Аймақтар • 23 Ақпан, 2021

«Шахнама» – музейдің шамшырағы

314 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жезқазған қаласындағы тарихи-археологиялық му­зейде сақтаулы тұрған бұл «Шахнама» кітабы келу­шілердің ерекше қызығу­шы­лығын тудыратын құн­ды жәдігердің бірі.

«Шахнама» – музейдің шамшырағы

Шығыстың әйгілі жеті шайы­рының бірі Фирдоуси жыр­лаған, әлем әдебиетінің үздік туындысы саналатын бұл кітап Мұхамедия Бәйменовтің жеке кітапханасында сақталып келген. Ал 2018 жылдың мамыр айында Жезқазған тарихи-архео­логиялық музейінің 40 жылдық мерейтойына байланысты өт­кізілген іс-шарада Мұхамедия ақсақалдың ұлы Әлихан Бәй­менов «Шахнама» кітабын музей қорына тарту етіпті.

Өткен ғасырдың басында Қарнақ, Шорнақ, Ақтас медре­селерінде оқып, діни білім ал­ған Мұхамедия Бәйменовтің өміртарихы тұнған тағылым. Кеңес заманының өзінде ол кісі Жезқазғанда мешіт ашу мәселесін батыл түрде көтеріп, партияның Орталық Комитетіне бір жарым жылдың ішінде 15 рет хат жазған екен. Алған бетінен қайтпаған қайсар жан табандылығының арқасында мақсатына қол жет­кізген: Мұхамедия Бәйменов мысты шаһарда тұңғыш мешітті салдырып, оның алғашқы имамы болады.

«Хижра бойынша шамамен 1329 жылы жарыққа шыққан бұл «Шахнама» кітабының пар­сы, шағатай және түрік тіл­дерінде жазылғанын анықтап, оқығандар – Жезқазған қала­сының бұрынғы бас имамы Мә­ди Смағұлов пен Алматы ме­шітінің қызметкері Әбдіқапар қа­ри» деген дерек келтіреді аталған музейдің басшысы Рау­шан Қапарова.

 

Қарағанды облысы,

Жезқазған қаласы