Аймақтар • 22 Желтоқсан, 2020

Шымкентте «Ұлттық қолөнер – ұлы қазына» шеберлер көрмесі өтуде

605 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкент қаласының Көрме орталығында «Ұлттық қолөнер – Ұлы қазына» тақырыбында шеберлер көрмесі өтуде. 21-25 желтоқсан аралығына жоспарланған көрмеде мүмкіндігі шектеулі шебер жандардың өз қолымен жасаған бұйымдары көпшілік назарына ұсынылып отыр.

Шымкентте «Ұлттық қолөнер – ұлы қазына» шеберлер көрмесі өтуде

Іс-шараның басты мақсаты – тағдырдың сынына  мойымаған қайсар жандардың еңбектеріне қолдау көрсету, дара қасиеттерін ашуға мүмкіндік беру, көлөнерді көпшілікке насихаттау, ұлттық құндылықтарды жаңғырту. 

Көрмеге 5 мекеме – Шымкент қаласы Білім басқармасының көру қабілеті бұзылған балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернаты»,  «Саурық мүгедектер қоғамы» ЖШС, Түркістан облысы «№5 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы», Шапағат арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, «Сиян» мүгедектер қоғамдық бірлестігі қатысуда.

Сонымен қатар,  жеке қолөнершілер – Эльмира  Омарбекова, Салтанат Есбосынова, Айшабибі Жұмабай, Жарылқасын Айнақұлов және Икрамжан Мұхамеджан да өз бұйымдарын көрмеге қойды. 

Көрменің ашылу салтанатына «Шымкент қаласының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Ж.Білісбеков, Шымкент қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы Б.Жандосова, «Шымкент қалалық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы В.Торопов арнайы қатысты. 

 

Көрмеге ұсынылған қолөнер бұйымдарының барлығы сатылымда. Келушілер шеберлерге қолдау көрсете отырып, ұнаған заттарын сатып алуға мүмкіндігі бар. Көрме 25 желтоқсанға дейін жалғасады. 

Көрме орталығы көпшілікті іс-шараны тамашалауға шақырады.