Аймақтар • 26 Ақпан, 2021

Әр суретте – өмір сәулесі

775 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы Балалар көркемсурет мекте­бінде осы білім ұясының ұстазы, суретші Алтын Қисаме­динованың «Әр суретте – өмір сәулесі» атты жеке көр­месі өтті. Көрмеге «Қазақ әйелдері», «Менің қалам», «Қала көшелері, «Алматы» және Үлкен Алматы көлінің жа­нындағы табиғат көріністеріне арналған 20-дан астам сурет қойылған.

Әр суретте – өмір сәулесі

Өзіміз көргендей, сурет көр­месіне «Әр суретте – өмір сәу­лесі» тақыры­бын­дағы қа­зақ әйел­­дерінің түрлі пор­трет­тері, ғи­ма­раттар, тау және ландшафттар, табиғат көрі­ністері бейнеленген жұ­мыстар қойы­лыпты.

 Портреттерде ұлттық киім­­дегі қазақ қыздарының бей­нелері ұсынылған. Бұлар ар­қылы автордың қазақ әйелдерінің жан дү­ние сұлулығын, нәзіктігін, мейірім­ділігін көрсеткені бай­қалады.

Өзінің айтуынша, ол көбі­несе майлы кескіндеме, пастель сияқ­ты графикалық тех­ни­када жұ­мыс істейді. Майлы бояу­мен салын­ған «Ал­маты», «Пав­лодар» бөлі­міндегі картина­лары да ерекше тәсілмен бей­неленіпті.

– Алматы тақырыбына кел­сек, 2015 жылы бір топ сурет­шімен бірге осы қала маңындағы тау ішінде, бақ­тарда болып, табиғатты тама­шалаған едік. Суретші үшін бұл шығармашылық шабыт тудыратын көркем көріністер ғой. Бізге сол жо­лы Үлкен Алматы көлінің ма­ңайын­да этюдтер, эскиздер, фото материалдар негізінде сурет салуға мүмкіндік берілді. Нобайлар акварельмен, гуашпен жазылды, одан әрі осы эскиздер негізінде суреттемелер жасалды, ал осы суреттемелер майлы кескіндеме техникасында кенепте орындалды, – дейді Алтын Ибрайқызы.

Суретші Алтын Қисаме­дино­ваның «Ке­реку – Павлодар» атты 30-ға жу­ық суреті бар, ал бұл көр­меден облыс ор­та­лығының ескі аума­ғына ар­налған «Чехов дра­ма театры», «Көне қаланың күзі», «Алю­мин­строй ауданы», «Саяжай ша­­ғын ауданы», «Қар­лы қыс» тақы­рыбын­дағы сурет­терімен таныстық.

Алтын Ибрайқызы Семейдегі педа­го­ги­­ка­лық институттың мектеп­тердегі көр­­кем­сурет пәні­нің мұғалімдерін даяр­лай­­тын бөлімін бітірген. Кіш­кентайынан Ертіс өзенінің жағасында туып-өскен қыз су­рет­ші болсам деген арманын осылай жүзеге асырды. Оқу бітірген соң, Павлодарға қайта оралып мектептерде, колледж­дерде оқу­шы­ларға, студенттерге сабақ берді. Сурет­ші та­лантты шәкірттер тәрбиеледі.

 

Павлодар