Руханият • 12 Ақпан, 2021

Түркі әлемінің тұғырлы тұлғасы – Зәки Уәлиди Тоған

703 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Халықаралық Түркі академиясы «Тұлғалар тағылымы» жобасы аясында түркі әлемінің көрнекті ғалымы, мемлекет және қоғам қайраткері Зәки Уәлиди Тоғанның өмірі мен шығармашылығына арналған «Зәки Уәлиди Тоған: ғалым, саясаткер, тұлға» атты халықаралық онлайн-бейнеконференция өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz

Түркі әлемінің тұғырлы тұлғасы – Зәки Уәлиди Тоған

Басқосуда ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелді, Ресей Ғылым академиясына қарасты Уфа ғылыми орталығы Тарих, тіл және әдебиет зерттеу институтының жетекшісі Фирдаус Хисамитдинова және осы аталған институт қызметкері Ахат Салихов, Өзбекстан ғылым академиясы Тарих институтының бөлім меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Қахрамон Раджабов, Назарбаев университетінің профессоры Юлай Шамилоғлы, Түрік тарихы қоғамының мүшесі, тарихшы Тунжер Байкара, Қырғызстанның белгілі түркітанушысы, профессор Кадыралы Конкобаев және «Ағидел» башқұрт мәдени орталығының жетекшісі Азамат Рыскильдин сөз сөйледі.

Алқалы жиынды Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі ашып, Зәки Уәлиди Тоғанның ұрпақтары Сүбедей Тоған мен Исенбике Тоғанға сөз берді. Осы орайда профессор Сүбідей Тоған Зәки Уәлиди Тоғанның Башқұртстандағы және Мәскеудегі қызметі жайында, сондай-ақ 1917 жылдан кейінгі сапарлары жөнінде мол мағлұмат жеткізді.

1

Сондай-ақ қатысушылар түркі әлеміндегі тұғырлы тұлғаның ғылыми зерттеулері хақында, одан өзге Алаш-Орда, Түркістан автономиясы және XX ғасырдың басындағы ұлт зиялылары мен олардың Түркі әлеміндегі көрнекті ғалымдар және саясаткерлермен байланысы туралы тың әрі қызықты деректер айтты.

Жиынға Қазақстаннан қатысқан белгілі алаштанушы, көрнекті тарихшы-ғалым Мәмбет Қойгелдиев Зәки Уәлиде Тоғанның «Қазақ-Башқұрт» одағы туралы баяндады.

«Осы жиынға Зәки Уәлиди Тоғанның ұрпақтары қатысып отыр екен. Біз оларға үлкен сәлем жолдаймыз. 1920 жылы Зәки Уәлиди Тоған шетелге эммиграцияға аттанып бара жатып, башқұрт және қазақ достарына арнап хат жазады. Ол хатта «Біздің халықтардың басынан түрлі ауыр кезеңдер өткен. Біздің күрес Қарасақал, Батырша, Салауат, Абылай мен Кенесары жүргізген соғыстың жалғасы ретінде ұмытылмайтынына сенім білдіремін. Біздің ұлтымыз қайта жаңғыруды күтуге тиісті. Алла бізге қайта көрісуді жазбаса, біздің балаларымызға жазса екен» деген тілек айтқан. Зәки Уәлиди Тоғанның меніңше, бұл тілегі орындалды ғой деймін», деді ол.

1

Айта кетейік, Түркі жұртына танымал мемлекет және қоғам қайраткері, әйгілі тарихшы-ғалым Ахмет Зәки Уәлиди Тоған 1890 жылы қазіргі Башқұртстан Республикасына қарасты Ишимбай ауданында дүниеге келді. Ауыл мектебінде сауат ашып, медреседе тәлім алады. Мәшһүр Шехабиддин Маржанидің шәкірттерінен білімін толықтырады. Мұнда діни ілімдермен бірге тарих, әдебиет пәндерін оқып, түрік, араб, парсы және орыс тілдерін меңгеріп шықты. 1908 жылы Қазанға барып, Қасымия медресінде оқытушы болады. Осы жылдан бастап алғақшы танымды мақалары жарық көре бастады. Кейін төрт жыл уақыт салып, «Түрік татар тарихы» атты кітабы жарияланып, Қазан университеті жанындағы «Археология, тарих және этнология» қоғамына мүшелікке қабылданды.

Ал 1916 жылы саясатқа бет бұрады. Ресей мемлекеттік Думасының жанындағы «мұсылман» фракциясында хатшы болып қызмет атқарады. Ресейдің ішікі және сыртқы саясаттарының бағытын айқындауға үлкен септігін тигізетін Дума жұмыстарында белсенділік көрсетіп, көптеген саяси қайраткерлермен танысады. 1917 жылғы ақпан және қазан төңкерістері арасында Ресей мұсылмандары арасында ұйымдастырушылық қабілетімен, саяси қайраткерлігімен ерекше көзге түсті. Сол жылы бүкіл Ресей Құрушылар мәжілісінің мүшесі болып сайланды. Мәскеу, Петербор, Орынбор және Ташкент қалаларында өткен құрылтайларға қатысты. Одар әрі Еділ-Орал, Башқұртстан және Түркістан автономияларының құрылуына қатысып, тарихи оқиғалардың куәсі болды. Әуелі Башқұртстан автономиясының Қорғаныс министрі, кейін Бас қолбасшысы және мемлекет басшысы болып тағайындалады. Уфа, Самара, Орынбордағы мәжілістердің өтуіне атсалысады. Большевиктермен 18 ай істес болғаннан кейін Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысына қатысты.

1

Алайда 1923 Отанын тастап шығуға мәжбүр болған Зәки Уәлиди Ауғанстан, Үндістан арқылы Парижге барды. 1925 жылы Түркияға келіп Ыстанбұл университетінде профессор әрі «Иені Түркістан» журналының бас редакторы болды. 1935-37 жылдары Бонн, 1938-39 Готтинген университеттерінде құрметті профессор ретінде жұмыс істеді. Сол жылы Түркияға оралған Тоған, Ыстанбұлдағы білім ордасында қызметін одан әрі жалғастырады.