Қазақстан • 23 Ақпан, 2021

Басты назарда – елдің мұң-мұқтажы

253 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Технологияның қарыштап дамыған заманында әлеуметтік желілер билік басындағы тұлғаларды халыққа жақындата түскені анық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықпен байланыс құралын өзі қолданып қана қоймай, мемлекеттік қызметшілерге халықпен жақын болуды тапсырып, заманауи коммуникация құралдарын кеңінен қолдануға кеңес берген-ді.

Басты назарда – елдің мұң-мұқтажы

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Халықтың мәселесі күн тәртібінен түспейді

Әр өңірдегі түрлі деңгейдегі әкімдер мен басқарма басшылары әлеуметтік желілерге жаппай тіркелгені белгілі. Тіпті, тікелей эфирде халықпен тілдескендері де болды. Десе де, көбі әлі күнге дейін әлеуметтік желінің шектен тыс ашықтығынан жасқанатын секілді.

Осыдан екі жылға жуық уақыт бұрын Қ.Тоқаев Twitter парақшасында «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Темір жолды жағалап топ бала жүр» мақаласына назар аударған-ды. Президент «Сексеуіл кентінде 360 бала күнделікті мектепке бару үшін 13 рельсті кесіп өтетінін оқыдым. Бұл – өте өзекті мәселе. Оны шешу үшін Үкімет нақты шаралар қабылдауы қажет» деген қысқаша жазба жариялады. Нәтижесінде, Қызылорда облысының Сексеуіл кентінде басталған 300 балаға арналған мектеп құрылысы аяқталып қалды.

Биылғы оқу жылында тапсырылуы тиіс мектептің ашылуы пандемияға байланысты тоқтап тұр. Шенеуніктер Президенттің бақылауына алынған бұл өңірде тозығы жеткен аурухананың да барын ескерсе керек, мектеппен қатар жаңа аурухана құрылысына да кіріскен. Былтыр аяқталады деген құрылыс жұмыстары баяу жүріп жатқанға ұқсайды. Мұны жақында өңір басшысы халыққа есеп беру кездесуінде растап, аурухананы биыл қалайда іске қосатынын мәлімдеді.

Еліміздің шығыс өңірінде Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін «Қызыл ту» өткелі жұртты әбден әуре-сарсаңға салғаны белгілі. Бұл мәселе де Президент назарынан тыс қалған жоқ. «Egemen Qazaqstan» газетіне жарияланған мақаладан кейін ол Үкіметке Шығыс Қазақстан облысы әкімдігімен бірге Бұқтырма су қоймасына көпір салу үшін қаржы бөлу мәселесін қарастыруды тапсырды. Жақында шалғайда жатқан аудандарды облыс орталығымен байланыстыратын Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің құрылысы басталатыны мәлім болды. Халықтың елу жыл күткен арманы орындалатын күн де алыс емес.

Қ.Тоқаевтың әлеуметтік желілер арқылы елдің тыныс-тіршілігінен жан-жақты хабардар болып отыруы қызметінің ажырамас бөлігіне айналды. Қоғамда қызу талқыланып жатқан «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы да Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Жауапты органдарға жоба нормаларын мұқият қарап, барлық пікірді ескеру тапсырылды. Осы секілді мысалдар Президенттің екі жылға жуық тәжірибесінде жетерлік.

Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли «Egemen Qazaqstan»-ға берген сұхбатында Қасым-Жомарт Кемелұлының әлеуметтік желі арқылы тапсырма беруді қолайлы санайтынын айтқан еді. «Бұл – Президенттің қоғамдағы болып жатқан әр проблеманы естіп, біліп, көріп отырғанының белгісі. Мұндай жұмыс стилі уақыт үнемдеу тұрғысынан өте тиімді екенін көрсетті. Себебі берілген тапсырмалар дер кезінде назарға алынып, тиісті шешімін табады», деді Б.Уәли.

Қазақстан Президенті халықты толғандырған кез келген мәселенің  назардан тыс қалмайтынын айтып, олардың күн тәртібінен түспейтінін ісімен дәлелдеп те жүр. 

