Сұхбат • 08 Қаңтар, 2021

Досхан Жолжақсынов: «Өнердегі бет түзейтін құбылам – «ішкі сыным» босаңсуға жол бермейді»

1184 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Досхан туралы әріптестері кинода да, сахнада да өз рөлінің режиссері болып жүргенін, сонау албырт шағындағы «Қаладан келген қылжақбастағы» Сматбектен бастап берідегі Құнанбай рөліне дейін мәңгілік ғұмыр сыйлаған актер екенін айтады. Біз осы сұхбатта өнердегі шынайылықтың сыры және оның нәтижесі жайлы сұрақтарға жауап алуға тырыстық.

Досхан Жолжақсынов: «Өнердегі бет түзейтін құбылам –  «ішкі сыным» босаңсуға жол бермейді»

– Досхан аға, сіз бен біз кешегі Шәкен Айманов пен Сұлтан Қожықовтар жасап кеткен ұлттық киноның дәмін ұмыта алмай жүрген ұрпақтың өкіліміз. Сізде кешегі кино мен бүгінгі киноны салыстыру мүмкіндігі бар. Әңгімені осы жерден бастасақ?

– «Кешегі Шәкен мен Сұлтан жасап кеткен киноның дәмі» деген сөзіңіз «Қыз Жібектің» алғаш экранға шыққан кезін еске түсіріп отыр. Ол кезде жиырмадан енді асқан албырт жаспыз. Студентпіз. Алғашқы үш күн «Целинный» кинотеатрына халық сыймай, есікті бұзып, терезеден кірді. Қазақ ұлттық тарихына сусап жүргенде «Қыз Жібек» жарқ етіп алдынан шықты. Кешегі жақсылардың шеберлігі КСРО саясатының көзін ала бере қанды қыздыратын ұрандарды сынамалатып болса да енгізіп жіберетін тәсілді меңгергендігіне байланысты ғой. «Қыз Жібектің» алғашқы сериясында Асқар Сүлейменовтің Шегенің аузына салған «Қан кешкен мына заманда, қайғыны жеңген бар ма екен?» деп басталатын толғауы айтылған кезде залда бір-бірімен иін-тіресіп отырған халық қырандай қомданып, дүр етіп, бір басылды.

 «Қыз Жібек» экранға жол тартқан соң шөп-шалам пікірлер бой көрсетіп қалды. «Төлеген-Құманды шашын жалбыратып қайдан тапқан» деген сөздер де айтылды. Кейін, шөп-шалам пікір қурап кеткен соң экранда тек Сұлулық пен Тағдыр қалды. Мүмкін, өмірде Қыз-Жібек те, Төлеген де соншалықты сұлу болмаған шығар. Бірақ олардың тағдыры мен махаббатын тарих ұмытпады, ұрпақтан-ұрпаққа аманат­тап отырды. Тағдыр мен тарихтың арасындағы үндестік деп осыны айтуға болатын шығар. Біздің кинолардың кем­шілігі сонда, киноға тек тарихты ғана әкел­гісі келеді. Тарихта тағдыр болмаса ол тек жалаң баяндау болып шығады ғой. Ал тағдыр мен тарих қатар өрілсе, нағыз шедевр сол...

– Аға, бізде қазақта кино бар ма, жоқ па, соны айтыңызшы?

– Кино неге болмасын, бар! Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңдегі киноның бастауында «Көшпенділер» тұр. «Көшпенділер» барлық кемшілігіне қарамастан, қазақтың көшпенділер өркениетінің заңды мұрагері екенін айдай әлемге таңбалап берді. Кино-жобаның етек-жеңі жиылып, актерлерді таңдау кезінде Абылай ханды сомдайтын актер өзімізден шықса екен деген ұсынысымызға назар аударылмаған соң, ханды Куно Бекер емес, қазаққа ұқ­сайтын Джейсон Скотт Ли ойнасыншы деген тілегіміз ескерілмеді. Сосын тарихқа ғана басымдық берілмеді де, тағдыр ұмыт қалды. Бәрібір «Көшпенділер» қазақ атымен тарихи тақырыптарға түрен салғаны үшін бізге қымбат.

