Қазақстан • 23 Желтоқсан, 2020

Қолжазбалар мен сирек кітаптар – ұлтымыздың құнды мұралары

1126 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қолжазбалар мен сирек кітаптар – қай заманда да киелі құндылық, асыл қазына. Әрбір халық мәдениетінің биіктігі мен ділінің беріктігі құнды деректердің мазмұнымен, оның көркемдік сапасымен және сауаттылығымен өлшенетіні анық. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өзі қолдау көрсетіп, бас­тамашы болған «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша шетте жатқан біраз құндылықтарымыз елге келгенімен, әлі де зерттелмегені қаншама. Мәдени мұраның жалғасы іспеттес «Архив - 2025» жобасын іске асыру жөніндегі 2020 - 2025 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары еліміздің архив саласына үлкен бір серпін бере отырып, ұлтымыздың құнды мұраларын ғылыми деректер тұрғысынан баянды етуде қолжазбалар мен сирек кітаптардың маңызы ерекше екендігіне назар аудартты. Ежелден қазірге дейін сақталған жазба дүниелерімізді ұлықтау арқылы Біртұтас ұлтымыздың жарқын болашағын қалыптастыру – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бірден-бір мақсаты болып отыр.

Қолжазбалар мен сирек кітаптар – ұлтымыздың құнды мұралары

Тәуелсіз елдің етек-жеңін жинап, ұлттық құндылықтарын түгендеуі заңды құбылыс. Сол құндылықтарымыздың бірі де бірегейі әлемнің түкпір-түкпі­рінде жатқан – жазба мұралар. Ата-баба­ларымыздың әлемдік өркениетке қос­қан үлесінің дәйегі және дәлелі ре­тінде танылатын жазба мұралар, ж­аһан­дық тарихтағы Ұлы даланың рөлін анықтауда маңызды рөл атқарады.

2017 жылы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы құрылды. Ұлттық орталық жұмысының мақсаты – еліміздегі және шетелдердегі жазба дүниелерімізді бір орталыққа жинақтап, көзіміздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу. Соны­мен қатар ел тарихын айқындайтын бұл­тартпас дерек көздерді зерттеуші қа­уымға қолжетімді етіп, тарихымыздың кейбір ақтаңдақ беттерін қайта жазуға мұрындық болу еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев (ол кезде – ҚР Парламент Сена­тының Төрағасы) 2017 жылы ұлттық орталықта болып, жинақталған құнды мұ­ра­лармен танысып, орталықтың қо­нақтар кітабында өз қолтаңбасымен: «Мұрағат ісі еліміз үшін өте маңызды, қажетті жұмыс. Елбасы бұл жұмысқа аса үлкен назар аударады. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін! Еліміздің игілігіне тиімді үлес қосарыңызға күмәнім жоқ», деп ізгі тілегін білдірген еді. Осылайша, Мемлекет басшысының рухани қазына­мыздың мәйегі сирек те құнды мұраларға ден қоюы, тарихымызға жаңа серпіліс беретіні сөзсіз.

Еліміздің сан ғасырлық рухани, сая­си өмірінен, мәдениеті мен тарихынан мол мағлұмат беретін баға жетпес мұраларымыздың құндылығы қашанда жоғары бағаланған. Өйткені сирек кездесетін қолжазбалар мен алуан түрлі сирек басылымдардың түпнұсқалары – бағзы заманнан бүгінге дейінгі тарихи ұзақ мерзімді қамтитын, әртүрлі тілдерде жазылған баға жетпес, құнды жәдігердің бірі. Сондықтан бабаларымыздан қалған құнды мұраларымызды жүйелі түрде жинап зерттеу, оны ғы­лыми айналымға енгізіп дәйектеу – Қолжазбалар және си­рек кітаптар ұлт­тық орталығының міндеті. Ұлттық орта­лықтың қорында аз уа­қытта саны жа­ғынан көп болмаса да, мазмұнды кітаптар коллекциясы қалыптасты. Олар: «Әл-Фараби трактат­тары», «Абай Құнанбайұлының шы­ғар­малары», «Шығыс тілдеріндегі қолжаз­балар мен сирек кітаптар: яғни араб, парсы, түркі тілінде жазылған кітаптар, ХІХ-ХХ ғасырларда жазылған құран, ислам ақидалары, фикх мәселелері, ха­дистер, хикмет сөздер мен тарих, әде­биет, география, этнография, логика сала­сын қамтитын қолжазбалар мен сирек кітаптар», «1929-1940 жылдар ара­лы­ғында шыққан латын графикасында жазылған кітаптар, физика, математика, химия, геометрия секілді мектеп оқулықтары», «1912-1929 жылдар аралығында шыққан төте жазудағы қазақ және орыс классиктерінің еңбектері», «Ш.Уәлиханов, Ш.Құдайбердіұлы, А.Бай­­­­тұрсынұлы, Ы.Алтынсарин, Ә.Бө­кей­хан, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Ты­­нышпаев, М.Жұмабаев, С.Сейфул­лин және басқа да қазақ ғалымдары мен ағартушыларының еңбектері», «Орыс және шетел зерттеушілері А.Лев­шин, Г.Потанин, Г.Миллер, Н.Рычков, В.Рад­лов, В.Бартольд және т.б. еңбек­тері» және басқа да маңыздылығы жоғары сирек кітаптар бар. Осы сала бойынша қазіргі таңда алыс-жақын шетелдердегі және ел ішіндегі құнды қолжазбалар мен сирек кітаптар бойынша Ұлттық орталық қорын қалыптастыру бағытында үлкен жұмыстар атқарылуда. Бүгінде Ұлттық орталық қорында 10 000-нан астам көне қолжазбалар мен сирек кітаптар бар. Ұлттық орталық қорындағы Петр І мен Екатерина ІІ кезіндегі 1649 жылдан басталатын Ресей империясының заңдар жинағы заң және құқық саласы зерттеушілерінің үлкен қызығушылығын тудыруда. Сонымен қатар 1890 жылдан басталатын Ақмола, Торғай, Сырдария, Орал, Семей облысы, Жетісу өңірі бо­йын­ша ауыл шаруашылығы, демография, мал ша­руашылығы, т.б. саланы қамтитын мә­ліметтер жинағы арқылы мол мәлімет алуға болады. Соның ішінде Ақмола бойын­ша көптеген деректі кездестіруге болады.

Қазір ұлттық орталық қорды қалып­тас­тыру мақсатында түпдеректердің көшірмесін алу арқылы тарихымыздағы әр кезеңнің құнды дерегі болатын шет­елдердің сирек қорларында сақтаулы біршама кітаптың көшірмесін жасауды да қолға алып отыр. Олардың ішінде Аустрияның ұлттық кітапханасында сақтаулы ХІ ғ. Жүсіп Баласағұнның «Құ­тадғу білік» («Құтты білік») дастанын, Өзбекстанның әбу-Рай­хан Беруни атындағы шығыстану инс­титу­тының сирек қорында сақтаулы ХІІ ғ. Қожа Ахмет Ясауи «Диуани хикмет» («Ақыл кітабы») кітабын, ХІV ғ. Рабғузидің «Қисас ул-Әнбия» (Пай­ғамбарлар қиссасы) кітабын, Фран­цияның ұлттық кітапханасында ХІVғ. Құтыбтың «Хұсрау мен Шырын», Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің кітапхана қорында сақтаулы ХVІІ ғ. Қадырғали Жалайридің «Жамиат-тауа­рих» («Жылнамалар жинағы») кі­та­бының факсимилесін жасады. Бұл шетелдердегі сирек қорларда жатқан құнды дүниелерімізді жинаудың бүгінгі күнгі бір жолы. Бұл жұмыс орта­лықта үздіксіз жалғасуда. Сонымен қатар Қа­­зақстан аумағынан шыққан аты көпке танымал емес ғұламаларымыз да бар­шылық. Ұлттық орталықта қазіргі таңда олардың шығармаларын іздестіру жұмыстары да жүргізілуде. Мысалы, ХІ-ХІІ ғасырда өмір сүрген Әли ибн Мухаммад әл-Исфиджаби, Ахмад ибн Мансур әл-Исфиджаби, Хисамуддин Сығанаки, Аллааддин Сайрами (ХІІІ-ХІV), Мухаммад ат-Тарази, Ашраф ат-Тарази (XI) және т.б. аты көпшілікке белгісіз ғұламаларымыздың еңбектері іздес­тіріліп, отандық ғылыми қорға қо­сылып жатса, ғылымының дамуына үл­кен үлес қосқан болар едік.

Осылайша, алыс-жақын шетелдерден Орталық Азия мен қазақ еліне қатысты құнды жәдігерлерді жинау тарихымыз­ды тереңірек білуге зор мүмкіндік туғы­зары анық. Мұндай игі істер мен дәс­түрлі бастамалардың болашақ ұрпақ үшін алатын орны ерекше болмақ. Ұлттық құндылық деп танылған тарихи мұраларымызды ғылыми көпшілік білуге міндетті және оларды ғылыми айналымға енгізу тарихшылар үшін үлкен мүмкіндік. Осы міндеттен екінші маңызды міндет шығады. Ол – жазба деректердің деректану, тарихнама, теориялық мәселелерін шешу және ғылым игілігіне жарату.

