Экономика • 02 Наурыз, 2021

Сенгеніміз – шетел валютасы...

309 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұлттық банктің дерегі бойынша, доллармен сақталған депо­зиттің үлесі былтыр 37,3%-ға төмендеген. Бұл – 2013 жыл­дан бергі ең төменгі көрсеткіш. Ал айырбастау пункт­терін­дегі дол­лардың нетто сатылымының жылдық көле­мі 2020 жылы 4 млрд долларға дейін түскен, яғни 2019 жыл­мен салыстырғанда 14%-ға төмендеген. Дегенмен де қазақ­стандықтар тірнектеп жинаған ақшасын теңгеден гөрі дол­лармен сақтағанды жөн көреді екен.

Сенгеніміз – шетел валютасы...

Теңге тегеурінді болмай тұр

Былтырғы наурызда доллар бағамы шарықтау шегіне жетіп, бір доллар 447 теңгеге көтерілгені белгілі. Осылайша, бір-ақ айдың ішінде ұлттық валютамыз бірден 60 теңгеге құлдырап кетті. Ал қазір жағдай біршама тұрақталғанымен экономикалық ахуалымыз әлденіп кете қойған жоқ. «Теңгенің құнсыздануы, коронавирус пандемиясының өршуі, сатып алу қабілетінің төмендеуі қазақстандықтардың тұрмыс-тіршілігіне ғана емес, ақшалай қор жинау қабілетіне де әсер етті», дейді Freedom Finance Life өмірді сақтандыру компаниясының мамандары. Олардың дерегінше, 2020 жыл­дың аяғында қазақстандықтар­дың банктегі шоттарында 10,9 трлн теңгеден аса қаражат жинақталса, оның 77,5%-ы, яғни 8,4 трлн теңгесі мерзімді салымдар үлесіне тиеді екен. Бір сөзбен айтқанда, азаматтардың көбі жинаған ақшасын ішінара алуға болатын депозитке салған. Ал осы қаржының басым бөлігі шетел валютасымен тұр. «Сарапшыларымыз зерттеу жүргізген кезде еліміздің қай өңірі шетел валютасына көбірек сенім артатынын анық­тауға тырысты. Біздің сараптама­мыз бойынша шетел валютасына алматылықтар ерекше сене­ді. Осы өңірдегі жинағы бар тұрғын­дар­дың 55,4%-ы ақшасын еуромен және доллармен сақтаған. Жал­пы, алматылықтардың мер­зім­ді, жинақты және талап етіл­мелі салымдарында 4 трлн тең­геден аса қаржы жатыр. Бұл – республикадағы ең жоғары көр­сеткіш және елдегі барлық салым­ның 44%-ы», дейді атал­ған компания өкілдері. Нақты­рақ айтсақ, алматылық әр салымшы­ның депозитінде орташа есеппен 2 млн теңге болса, оның 1,1 млн-ы – шетел валютасында, қалған 900 мы­ңы ғана теңгемен сақталған екен.

Шетел валютасына сенім артатындар рейтингісінде Нұр-Сұлтан қаласының тұр­ғын­дары екінші орында тұр. Елордалықтардың шотындағы қаржының 46%-ы шетел валютасында сақталған. Бұл − 527 млрд теңге деген сөз. Бұдан кейін Атырау облысы – 36,3% (89 млрд теңге), төртінші орында Маңғыстау облысы – 32,6% (74 млрд теңге) және одан кейінгі Батыс Қазақстан облысы 30% жинағын (79 млрд теңге) шетел валютасында сақтап қойған. Шетел валютасындағы ең аз салым Түркістан облысында 16,6% (8 млрд теңге).

 

Ақшаны қандай валютада сақтау керек?