– «Көшпенділерде» жоңғар қоңтай­шы­сының бейнесін сәтті сом­даған Дос­хан Жолжақсынов «Абылай ханды» басып озып, екінші планға түсіріп жібер­ді» деген пікір айтылып қалады. Абы­лайдың тұлғасын халық «менікі» деп қабылдай алмады.

– Жә, бұл өткеннің әңгімесі. Енді оны қайтара алмайсың. Ендігі назар болашаққа бағдарлануы керек. «Көшпенділермен» салыстырғанда «Қазақ хандығы» немесе «Алмас қылышта» көп ілгерілеушіліктер бар. Ханда да, ханның серіктерінде де салмақ бар. Ең бастысы – өткеннен са­бақ алу, тарихқа басымдық бергенмен, тағ­дырды айналып өтпеуге тырысу бай­қалады. Мұны жекелеген экпизодтардан, Қасым хан мен Шайбан шахтың ара­сындағы «Ондай-ондай болмаса аң қызығы бола ма?» деген сөздерінен тарих­тың да, жекелеген тұлғалардың тағдырына да әсер ететін, қазақтың жанына жақын қабылданатын жұп-жұмыр көріністерді байқауға болады.

Әлихан Бөкейхан ұлтты сүю және оған қызмет ету үшін мінез қажет екенін айтты. Бұдан асырып сөз жеткізу мүмкін емес. Себебі ұлтқа, ұлттық дүниеге келгенде жаныңды жегідей жеу қажет. Киноға келетін болсақ, біріншіден бұл – кәсіп. Оның жілігін шағып, майын ішу екінің бірінің қолынан келмейді. Тіпті әбден меңгеріп алғандардың өзі кино түсірген кезде оның мазмұнын халқымыздың жан-дүниесімен, көзқарасымен, тәрбиесімен қабыстыра алмай жатады. Мұны өз көзімізбен көрдік. Біздің ең басты олжамыз – өз халқымыздың сұранысын қанағаттандыру. Осы белесті бағындырып жатсақ, әлемді жаулауға кірісуге болады.

Бүгінде атақ та, даңқ та сатылады. Тіп­ті «Оскар», «Нобель» сыйлықтарының өзі базардағы саудагердің қолындағы дүниедей болып қалды. Бай­қасаңыз, сөрелеріміз халықаралық кинотөрешілердің естелік сыйлықтары мен мүсіндерінен қайысып тұр. Біздің мұратымыз халықаралық жарыстан сыйлық алу емес, халықтың алғысы мен ықыласына кенелу болуы керек. Бір құ­лап, бір тұрып жатса да, қазақ киносы қа­лыптасып, дамып келеді. Болашақта көрермендердің қазақ киносына деген ықыласы артса, жағдай қазіргіден де жақсы болады. Ұзын сөздің қысқасы, кез келген өнер туындысының астарында кірдің тасындай терең ой жатпаса, оның құны көк тиын.

– Майкл Фоли «Век абсурда» деген кітабында киноны экран диктатурасына теңейді. Бізде қалай?

– Сахна мен экранды былапытқа айналдыруға болмайды. Өйткені екеуінің де арғы жағында көрермен, яғни халық бар. Бізде идеологиялық диктатура деген жоқ. Бірақ экрандағы атыс-шабыс немесе эротика арқылы көрерменнің жүрегін жаулап аламыз деген пікір басым. Ондай жайт өзімнің басымнан да өтті. «Біржан сал» фильмінің сценарийін талқылаған кезде біраз айтыс-тартыс болды. Кейбіреулер Біржан Ләйләні алып қашуы керек екенін, сол кезде оқиға тартысты болатынын айтты. Қарсылық танытып едім: «Сіз көнені көксейсіз» деп сын тақты. Мүмкін олардың көзқарасы бүгінгі өлшеммен қарағанда дұрыс шығар. Олар бүгінгі киноның заңына бағынғысы келетін болар. Алайда оларды қандай дүниені өзегіңнен суырып алып, көрерменге ұсынғың келетіні қызықтырмайды.

