәтке де болсын қаперімізден шығарып алмауымыз керек.

Ал қазіргі жағдайымыз қан­дай? Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлт­тық статистика бюросының мәлі­меті­не сенсек, биылғы 1 қарашада Қазақстан халқының саны 18 833 133 адамды құрап отыр. Соның 11 109 798-і қала тұрғындары болса, 7 723 335-і ауыл азаматтары көрінеді. Адами капиталымыздың ең көп үлесі Алматы (2 073 458 адам) және Түркістан (2 039 861) облыстарына тиесілі. Жер аумағы 2 724 902 шаршы метрді құрайтын мемлекет үшін бұл – мақтанарлық көрсеткіш емес. Бүгінгі жағ­дайы­мыз бұлай болған соң, алдағы күнге алаңдаудың да жөні бар. Алаңдатып отырған «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» акционерлік қоғамының 2030 жылға дейінгі болжамы. Аталған орталық алдағы он жылда отан­дас­тарымыздың саны небәрі 11,8%-ға өсіп, 20 млн 692 мың адам­ды құрайды деген болжам жа­сап отыр.

Әрине, сарапшылар бұл көр­сеткіштерді ойдан құрап отыр­ма­ғаны белгілі. Халқы­мыз­дың осыған дейінгі өсім пайызын, түрлі статистиканы назарға алға­ны анық. Ғалымдардың пайым­дауынша, халық санын арт­ты­рудың екi жолы бар көрі­не­ді. Соның алғашқысы – қан­дас­та­рымызды атажұртқа орал­ту мәсе­лесі. Бұл мәселені кейін­гі отыз жылға жуық уақытта қан­дай да бір жүйелі жолға қоя алған сияқтымыз. Әрине, елеп-екшейтін, ескеретін мәселелер әлі де бар. Алайда бұл бағытта жаса­лып жатқан жұмысты қар­қын­­ды деп бағалауға болады.

Халық санын арттырудың ендігі жолы – халықтың табиғи өсiмі. Табиғи өсімнің артуы үшін, ең біріншіден, аналар қауымының жағдайын жақсартуға қатысты жасалатын көмекті арттыру қа­жет. Сонымен қатар аналардың жәр­­дем­ақысын өсіру мен оларға көр­сетілетін медициналық кө­мек­­­ті де жүйелі жолға қойған жөн болар еді. Елімізде табиғи өсім оң бағытқа ие дегенімізбен, ха­лық санын арттыруды ынталандыратын нақты бағдарламаға, мем­лекеттік идеологияға жіті көңіл бөлу қажет-ақ. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауында айтып өткендей, «Отбасылық-демографиялық ахуал – зор алаңдаушылық тудырып отырған мəселе».

 

P.S. Айта берсең, тәуелсіздікті тұғырлы етудің алғышарты көп-ақ. Айбарлы армия, сындарлы саясат, әлеуетті экономика, тұтастық пен татулық қажет еркін елге. Бізде осының барлығы бар. Әлем елдерімен тереземіз тең, керегеміз кең. Ендігі керегі – асқақ рух пен тегеурінді толқын, саналы ұрпақ. Мәңгілік ел идеясын мұратына айналдыратын – осы екеуі. Олар тұрғанда тәуелсіздік деп аталар тәтті ұғым да мәңгі жасайтын болады...