Өркениет өлшемі

Президент тапсырмаларына оралатын болсақ, осыған дейін саяси реформалардың екі пакеті ұсынылған еді.  Реформалардың алғашқы пакеті 2019 жылы 20 желтоқсанда таныстырылып, ол арқылы партияны тіркеу жеңілдеп, әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота берілді. Парламенттік оппозиция институты енгізілді. Қылмыстық кодекстің 130-бабын декриминализациялау және 174-бабын ізгілендіру іске асты. Митингілер туралы заң қабылданды. Саяси реформалардың екінші пакетін Мемлекет басшысы 2020 жылы 1 қыркүйекте жария етті. Президент ауыл әкімдерін сайлау керегін айтты. Сондай-ақ онлайн-петициялар үшін бірыңғай институт құруды тапсырды. Азаптауға, адам саудасына қарсы іс-қимыл және азаматтарды кибербұзушылықтан қорғау үшін заңнаманы жетілдіру керегін жеткізді.

Дегенмен кейбір мәселелер әлі де орындалмай келе жатқанын байқауға болады. Мәселен, Президент Ұлттық кеңестің екінші отырысында осыдан бір жыл бұрын ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мәселесін көтерген еді. Алайда жергілікті билік өкілдері жағдайды әлі де игере алмай келеді. Нәтижесінде, Мемлекет басшысы жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында жайылымдар мәселесіне арнайы тоқталды. Парламент Мәжілісінің VI шақырылым депутаты Жексенбай Дүйсебаев «Жайылымдар туралы» заңда көрсетілген нормалар сақталғанда мұндай мәселе туындамас еді деген пікірде. Ол заң бойынша малы жоқ шаруашылықтардың жайылымдық жерін тартып алуға болатынын, ал жергілікті атқарушы орган құжатқа пысқырып та қарамайтынын айтады. Жалпы, қордаланған мәселелердің кейбірі осы секілді биліктің шара қолданбауынан туындауы ғажап емес. Құқықтық негіз бар, алайда орындаушылар оған мән бермейді.

Білім беру саласында да біраз өзгерістер болды. Президент бастамаларының бірқатары бірден күшіне енсе, кейбір ұзақ мерзімді жобалар енді жүзеге аспақ.  Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін 650 мыңнан аса орынды қамтитын 800 мектеп, ауылдағы кейбір мектептер үшін 114 интернат, 700-ден аса спорт залын салу, мектептерді бейнебақылау жүйесімен жабдықтап, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заманауи санитарлық талаптарға сай жағдай жасау, бес жыл ішінде кемі 90 мың орынға арналған жатақхана салу секілді мәселелерді көтерді. Бұл жоспарларды жүзеге асыру үшін білім беру саласы үлкен өзгерістерді қажет ететіні сөзсіз. Одан бөлек Қ.Тоқаевтың болашақ педагогтердің шәкіртақысын 26 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін көтеру, докторанттардың стипендиясын 150 мың теңгеге дейін көбейту секілді тапсырмалары қыркүйектен бастап жүзеге аса бастағанын айта кеткен жөн. Дегенмен  жыл сайын кемі 100 ғалымның әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуіне қаржы бөлу мәселесі пандемияға байланысты тұралап қалғанға ұқсайды. Ұлттық университеттердің докторанттары шетелдік тағылымдамаға шығуға рұқсат ала алмай әуреге түсіп жүр.

Биылғы жақсы жаңалықтарының бірі – азаматтардың зейнетақы жинағын тұрғын үй жағдайын жақсартуға қолдана алуы болды. Көптен бері талқыланып келген бастаманың нәтижесінде 18 ақпандағы жағдай бойынша БЖЗҚ-ға 142 951 өтініш келіп түскен екен. Оның ішінде жалпы сомасы 520 млрд теңге болатын 96 602 адамның өтініші қабылданған. Қаржы азаматтардың арнайы шотына жіберілген. Баспаналы болуды қалаған азаматтардың үміті артынша су сепкендей сейілді. Өйткені зейнетақы жинағының бір бөлігін қолдануға болатыны туралы хабардан кейін елде баспана бағасы өсе бастаған. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғариннің айтуынша, 2020 жылғы қыркүйектен бастап 2021 жылғы қаңтар аралығындағы кезеңде бастапқы тұрғын үй нарығындағы бағалар 5 пайызға өскен. Ал 2019 және 2020 жылдардың дәл осындай кезеңінде бұл көрсеткіш 3 пайыздан аспаған. Маман мұны сұраныстың күрт артуымен байланыстырып отыр. Ел Президенті Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы мәселеге қатысты тапсырма берді. Президенттің пікірінше, мемлекеттік органдар тұрғындар мен құрылыс компанияларының басшыларына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, нарықтағы алып-сатарлық операцияларға шектеу қоюы керек. Үкіметке екі апта ішінде тұрғын үй саясатын жетілдіру бойынша жаңа ұсыныстар топтамасын енгізу туралы тапсырма берілген-ді.

Осыған орай күні кеше Үкімет отырысында елдегі тұрғын үй саясатына жаңа тәсілдер енгізу мәселесі қаралып, бірқатар шаралар ұсынылды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасы дайындалғанын мәлімдеді.

Мемлекет басшысының екі жылға жуық уақыт ішінде атқарған қызметі Қазақстанды дәулетті де демократиялық елдердің қатарынан көрінуге жасалып жатқан қадам деп бағалауға болады. Қасым-Жомарт Кемелұлы қабылдаған  парасатты шешімдерінен өркениет өлшемі менмұндалайтыны анық.

Бозжыра: күдік пен үміт

«Табиғатты қорғау – мемлекеттік маңызы зор іс» деп атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоршаған ортаны қорғау саласына айрықша көңіл бөлетіні белгілі. Осыған дейін Мемлекет басшысы қоғамда қызу талқыға түскен Көкжайлау курортының құрылысына, ағаштарды отауға, Көбейтұздың ластануына, Бозжырадағы қонақүй құрылысына қатысты ұстанымын нақты көрсеткен еді.

Президент 2019 жылы Алматының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте өңірдің экологиялық ахуалына алаңдайтынын байқатқан. Алма ағаштарын аяусыз отауға жол берген шенділерді сынап, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Қожағапановқа «Көктөбе» жартастарында болған көшеттерді лақтырып тастау дерегіне қатысты сөгіс те жариялаған болатын. Сол жиында Алматының әйгілі апортын жаңғыртуды тапсырған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 2012-2018 жылдар аралығында 728,8 гектар жерге апорт сортын отырғызған 214 шаруашылыққа жергілікті бюджет қаражаты есебінен 670,4 млн теңге субсидия берілген екен. Нәтижесінде, «Апорт» алмасы бағының көлемі 2000 га жетсе, ал көшет саны 416 мың дананы құраған.

Одан бөлек Мемлекет басшысы осы жиында экологтардың пікірін алға тарта отырып, Көкжайлауда  тау-шаңғы курортын салу жобасымен айналысуға тыйым салды. Осылайша бірнеше жылға созылған даулы мәселенің нүктесін Президент қойған. Азаматтардың табиғи демалыс орындарындағы жаппай мәдениетсіздігі де еліміздегі жиі айтылатын сындардың біріне айналды. Пандемия кезінде Ақмола облысындағы Көбейтұз көліне ағылған келушілердің әрекеттері жұртшылықты ашуға булықтырды деуге де болар. Осыған байланысты Қ.Тоқаев бұл оқиғаның өскелең ұрпаққа жүргізілетін экологиялық ағарту жұмыстарының түйткілдерін ашып беріп, білім, экология, ақпарат министрліктеріне бұл мәселені жұмыстарының басым бағыты ретінде қарастыруы керек екені айтылды. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өз сұхбатында Мемлекет басшысы экологиялық ағарту жұмыстарына ерекше мән беретінін атап өткен-ді.

Жақында қоғамды дүрліктірген тағы бір мәселе – Маңғыстау облысындағы Бозжыра қорығы аумағындағы қонақүйдің құрылысы болған. Президент халықтың қарсылығын тудырған жобаны қайта қарау жөнінде тапсырма берді. Алайда Бозжыраның жыры әлі де таусылар емес. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы қаншалықты орындалатыны болашақтың еншісінде, әлі күнге  инвесторлар бір жақ, жергілікті халық бір жақ болып, мәселенің түйіні толыққанды тарқатылмай тұр.

Жақында ғана Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қ.Тоқаев экология мәселесі Үкімет пен қоғамның ұдайы бақылауында болуы керек екенін тағы  да айтты. Экология саласында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен тиімділігін қоғамдық бақылауда ұстау қажеттілігі де көтерілді. Бұл мақсатта интерактивті карта дайындалатын болады. Сондай-ақ Президент Үкіметке 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын әзірлеуді тапсырды.

Ел Президентінің халықты алаңдатқан мәселені шешу жолдарын табуды тапсыруы жұмыстың жартысы ғана болса, оның орындалуы мен жүзеге асуы келесі түйткілді мәселе. Байқағанымыздай, Үкімет пен жергілікті атқарушы билік өз міндеттерін әрдайым уақтылы әрі тиімді орындай бермейтіні көзге ұрып тұрады. Бұл ретте мемлекеттік басқару жүйесінің үйлесімді жұмыс атқаруы табанды еңбек пен өзгерісті қажет етеді.