– Біржан сал немесе Құнанбай бейнесін сомдау арқылы тарихи-дра­малық жанрды жаңғырттыңыз. Та­рихқа оралу арқылы тағдырды асқақ­таттыңыз. Сіздің кинодағы әріптес­теріңіздің сөзіне ден қойсақ, беріде өмір сүрген тұлғаларды экрандау қиын. Алаш арыстары, беріде өмір сүрген Мұхтар Әуезов, Ермұхан Бекмаханов, Ілияс Есенберлинді сомдағыңыз келмей ме? Тіпті сіздің қайын атаңыз Асқар Сүлейменовтің де тағдыры мен талайы бір кино туындыға жүк болады.

– Бұл Таласбекпен арамызда таңды-таңға ұрып ақылдасқан тақырыптарымыз еді. Тіпті, Тәкеңнің қолында Асқар Сүлей­менов жайлы жазған әдемі дүние бар екенін еске түсіріп отырсың.

Жоғарыда сіз айтып өткен тұлғалар жайлы, кешегі өткен Асекең жайлы тү­сіруді кім армандамайды дейсіз. Бірақ жауапкершілік жүгі тым ауыр. Мен мұны «Құнанбайды» түсіріп жүргенде көр­дім. Белден басып, көркемдік жағына басым­дық беріп кетейін десең, Құнанбай мен Абайдың көзін көрген, аталарының сөзі жадында жаңғырып тұрған толқын бар. Сон­дықтан, әрбір көрініс емес, Құнан­бай­дың әрбір қимылына дейін ойланып-ой­ланып барып шешім қабылдауға тура келді.

«Құнанбайдан» кейін Мұхтар Әуе­зовтің бейнесі маған жақындай түсті. Ата­сы, әкесі Құнанбаймен бір заманда өмір сүрген. Кейде тағдырдың өзі Мұхтарды алаш­тың аманатын қазаққа жеткізу үшін аман қал­дырғандай әсерде боламын. Қу­ғын-сүр­гіннен қашып Мәскеуді паналады. Со­дан кейін «Абай жолы» дүниеге кел­ді. Мұхаң Абай арқылы Құнанбайды танытты.

 «Құнанбай» фильмін көріп болған соң, киноның көркем тіліне таңғалғандар көп болды. Бұл – Таласбектің еңбегі. Тәкең әйгілі мұрағаттар мен кітапханалардың бәрінде отырып жұмыс істеген адам. «Осы жазып жүргендерімнің бәрі сондағы жа­дымда жатталған дүниелер» деп отыру­шы еді. Егер, Әуезов Абайды, кешегі Шер-аға Рысқұловты танытпағанда Абай мен Тұ­рарды дәл бүгінгі деңгейде танитын ба едік?

Біздің заманымызда өмір сүрген тұлғаларды экрандау бізде енді-енді қалып­тасып келе жатыр. Сатыбалды Нарым­бетов Мұстафа Шоқайды қазақтан алыстатпай экрандады. Джеффри Веспа да Әмірені алып шықты. Көңілім аса толмаса да Мұстафа Шоқайдан кейін іле-шала осы тақырыпқа түрен түскеніне қуандым. Басқаларын айтпаймын. Алла ғұмыр берсе, қазақтың арманда кеткен бір арысының өмірін экран арқылы ұзартып кеткім келеді. Қазір бір нәрсені айту тұр­мақ, ойлаудың өзі қиын болып кетті ғой. Мынау дағдарыс деген қос өкпеден қысып барады. Ойда алаш көсемі Әлихан, үш жүздің басын қосқан Абылай хандар бар. Тек Алла ойыма алғанды орындап кетуге өмір берсін деп тілеймін.

– Кино әлемінде «Көшпенділер» мен «Алмас қылыштан» кейінгі тарихқа бет бұрған, тарих пен тағдырды қатар қамтуға тырысқан туынды – «То­мирис». Бұл кинодан жаңыңызға жақын қабылданатын сәттерді ұстай алдыңыз ба? Қандай ой түйдіңіз?

