Парламент • 28 Қаңтар, 2021

Депутат Д.Нұржігіт Әділет және Экономика министрліктеріне сауал жолдады

891 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының  отырысында депутат Дана Нұржігіт Экономика және Әділет министрліктеріне депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.Сенатордың сауалы 2017 жылғы 11 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы жобаға байланысты болды. 

 

Депутат Д.Нұржігіт Әділет және Экономика министрліктеріне сауал жолдады

Депутаттың айтуынша, ұсынылып отырған хаттама Армения Республикасындағы конституциялық өзгерістерге байланысты кедендік тексерістен босатылатын лауазымды қызмет иелерінің тізімін кеңейту, яғни  Еуразиялық экономикалық одақтың Кедендік кодексінің 321 ші бабына өзерістер енгізіп отыр.

- Алайда заң жобасымен бірге ұсынылып отырған қосымша құжаттарда,  ұлттық заңнаманы ратификациядан өткелі отырған хаттамаға сейкестендіруге қатысты толық ақпараттар мен нақты ұсыныстар жоқ, деді ол. 

Дана Нұржігіт хаттамада көрсетілген лауазымды қызмет иелері «Қазақстан Республикасындағы Кеден ісі туралы» Заңының 406-шы бабының 2 тармағының 5) тармақшасында қарастырылған тізімге кірмей отырғанын айтады.

- Осыған орай жоба әзірлеушілерінен қаралып отырған заңжобасы бойынша қосымша ақпараттарды сұратуға мәжбүрміз, деді ол.

Осыған байланысты сенатор «Ұлттық экономика министрлігі - осы тәрізді заң жобаларын әзірлеу барысында халықаралық міндеттерді қабылдаудың ұлттық заңнамаға қатысты қатері мен әсері  болжана ма?», деген сауал жолдады.

Депутаттың екінші сұрағы Әділет министрлігіне бағытталды.

- Халықаралық шарттарды ратификациялау бойынша заң жобаларын  мазмұнды және сапалы әзірлеуді күшейтуге бағытталған шаралар қабылдау жоспарларыңызда бар ма? Өйткені Конституцияға сәйкес  дәл осындай халықаралық шарттар ұлттық заңдарымыздан басымдығы бар, деді Д.Нұржігіт.