Спорт • 21 Ақпан, 2021

Спортшылар жеңісі – ел мерейі

1062 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Тоқсаныншы жылдардың басындағы еліміздегі экономикалық дағдарысқа қарамастан, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ спорт саласының дамуына қолайлы жағдай жасады. Соның нәтижесінде халықаралық ареналарда толағай табыстарға қол жеткізген жерлестеріміз әлемдік қауымдастық алдында абыройымыз бен мәртебемізді арттырды.

Спортшылар жеңісі – ел мерейі

Отандастарымыз Олимпия ойындары, әлем және құрлық чемпионаттары, әлем кубогы, Азия ойындары секілді аса ірі жарыстарда атой салды. Сонымен қатар бұқаралық спорттың қарыштап дамуына айрықша көңіл бөлінді. Ал ең бастысы, республика аумағында көптеген спорттық нысандар бой көтеріп, соның барлығы да бұл күндері ел игілігі үшін қызмет етіп келеді.  

Отандық спортты дамытудың және оның бұқаралық сипат алуының бірден-бір оңтайлы жолы – республика аумағында күллі әлем жұртшылығы назар аударатындай аса ірі кешенді жарыстар ұйымдастыру екенін Мемлекет басшысы сол кездің өзінде-ақ жақсы түсінді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында «Жоғары деңгейлі спорт жарыстары – саламатты өмір салтын, дене шынықтыру мен спортты насихаттайтын ең озық тәжірибенің бірі. Қазақстан тәуелсіздік жылдарында жалпыұлттық игілікке айналып үлгерген үздік спорттық жетістіктерге қол жеткізді. Спорт саласында табыстарға жетіп қана қоймай, спорт инфрақұрылымдарын дамытуда да алға қадам жасадық. ХХІ ғасырдың бірінші онжылдығында Қазақстан спорты өрлеу кезеңін басынан кешірді. Мемлекеттің ұдайы қолдауы мен спортшылардың ынта-жігері жоғары нәтижелердің кепілі болды» деп айтқан еді. Шынында да, Елбасы айтқандай, Қазақстан «спорт саласында табыстарға жетіп қана қоймай, спорт инфрақұрылымдарын дамытуда да алға қадам жасады».

Соның нәтижесінде, 2011 жылы Астана мен Алматыда VII қысқы Азия ойындары және 2017 жылы Алатау баурайында XXVIII қысқы Дүниежүзілік Универсиаданың алауы тұтанды. Міне, дәл сол тарихи оқиғаларға орай Қазақстанның ең ірі екі қаласында заман талабына сай спорттық ғимараттар салынып, айтулы нысандар ең соңғы үлгідегі технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталды. Енді соларға жеке-жеке тоқталайық.

 

НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ

«Астана Арена» стадионы. 2009 жылдың 3 маусымында пайдалануға берілді. Ол 30200 көрерменге есептелген. Бұл жобаға 182 млн АҚШ доллары жұмсалды. Стадионның өзіндік ерекшеліктері жеткілікті. Солардың арасындағы ең бастысы, ол  әлемдегі 10 мың шаршы метрден асатын жылжымалы шатырлы жүйесі бар санаулы ғана спорттық нысандардың бірі болып табылады. Шатыры небәрі 20 минут аралығында ашылып, жабылады. «Астана Арена» солтүстік, оңтүстік, батыс және шығыс деп аталатын төрт трибунадан тұрады. Алаңның аумағы 105х68 метрді құрайды. Табаны жасанды шөппен көмкерілген, ал орындықтары пластик материалдан жасалған.

«Алау» мұз сарайы. 8 мың көрерменді сыйдыра алатын айтулы кешен 2011 жылы ашылды. Ол коньки спортынан бәсекелер өткізуге бейімделген. Кешеннің жалпы аумағы 65 мың шаршы метрді құрайды. Ол жерде мұз айдыны мен трибуналардан (35 970 м²) бөлек, фитнесс-орталығы (4 200 м²), қонақүй (3 460 м²) және әкімшілік блогы (534 шаршы метр) бар.  

«Сарыарқа» республикалық велотрегі. Ол 2011 жылы пайдалануға беріліп, 9 270 көрерменге есептелген. Велошабандоздың бас киімі бейнесінде салынған кешеннің аумағы 20 мың шаршы метрді құрайды. Велотректен бөлек, ол жерде баскетбол мен волейбол алаңы, фитнесс-орталығы, бассейндер және тағы басқа залдар бар.

 

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ МЕН АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

«Алматы Арена» мұз сарайы. 2016 жылы салынды. Жалпы аумағы 9,96 гектар жерді алып жатыр. Үлкен аренасы 12 мың және кіші аренасы 3 мың адамды сыйдыра алатын алып кешеннің құрылыс жұмыстарына 38,5 млрд теңге жұмасалды. Ол жерде көптеген спорт түрлері бойынша жарыстардан бөлек, түрлі мәдени шара, концерт өткізуге болады.  

«Халық Арена» 2016 жылы салынды. Оны тұрғызуға қажетті қаражат 23,4 млрд теңгені құрады. Бұл кешен 3 200 көрерменге есептелген. Ол 11 гектар жерді алып жатыр. Ол үш блоктан тұрады – басты, көмекші және әкімшілік.

«Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндері кешені. 2010 жылы салынды. 5200 адамға есептелген. Ол екі бөліктен тұрады – жарыстар өткізетін және жаттығу жұмыстарын ұйымдастыратын.  

«Алатау» шаңғы-биатлон стадионы. Алматы облысы Талғар ауданының аумағында орналасқан кешен 2009 жылы салынды. Ол 3 100 көрерменге есептелген. Бұл жерде биатлон, шаңғы, шаңғы бағдарлаудан бәсекелер өткізуге болады.

Осыдан үш жыл бұрын Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Challenge Другой ты!» атты республикалық спорт шарасына қолдау көрсетіп, осы акцияның қатысушыларына бейнеүндеу жолдаған еді. Осы спорттық шараға арналған Елбасының үндеуі Facebook-тегі AkordaPress парақшасында жарияланды.

Бұл бастаманың мақсаты – еліміздің тұрғындары арасында дене шынықтыру мен саламатты өмір салтын насихаттау. Акция аясында отандық танымал спортшылардың, еліміздің мәдениет және масс-медиа өкілдерінің қатысуымен ашық жаттығулар өткізу жоспарланды. Осылайша, олар қазақстандықтарды дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға ынталандыратын болды.

«Құрметті отандастар! Спортпен шұғылдану, жаттығу жасау – саламатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі кепілі болып саналады. Денсаулығы мықты адам ғана бақытты өмір сүріп, биік мақсатқа қол жеткізе алады. Бүкіл адамзатқа белгілі қағида – байлық та емес, мансап та емес, бақыттың 90 пайызы денсаулықта жатыр. Әрбір азамат «шынықсаң, шымыр боласың» деген қағиданы берік ұстанғаны абзал. Мемлекет дене тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, спорт саласын дамытуға жағдай жасап келе жатқанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Барлық облыста стадиондар жөнге келтірілді. Теннистік кордтарды да салып жатырмыз. Қазір қалаларды аралап көрсеңіздер, әрбір ауданда, әрбір аулада, яғни барлық жерде кішкентай спорт алаңдары жасалып, сол жерде біздің жастарымыз денесін шынықтыруда», деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы орайда, Президент елімізде жаңа жаттығу залдары, фитнес орталықтары, спорт алаңдары салынып жатқанын, соның барлығы халықтың игілігіне қызмет етуге арналғанын айтты. «Жылдан-жылға спортпен тұрақты түрде шұғылданғандардың да қатары көбеюде. Мұның барлығы халықтың бәсекеге қабілеттігін арттыруға, Қазақстанды қуатты елге айналдыруға жол ашады. Көріп отырсыздар, біздің қанша спортшыларымыз дүниежүзілік додаларда жарысқа түсіп, жеңіске жетіп, «алтын», «күміс» медальдарды елге алып келуде. Осының барлығы көп жастардың спортпен шұғылданғанының арқасында. Бұл жұртшылықты саламатты өмір салтын ұстануға шақыратын ең сәтті бастама болып саналады. Сондықтан көпшілік тарапынан қолдау тауып, жігерлі жастарды тәрбиелеуге септігін тигізеді деп кәміл сенемін. Дені сау, өзі креативті әрі белсенді адамдар ғана елімізді дамытады, алға жетелейді. Осыны ұмытпаңыздар. Өздеріңіздің бақыттарыңыз да осы жолда қолдарыңызға келеді. Бұл игі шараға бастамашы болып, қолдау көрсеткен азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздерге зор денсаулық, толағай табыс тілеймін!», деді Елбасы.

Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында бұқаралық спортты дамыту туралы айтқан болатын. Онда «Өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажет» дей келіп, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Үкіметке және әкімдерге кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырған-ды. Сондай-ақ қолданыстағы, әсіресе мектептердегі спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, дене шынықтырумен айналысу үшін аулаларды, саябақтарды жабдықтауды міндеттеді. Бүгінде Қазақстанда спортпен шұғылданатын жандар қатары көбейіп жатса, мемлекет тарапынан жасалған осындай қамқорлықтың арқасында  мүмкін болып отыр деп айтуға болады. Қазір бүкіл еліміз бойынша саламатты өмір салтын ұстанатындар мен спортты серік еткендерге арналған жаттығу орындары, спорт нысандары жыл сайын көбейіп келеді.

Осыдан екі жыл бұрынғы дерекке ден қойсақ, республикадағы ірілі-ұсақты спорт нысанының саны 11 мың 400-ден асады екен. Оның 9311-і білім беру ұйымдарына тиесілі, ал қалғаны дене тәрбиесі мен спорттық бағытта салынған. Бұлардың қатарында 1500 орынға арналған стадиондар саны 269-ға жетті. Спорт сарайы 30, спорт кешендері 399, ал жүзу бассейндері 300-ден асады. Спорт залдары болса – 8469. Былтыр спорт нысандарын салуға пандемия кедергісін тигізсе, ал алдағы уақытта оның жалғасын табатыны сөзсіз.