– Ақан Сатаев – кейінгі буын өкілі. Кино технологиясының тілін терең мең­герген. Актерларды да жақсы ірік­теген. Ахеменидтер әулетінен шыққан парсы патшасы Кир біздің заманымызға дейін 559-530 жылдары өмір сүрген. Демек Томиристің өмір сүрген уақыты да сол кезең. Бірақ мен білетін Томирис батырлық пен парасаттылықтың таңбасы маңдайында мөрленген, хас жауының алдында сілеусіндей шиыршық атып, қолаң шашын беліне түйіп тұрған батыр ару болуы тиіс еді. Актер образға енген сәті оның қабағынан емес, көзінен біліну керек еді. Басқаша айтқанда жүректен өткен сүзгіні қабылдағанда ғана көз сөйлейді. Томиристі сомдаған Алмира Тұрсыннан ондай белгі көре алмадым. Түр-тұлғасы бәрі сай болса да образға ене алмаған тұстары көп болды. Екі жақты кескілескен шайқаста парсы патшасы Кир өліп, оның 200 мың жауынгері жер жастанатыны, Томирис «Іздегенің қан еді, ал іш, ендеше!» деп оның басын қан толтырылған меске батыратыны, соғыстың осымен тәмамдалатыны тарихтан белгілі.

Экрандағы Томиристің алдына Кирдің басын алып келген сәтін еске түсіріңізші. Іштегі кектен сілеусіндей шиыршық атып тұруы керек еді. Бұл тұсы да тым солғын және тым келте қайырылған. «Біздің баққан буырылда қырық үш күндік кемдік бар» деп баяғы Құртқа ару айтқандай, әйтеуір бір кемшін тұсы байқалып тұрады.

Ауыл-ауылдағы қариялар ұлт рухының қайнап жатқан қара қазаны ғой. Одан саған қандай дәмнің бұйыратыны сенің несібең мен алғырлығыңа байланысты. Ауылда өскен бала мен қала баласының психологиясын бір-бірімен салыстыра алмайсың. Меніңше, бұл кемшілік фильмнің басы-қасында жүрген азаматтардың дала философиясынан алыстап кеткендігі себеп болған шығар. Ермек Тұрсынов айт­қандай, жұмыс кабинеттерінде дала-баба тарихы жайлы 200 кітап тұрса да ауылдағы қара шалдың күн сіңген шапанының етегіне жармасып, дала иісі мен тердің иісі терінің бір қабатына айналып кеткен бауырына тығылып, бір түн әңгіме тыңдағанға ештеңе жетпейді. Даланың иісі бабаның әңгімесі арқылы бойыңа дару керек.

 Бірақ жастарымыз әрекетсіз емес. Көрерменнің талғамымен санасып, күр­делі тақырыптарға барып жатыр. Бары­мызды бар деп, жоғымызды жоқ деп айта алмасақ, алға жылжымаймыз. Сондықтан, дәл бабамның иісі, даланың иісі бұрқырып тұрмаса да кино бар. Көрерменнің риза­шы­лы­ғы бар. Бірақ бағдар беретін дұрыс сын жоқ. Батыстың ентелеген идеологиялық экспансиясы көрерменнің талғамын шатастырып жіберді. Ендігі күрес көрерменнің талғамы үшін күрес төңірегінде өтпек. Жеңіс кімде болса, идеологияның кілті де сонда.

– Аға, келер жылы жетпіс жасқа толғалы отырсыз. Сіз жайлы деректер сіздің рөлдеріңіз бен осындай сұхбаттарда ғана айтылады. Өткенде «Досхан мемуар жазуға кірісіпті» деген сөзді құлағым шалып қалды. Осыны өзіңіз таратып айтыңызшы.

– Ол бос әңгіме, маған жазу емес, айту оңай. Алдымда отырған журналистің сұхбат алу шеберлігіне көңілім болса, сыр сандығымның кілтін тапса, жүрек шіркін бүкпесіз, сыр сандықтай ақтарылады. Менімен дайындалған сұхбаттардың өзі бірнеше томға жүк болатындай болып қалды. Кейде кешегі жақсылармен бірге болған сәулелі сәттерді жадымда жаңғыртсам, түн ұйқым төртке бө­лінеді. Осындайда қолыма қалам алып, жүректегі экранда зерделеніп қалған сәттерді ақ қағазға түсіргім келеді. Кім біледі. Күндердің күнінде жазып та қалармын. Бірақ мен жазып қалдыруым тиіс дүниелердің толғағы піскен жоқ әлі.

