Аймақтар • 22 Қаңтар, 2021

Ералы Тоғжанов Қордай ауданындағы жұмыс барысымен танысты

193 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған үкіметтік делегация жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болды. Өңірге сапары барысында Қордай ауданына барған Үкімет басшысының орынбасары әуелі Гвардейский ауылындағы биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты жанындағы биофармацевтикалық зауыттың құрылыс барысымен танысты.

Ералы Тоғжанов Қордай ауданындағы жұмыс барысымен танысты

Қордай ауданының Гвардейский ауылында орналасқан бұл зауыт әлеуметтік маңызы бар жұқпалы ауруларға қарсы елге қажетті биопрепараттар шығаратын болады. Аталған өндіріс орнында COVID-19, пандемиялық тұмау, маусымдық тұмауға қарсы сплит-вакциналар, туберкулез, бруцеллез, нодулярлық дерматит, күйіс қайыратын ұсақ жануарлардың обасы, қой мен ешкінің контагиозды эктимасы, қой шешегі, құтыруға қарсы вакциналар және басқа да препараттар дайындалады.

Зауыттың тыныс-тіршілігімен танысқан Ералы Тоғжанов құрылыстың технологиялық үдерісі мен өндіріс жағдайларының одан әрі GMP стандарттарына сәйкестігін ескере отырып, жүргізілуіне назар аударуды тапсырды. Сондай-ақ, вице-премьер мердігер компаниялардың ғылыми-зерттеу институты, денсаулық сақтау, білім және ғылым министрліктерінің басшылығымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау керектігін айтты. Сонымен қатар, Ералы Лұқпанұлы құрылыс алаңының аумағындағы жобамен және зауыт туралы негізгі өндірістік, технологиялық мәліметтермен танысты. Өндірістік процестің макеті мен схемасын қарап шықты.

Кездесу барысында Ералы Тоғжановқа монтаждау жұмыстарын аяқтау және іске қосу ағымдағы жылғы наурыз айына жоспарланып отырғаны туралы мәлімет берілді. Қазіргі кезде қосалқы ғимараттар мен құрылыстардың, қазандық, трансформатор және сорғы станцияларының, хлорлау, сондай-ақ, энергетикалық нысандардың құрылысы аяқталған. Бұдан кейін үкіметтік делегация биологиялық қауіпсіздік мәселелері институтына барды. Аталған институт 1958 жылдан бері жұмыс істеп келеді екен. Бүгінде мұнда 214 адам еңбек етеді. Кездесу барысында ғылыми мекеменің басшысы, биология ғылымдарының докторы Күнсұлу Закария институттың қызметі мен жетістіктері, сондай-ақ COVID-19 вакцинасын әзірлеу бойынша ғылыми зерттеулердің нәтижелері туралы айтты.

Сондай-ақ, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлеріне арналған  60 пәтерлі көпқабатты үйдің құрылысымен танысты. Бүгінде мұнда әрлеу жұмыстары, қасбеті пен шатырын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Үшінші жайлылық класындағы пәтерлердің жалпы ауданы 3,6 мың шаршы метрді құрайды. Ал, жақын маңда тағы екі тұрғын үй мен дене шынықтыру-сауықтыру ғимаратының құрылысы жоспарланған. Сонымен қатар, спорттық нысанның екінші қабатында 150 орынды акт залы орналасатын болады. Сондай-ақ, Ералы Тоғжанов бастаған үкіметтік делегация Қордай ауданы, Отар ауылындағы спорттық-сауықтыру кешені мен жаңа автоматтандырылған газ тарату станциясына да барып, олардың жай-күйімен танысты.

 

Жамбыл облысы