Ұлттық валютаның тұрақ­сыздығы халықтың оған деген сеніміне селкеу түсіргені рас. Банкте депозит ашқысы келетін кез келген адам ақшасын қандай валютада сақтайтынын білмей, абдырайтыны бар. Осыған байланысты пікір білдірген Freedom Finance Life компаниясының сарапшылары ақшаны бір ғана валютада ұстау қауіпті деп санайды. Ең дұрысы – салымды әртүрлі валютада сақтау. «Егер салым үш түрлі валютада сақталса, адам ұтыла қоймайды. Өйткені валюталар бірін-бірі толықтырып отырады. Мысалы, доллар мен еуроның құны өссе, олардың қымбаттауы теңгенің құнсыздану орнын толтырады. Керісінше, теңге өсіп, доллар құнсызданса да теңгенің молайған қоры доллардың арзандағанын білдірмей тұрады», дейді сарапшылар.

Мамандардың айтуынша, салымды қандай валюта­да сақтауды анықтау үшін оның пайдалану мерзіміне де көңіл аудару керек. Егер салымды көп ұзамай пайдаланатын бол­саңыз, онда теңге дұрыс. Ал ұзақ­мерзімді депозитті доллармен сақтаған тиімді. «Депозитке ақша жинаған кезде барлық валютаны аралас қолданған абзал. Теңге – қысқамерзімді мақ­сат­тарға және ағымдағы шы­ғын­дарға, ал доллар мен еуро – ұзақ­мерзімді мақсаттар үшін пайдалы. Валюталардың пропор­ция­лары әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, жинағыңыздың 10-20%-ын теңгемен, 30-40%-ын доллармен, 40-50%-ын еуромен сақтаған жөн. Ең тұрақты валюта да еуро болып тұр. Міне, осылайша, ақшаңызды валютаның құнсыздануынан мейлінше қорғай аласыз» дейді Freedom Finance Life мамандары.

 

Депозиттен гөрі сақтандыру құралы дұрыс

Артық ақшасын үйінде ұс­тай­тын адамдар әлі де барын ешкім жоққа шығармас. Деген­мен де қазақстандықтардың көбі жинағын банкке сақтағанды жөн көреді. Бірақ қаржы нары­ғын зерттеп жүрген мамандар қаржыны депозитте сақтаған аса тиімді емес деген пікірде. Сарапшылардың айтуынша, депозит пайызы салымды инфляциядан сақтап қалуы мүмкін, бірақ салымшыға аса пайдалы емес. «Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2020 жылдың ресми инфляциясы 7,5%-ды құраған, азық-түлік­тің бағасы 11,3%-ға көтерілді. Ал депозиттің үстіне беретін банктің сыйақысы әрі кеткенде 13% деп есептесек, бұл ұзақ­мер­зімді табыс көзі бола алмайды. Тіпті шетел валютасымен сақталған қаржының өзі жоғары кіріс әкелмейді», делін­ген Freedom Finance Life маман­дарының мәліметінде.

Ал салымыңыз босқа тұрмай, өзіңізге қосымша табыс әкелу үшін не істеу керек? Сарапшы­лар ақшаны банк депозитінен гөрі қор нарығына немесе өмірді сақ­тандыратын компанияларға сал­ған тиімді дейді. Әлбетте, қар­жысын қор нарығына беруге біз­дің азаматтар әлі дайын емес. Есесіне, өмірді сақтандыру­дың жи­нақ­таушы қоры − айтарлық­тай табыс әкелетін қаржы тетігі көрінеді.

«Адам өмірін сақтандыра­тын компаниялар елімізде көп­теп ашылып жатыр. Бұл – халық­ара­лық тәжірибеде бар құбылыс. Еуропалықтар, дамыған елдер оған баяғыда өткен. Мұндай компаниялар салымшының жинағын ғана емес, өмірін де сақтандырады. Ал азаматтар өз кезегінде қар­жысын да көбейтіп ала алады: шетел валютасындағы салымның максималды табыстылығы доллармен − 4%, еуромен 1,5%-ды құрайды», дейді Freedom Finance Life мамандары.