– Осыдан екі жыл бұрынғы сұх­батта «Құнанбайдың биігінен түскім келмейді» деген едіңіз. Өмір өтіп жатыр. Күндердің күнінде Құнанбайдың биігінде тұрып, ескерткіш болып қаламын ба деп қорықпайсыз ба?

– Құнанбайдың биігінде тұрып, ес­керткіш болып қалу екі қазақтың бірінің маңдайына жазылмаған бақыт қой. Сіз бен біз кездескен кез Құнанбайдың әдемі елесінен айырыла алмай жүрген сәттер шығар. Киноның шектеулі уақытына Құнанбайды тұтас сыйғызу мүмкін емес. Құнанбай – қазақ үшін тың тақырып. Абайды асқақтату – Құнанбайды аласарту емес екенін Әуезов те түсініп кетті. Бірақ Құнанбайды жан-жақты ашуына мүмкіндігі болмады. Өмірде Құнанбай бірбеткей адам болғанын дәлелдейтін деректер енді ашылып жатыр. Поляктың жиһанкез ғалымының күнделігінде Құнанбайдың бізге белгісіз қырлары сөз болады. Ал Құнанбайдың анасы Зереге: «Ата-бабам ел басқарып келе жатыр. Қазақты қалай басқаруды мен білмей тұрмын» деп шағымдануы оның жұмсақтығын көрсетеді. Біз осының барлығын қосып, Құнанбайдың болмысын танытуға тырыстық. Марқұм Таласбек екеуміздің алдымызда үлкен мақсат бар еді. Құнанбай жұмбағын әке Құнанбай мен бала Абай арқылы шешкіміз келген еді. Есіңізде болса, жазаны атқарып кетіп бара жатқанда Қодардың тумаластарының бірі: «Өлетін адам өліп кетті, енді оның жерін бізге бер!» дейді. Осы сөзді жиіркене тыңдаған Құнанбай: «Артында қалған туғандарына беріледі» деп сес көрсетеді. Көп адам осы оқиға тарихта болған ба деп сұрайды. Көркем дүниеден тарихи дерек іздеудің қажеті жоқ.

Тағы бір оқиғаны еске түсірейік. Құзар шыңды бетке алып келе жатқан Абай әкесінен: «Әке, етігіңмен су кешкендегі мақсатың не?» деп сұрайды. Сонда Құнанбай: «Мен Алаштың найзасын қайта суырылмайтындай етіп қыстырдым, шешілмейтіндей етіп атын байладым, жар шетіне құжырамды тіктім», деп жауап береді. «Неге жар шетіне тіктің?» деген сауалға: «Бұл сен шешетін жауа­п» деп қысқа қайырады. Таласбектің мезгілсіз қазасынан кейін арманымыз әді­рем қалып, жүрегімнің түбіне көміп тастадым. «Құнанбайдың жұмбағын бірге шешейік» деп қолқа салған адамға жолыққан жоқпын.

– Сізге өнердегі жанкештілік жет­пейтін сияқты аға. Осыдан екі жыл бұ­рын «Таласбектің орнын басатын адам жоқ» деген едіңіз. Сол пікірдің әлі де сіз үшін үстем екенін байқап отырмын.

– Бұл жолы Құнанбай жұмбағын Абай­мен байланыстыру керек. Мұхтар Әуезов сипаттап кеткен Абайды қайта-қайта экранға шығара беруге болмайды. Ол Абай біз білетін Абайдан биік тұруға тиіс. Біз Мұхтар жаза алмай кеткен Абайымызды әкелуіміз керек.