Ұлттық орталықта осы бағытта жазба деректердің мазмұнын талдауға және жан-жақты сипаттамасына мүмкіндік бе­ретін ғылыми-практика семинарлары, дөңгелек үстел мен конференциялар да үне­­мі ұйымдастырылуда. Биылдың өзінде орталықта «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан», «Ресей шы­ғыстану ғы­лы­мының Қазақстан мен Орталық Азияны зерт­теуі. Қазақстандағы шығыстанудың дамуы», «Көне жазба деректердің қайта жаңғыруы», «Ал­тын Орда тұсындағы қолжазбалар» та­қырыбында офлайн және онлайн дөңгелек үстел мен семинарлар өтті. Ұлттық орталықтың көрме залы мен оқу залында үздіксіз көрмелер, кездесулер мен дәрістер ұйымдастырылады. Ұлт­тық орталық ашылғаннан бері өткі­зілген республикалық және халық­ара­лық көрмелер халықтың үлкен қы­зы­­ғу­шылығына бөленді. Атап айт­сақ, Түр­­кістан қаласындағы «Әзірет Сұл­тан» қорық-музейімен, Семейдегі Абай­дың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейі­мен, «Отырар археологиялық қорық-музейімен», т.б. да музейлермен бірнеше халықаралық көрме өткізілді. Іс-шараларға еліміздің белді ғалымдары, зия­лы қауым, мемлекет қайраткерлері мен сала мамандары, жастар мен оқушылар үнемі атсалысады.

Алдағы уақытта дүние жүзінің әр жерінде сақталған байырғы көне қол­жазбалар мен сирек кітаптарды, олардың көшірмелерін ұлттық орта­лықтың қорына жинақтап, Ұлы дала елінің рухани дамуына сүбелі үлес қосуы үшін шығыс жазба мұраларын зерттейтін шетелдік жетекші ғылыми орталықтармен, қыз­мет бейіні ұқсас мекемелермен іс­керлік және ғылыми байланыстар орнатуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда орталық Ислам тарихын, мәдениетін, өнерін зерттеу ғылыми орталығымен (ИРСИКА), Астан Кудс Резави (ИИР), Матенадаран көне қолжазбалар институты (Армения), Абу Райхан Беруни атындағы шы­ғыстану институтымен (Өзбекстан) ынтымақтастық келісімшарттар жасап, бірқатар бірлескен іс-шараны да атқарды.

Енді Санкт-Петербургтегі Шығыс қолжазбалар институтымен (Ресей) байланыс орнату жоспарда бар. Атал­ған елдердің мекемелерінде ор­та­лықтың реставратор мамандары бі­ліктіліктерін арттырып қалпына кел­тіру саласының қалыптасуына да күш салуда. Құнды қолжазбаларды сақтауда реставрация жұмысы маңызды рөл атқарады. Реставрациялау арқылы кө­не қолжазбаны бастапқы деңгейіне келтірмесе де, кітапты зиянды нәрсе­лерден тазалап, оның әрі қарай сақ­талуына жағдай жасау, құрып кетуден сақ­тау қажеттігі туындайды. Оларды қай­та қалпына келтіру жұмыстары ұзақ процесс екені белгілі. Көне қолжазбалар мен кітаптарды физика-химия және техникалық талдаудан өткізіп, дезинфекция және дезинсекция, консервация және түптеу жұмыстары жасалады. Көне жазбалармен жұмыстың маман денсаулығына да зиянды жақтары жеткілікті. Кітаптағы шаң, әртүрлі бак­териялар мен саңырауқұлақтар арнайы қорғанысты қажет етеді. Осыған орай шыдамдылық пен төзімділікті талап ететін реставратор мамандарды даяр­­лау мәселесі елімізде кенже қалып келе жат­қанымен, оны дамыту уақыт еншісінде деп ойлаймыз.

Көне мұраларды цифрландыру мәсе­ле­сін жандандыру да іске асырылып жатыр. Ұлттық орталықтың қорындағы жазба дүниелеріміздің электронды көшірмесін жасау арқылы көпшілікке қолжетімді ету заман талабы деп айту­ға болады. Қолжазбаларды жинап, сақтағаннан басқа да олармен зерттеу жұмыстарын жүргізіп, түпдеректерді оқу, аудару, оны ғылыми айналымға енгізу, каталогтау, мәселесімен жан-жақты айналысатын орталыққа айналады деген сенімдемін.

Ұлттық құндылықтарымызды дәріп­теу арқылы рухани жаңғырамыз десек, тарихымыздың қайнар көзі жазба мұраларымызға барлық назарымызды салып, күшімізді жұмылдырсақ, тұғы­рымыз биіктей бермек. Көне мұраны сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізу бәрімізге аманат.

 

Ақтоты Райымқұлова,

Мәдениет және спорт министрі