Руханият • 04 Наурыз, 2021

Жаңа басылым – жақсылықтың жаршысы

355 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақ баспасөзінің қатары тағы бір жаңа газетпен толықты. Қарағанды қаласынан  «Qaraǵandy habary» апталық газеті 4 наурыз күні алғашқы санын шығарды. Айта кетейік, жаңа басылымның тұңғыш нөмірі қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханұлының туған күніне орай жарияланып отыр.

Жаңа басылым – жақсылықтың жаршысы

«Кент» баспаүйіне қарасты қалалық қоғамдық-саяси апталықтың негізгі құрылтайшысы – меценат Бақтыбай Жүнісов. Бас редакторы – Ләззат Қожахмет. Жаңа газет 8-12 бет аралығында айына төрт рет басылып шығады. Ал тираж саны 10 000 данаға дейін көбейтілмек.

Осы уақытқа дейін Қарағандыда бірде-бір қазақтілді қалалық газет болған жоқ. Тіпті, бұл мәселе талай рет қоғамдық талқыға түскен болатын. Қарағандылықтардың көптен күткен қуанышты жаңалығының мән-жайын баспаүй құрылтайшысы Бақтыбай Жүнісовтен сұрап көрдік. «Бірде жігіттер «Карагандинские вести» газетінің қазақша нұсқасын шығару идеясын ұсынды. Өйткені, 500 мыңнан астам халқы бар Қарағандының қалалық газеті жоқ еді. Ақылдаса келе осы «Qaraǵandy habary» апталығын шығара бастадық. «Тіл – алтын көпір» деген дана халқымыз. Жалпы, кез келген басылымның негізгі мұраты – ана тіліміздің кеңістігін кеңейту болса керек. Жаңа газетіміз де осы игі мақсатта жұмыс істемек», деді меценат. Айта кетейік, дәл осы «Кент» баспаүйінен «Арқа ақшамы» облыстық газеті шығып келеді. Бұл – біраз уақыт бұрын көбінесе орыс ақпарат құралдары шығып тұрған Қарағанды баспасөзі бүгінде қазақыланып жатқандығының белгісі.

Қазақ руханиятының айдынына енді қосылған жаңа басылымның оқырманы көп болсын дейміз.