Егер, бұл тақырыпты қолға алсам, мен өз Абайымды танытқым келе­ді, өз Абайымды өзінің ортасына жақын­датқым келеді. Себебі ол да ет пен сүйек­тен жаратылған пенде. Ұлы Әбіш – Әбді­рахманның жаназасы болып жатқан кезде Әбіш ғашық болған қыз ауылға келіп, түйенің басын Абай отырған қаралы үйге тіреп, «тоң мойын Абайдың өзі мені түйеден түсіріп алсын депті» деген әңгіме бар тобықты арасында. Ауыл аңтарылып қалғанда Абай үйден шығып, әйелді түйеден түсіріп алып, ішке алып кіреді. Ұлы Абайға Әбішіне қалыңдық бола алмай қалған парасатты бойжеткеннің алдында басын иіп шығуға не себеп болды? Ел ішіне барып, осы тақырыпты ары қарай індетсең, жауабы алдыңнан шығады. Ел арасында Құнанбай мен Абайды алыстататын емес, жақындататын деректер өте көп. Тіпті сүйікті ұлы Мағауия қай­тыс болғанда Абай әкесі Құнанбайдың мола­сының басына барып, мені ал деп зар қылғанын, ұлының сүйегіне тас батпасын деп мәйіт салынған арбаның алдына жаяу түсіп, жолды тазалап, мазар басына жаяу барғанын тобықты жұрты беріге дейін айтыпты. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолынан» Құнанбайдың Меккеге кетіп бара жатқан кезде Ұлжанмен қоштасқан кезін суреттейтін 70 беті кесіліп кеткенін енді біліп отырмыз. Демек, біздің Абай жайлы білетініміз – бір, білмейтініміз – мың.

– Аға, сіздің иығыңызда, бейнелеп айтқанда сахнада 50, кинода 40 об­раздың жүгі тұр. Оның бәрі мінсіз шық­ты деп айта алмаймыз. Жақсы болса да, жаман болса да «бұл менің кином, бұл менің сахнам» деп қабылдайтын көрер­меннің ықыласын таныдыңыз ба?

– О, мен мұны сахнаға, киноға алғаш түскен күннен бастап сезіп келемін. Сәтсіз шыққан кездерімде жұбатып, басымнан сипады, жетістігіме қуанды. Көрерменнің патша көңілі болмаса Досхан Досхан болар ма еді? Өнердегі бет түзейтін құбылам – «ішкі сыным» маған босаңсуға жол бермейді. Өз кемшілігімді өзім жақсы білемін.

– Енді осы жерден тоқтап, сұрақты ары қарай тарқатайықшы. Кино-сахна қоржыныңыздың салмағы сізге не берді? Өмірді танытты ма, әлде барлық жерде есік ашып, рөлдің салмағын төмендетіп жіберді ме?

– Жас ұлғайған сайын көрген-білге­німнің, бастан өткергендерімнің салмағы ауырлап барады. Кейде мінез бет-жүздің бар екенін мойындамайтындай тіктеніп бара жатыр ма деп қаламын. Жаратылысым мінезді болғандықтан, жан-жағымдағылардың, шығармашылық иелерінің де мінезділерін жақсы көрем. Мінезсіз өнер жасалмайды. Ал жалынан сипатпайтын асау атты нағыз ер жігіт қана ерттейді. Әрбір актердiң бойынан ешкімге ұқсамайтын, өзіне ғана тән ерекшелігін іздеймін. Ойлау жүйесі ерекше, идеясы бар адамдармен жұмыс істеуді ұнатамын. Бірақ оған шығармашылығымның түк те қатысы жоқ. Өнерімді сатпадым, саудаға салмадым. Өзіме және өнеріме сенемін. Әрбір рөлге кірісер алдында сол баяғы – Досханмын. Шығармашылықтың сыйқыры да, құдіреті де осы шығар.

– Актерлік шығармашылығыңызда кімді бағдарға алғыңыз келеді?

–Мен әрқашан біздің екі корифеймен – Нұрмұхан Жантөринмен және Әнуарбек Молдабековпен бірлесіп жұмыс істеуді армандағанмын. Алла менің ойымды естіген шығар. Ерік Бекмахановтың «Сапар құдығы» қысқаметражды фильмінде тағдыр мені Жантөринмен, ал Серік Жармағамбетовтің «Өтелмеген парызында» Әнуар Молдабековпен кездестім. Олар әріптесін қамшылайтын, сахна шымылдығының сыртындағы «тартысты» емес, сахнадағы тартысты сүйетін. Әнуар, Нұрмұхан, бүгінгі Асекеңдер Абайдың тілімен айтқанда «самородный сары алтындар» ғой. Уақыт алға жылжыған сайын олардың таланты құдіретінің қандай болғанын, саңлақтармен сахнада әріптес болудың өзі сәттілік екенін енді түсініп келемін.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,

«Еgemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