Қоғам • 01 Наурыз, 2021

Бірлік – кемел келешегіміздің кепілі

232 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бәрімізге белгілі, биыл қастерлі де қасиетті тәуелсіздігімізге отыз жыл толады. Жыл аяғына дейін республика көлемінде ұйымдастырылатын үлкенді-кішілі сан алуан саяси-әлеуметтік, мәдени шаралардың барлығы да осы тәуелсіздік деген ұлағатты да ұлы ұғымның мәртебесін биікке көтеріп, ұрпақ санасына берік орнықтыруға үлесін қосса нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

Бірлік – кемел келешегіміздің кепілі

Еліміздегі әртүрлі қоғамдық-саяси ұйымдар мен мемлекет­тік мекеме, кәсіпорындардың бар­лығы да осынау жауапты мін­деттің биік деңгейінен көрін­се екен дейміз. Бұл орайда Қазақ­стан халқы Ассамблеясына да жүктелер міндет пен артылар сенімнің жүгі аса ауқымды екені баршамызға аян.

Қазақстан Республи­ка­сы­ның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» га­зеті­нің биылғы жыл басындағы санында жариялаған «Тәуелсіздік бәрі­нен қымбат» бағдарламалық мақаласында: «Бізді қай заманда да қиындықтардан аман алып келе жатқан басты құдірет – ел бірлігі. Ынтымағы жарасқан жұрт­тың қашанда ұпайы түгел. Түрлі жағдайларға байланысты қазақ жеріне әр кезеңде әртүр­лі ұлт өкілдері көптеп қоныс­танды. Қазақ халқы ешкімді жат көрмей, бауырына бас­ты. Бүгінде олардың туған жері де, Отаны да – Қазақстан. Біз көп этностық сипатымызды артықшылыққа айналдыра алғанымыз анық. Көпте­ген шетелдік сарапшының елімізге қатысты «Еуразиядағы шырпы тисе лап еткелі тұрған қурай», «failed state» сияқты болжамдарын жоққа шығардық. Бұл жолда тыныштық пен тұрақ­ты­лықтың бастауы болған Қазақ­стан халқы Ассамблеясы тиімді жұмыс атқарды. Ешкімді ұлтына қарап бөле-жарған жоқпыз. Бәрі­нің өсіп-өнуіне толық жағдай жаса­дық, бірдей мүмкіндік бер­дік. Біздің ұлтаралық келісім сая­саты­мыз әлемді мойындатты. Хал­қы­мыздың осындай ырыс-ын­ты­маққа негізделген жарасымын бағалай білуіміз керек. Бұл – кемел келешекке бастайтын бір­ден-бір дұрыс жол», деп жазды.

Иә, тәуелсіздігіміздің тұғы­рын нықтап, этносаралық ынты­мағымызды нығайтқан да осы бірлігіміз екенін бүгінде бәріміз жақсы білеміз. Тәуелсіздігіміздің отыз жылы ішінде бірлігі жарас­қан ел, достық пен ынты­маққа арқа сүйеген мемлекет ретінде әлем картасынан ойып тұрып орын алғанымыз төрткүл дүние мойындаған шындық.

Зер салып бағамдар бол­сақ, бірліктің де, ынтымақ пен тату­лықтың да негізінде адам мен адамның бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен сыйлас­тығы жатқан жоқ па! Соңғы жыл­дары елімізде атап өтіле бас­та­ған Алғыс айту күні де осынау баға жетпес асыл қазы­намыз татулығымызды нығай­туға, бірлігімізді бекемдеуге айтарлықтай септігін тигізе бас­тағаны ақиқат.

Қазақстан Республикасы­ның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздігіміздің алғашқы бес жылдығына берген бағасында: «...Мұндай тағдыр жер бетіндегі халықтардың бәрінің маңдайына жазыла бермейді, қысқа ғана уақыт аралығында осыншама күрделі міндеттерді шешу де кез келген халықтың қолынан келмейді. Өзіміздің қуатты мемлекеттігімізді құра отырып, ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылықты сақтап қалу ХХІ ғасырдың табалдырығындағы біздің міндетімізді осылай тұ­жырып айтуға болар еді», деген болатын. Бүгінде сан алуан күрделі міндеттерді халқы­мыздың ауызбіршілігі мен тату­лығының арқасында шешіп, мем­лекеттік сарабдал ше­шім­дер негізінде саяси тұ­рақ­тылы­ғымызды сақтап отыр­ғанымыз баршаға аян.

Жоғарыда сөз болған әйгілі мақаласында Мемлекет басшысы  халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дәріптеп, ой-санаға берік орнықтыруымыз керектігін айта келіп, «Мысалы, Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады» деп тұжырған еді. Бүгін бүкіл еліміз болып атап өтіп жатқан Алғыс айту күні де осындай құндылықтарымыздың ажырамас бөлшегі екені рас.

Халқын ортақ жеңістер мен берекелі  игіліктерге бастай­т­ын кез келген азаматтық қоғам­­ның басты мақсаты – ел іргесі­нің шайқалмауы, ел-жұрт сені­мінің сетінемеуі. Осы жолда өт­к­енімізді дұрыс бағалап, тарихы­мыздан сабақ алып, нұрлы болашаққа қарышты қадам жасау әр қазақстандықтың аза­мат­тық парызы. Мұндай қадам бүгінгідей бейбіт күнге жеткізген тағдырымызға алғыс айтудан басталғаны жөн деп білеміз.

 

Закиржан КУЗИЕВ,

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары