Спорт • 12 Қаңтар, 2021

Ең үздік бапкер – Диего Симеоне

198 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Халықаралық футбол тарихы мен статистикасы федерациясы (IFFHS) соңғы онжылдықтың ең үздік бапкерлерін анықтады. Бұл тізімде Диего Симеоне көш бастап тұр, деп хабарлайды Egemen.kz

Ең үздік бапкер – Диего Симеоне

1970 жылдың 28 сәуірінде Аргентинаның астанасы – Буэнос-Айресте дүниеге келген Диего өз дәуірінің ең мықты жартылай қорғаушыларының бірі болды. Ол Отанынан бөлек, Италия мен Испанияның түрлі белді клубтарында өнер көрсетті.

Аргентинаның олимпиадалық құрамасы сапында 1996 жылы Атлантада алауы тұтанған ғаламдық ойындарда күміс медальді мойнына ілді. Екі мәрте Америка кубогын олжалады. Үш рет әлем чемпионатына қатысты.

Футболмен қош айтысқанан соң бапкерліктің қамыстын киді. Бұл кәсіпте де оның бағы жанды. Соңғы 10 жылда Мадридтің «Атлетикосын» жаттықтырып жүрген Симеоне көптеген биік белестерді бағындырды.

Атап айтсақ, әр жылдары Испания чемпионаты, Испания кубогы мен суперкубогында топ жарды. Еуропа лигасы мен УЕФА суперкубогының екі дүркін жеңімпазы атанып, екі рет Чемпиондар лигасының финалында ойнады.

Сондай-ақ, «ТОП-10» бапкердің қатарына Хосеп Гвардиола, Юрген Клопп, Жозе Моуринью, Массимилиано Аллегри, Унаи Эмери, Зинедин Зидан, Карло Анчелотти, Маурисио Почеттино және Марсело Гальярдо сынды мамандар енді.