Спорт • 10 Наурыз, 2021

«Тобыл» – тұңғыш жеңімпаз

107 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстанның жаңа маусымы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен облыс орталығына айналып, қайта түрленген Түркістан өңірінде бастау алды. Жуырда ғана ел игілігіне пайдалануға берілген «Түркістан Арена» стадионында еліміздің ең үздік деген төрт командасы бас қосып, биылдан бастап жаңа форматта ұйымдастырылған футболдан Қазақстан Суперкубогын сарапқа салды.

«Тобыл» – тұңғыш жеңімпаз

Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы Суперкубок ойы­нын өткізу үшін Түркістан өңірін бекерге таңдап алған жоқ. Өйткені алдағы уақытта бұл аймақ Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан кейін ұлттық құрама мен ха­лық­аралық ірі турнирлерді қабыл­дайтын үшінші қалаға айна­латыны сөзсіз. Сол үшін де лига басшылығы маңызды дода­лар алдында Түркістанда осын­дай турнир ұйымдастырып, ста­дионның, өңірдің дайындығын бір тексеріп алмақшы болса керек. Оның үстіне еліміздің өзге ай­мақ­тарына қарағанда, дәл қазір Түркістанның ауа райы футбол ойнауға ең қолайлы аймақ болып тұр. Сонымен қатар УЕФА талап­тарына сай соғылған жаңа стадионның ашылу салтанаты дәл осы шараға орайластырылды.

Биылдан бастап ел чемпионатына қатысатын командалардың санымен қоса, географиялық ай­мағы да кеңейіп жатқаны бар­шаға белгілі. Былтыр бірінші ли­гада үшінші орын алып, биыл премьер-лигада өнер көрсетуге мүмкіндік берілген жергілікті «Арыс» клубы атауын өзгертіп, ел чемпионатында «Тұран» деген атаумен Түркістан облысының намысын қорғайды.

Сонымен, Суперкубок ойын­дарына тоқталсақ. Былтыр пан­демияға байланысты футболдан Қазақстан біріншілігі екі рет кейінге шегеріліп, кейіннен бір аймақта ұйымдастырылған еді. Ал Қазақстан кубогы жолындағы жарыс карантинге байланыс­ты өткізілген жоқ. Әдетте Су­пер­кубок бәсекесін ел чемпионы мен Қазақстан кубогының же­ңімпазы сарапқа салуы керек болатын. Бірақ Қазақстан кубогы жарысы болмағандықтан, ұйымдастырушылар Супер­ку­боктың форматын өзгертіп, турнирге ішкі біріншілікте алғашқы төрт орын алған командаларды қатыстырды.

 Бұған дейін жазғанымыздай, турнирдің финалына былтырғы ел чемпионатының қола жүл­дегері, Суперкубоктың бес дүр­кін жеңімпазы «Астана» мен 2020 жылғы біріншіліктің күміс медаль иегері «Тобыл» команда­лары шықты. Алғашқы жартылай финалда елордалық ұжым Қарағандының «Шахтерінен» 2:0 есебімен басым түссе, екінші жартылай финалда Қостанайдың командасы былтырғы Қазақстан чемпионы алматылық «Қайратты» ойын соңындағы пенальти сериясында жеңіп кетті.

«Тобыл» мен «Астана» ара­сындағы финалдық матч та өте тартысты өтті. Жартылай финал­дағы «Қайратқа» қарсы өткен ойындағыдай қостанайлықтар бұл жолы да кездесудің есебін бірінші болып ашты. 14-минутта Серікжан Мұжықовтың бұрыштамадан асырған пасына бірінші болып жеткен қорғаушы Сергей Малый баспен гол соғып, командасын алға шығарды. Голдан кейін «Тобыл» ойыншылары көбіне қарымта шабуылға иек артып, қорғанысқа баса мəн беріп, аса сақтықпен ойнады. Ал «Астана» керісінше, бірінші тайм соңына дейін есепті теңестіру үшін қорғанысты ұмытып, бүкіл ұжым болып алға ұмтылды. Бірақ онысынан түк шықпады. «Тобылдың» қорғаушылары мен қақпашысы Александр Мокин Марин То­масов пен Тигран Барсегянның соққыларына лайықты қарсылық көрсетті. Сөйтіп бірінші таймда есеп өзгеріссіз қалды.

Кездесудің екінші бөлігінде де астаналықтардың басымдығы байқалып тұрды. 45 минут бойы «Тобылдың» айып алаңына қауіп төндіріп, дүркін-дүркін ша­буылдағанымен, «Астана» ойыншылары Александр Мокин қорғаған қақпадан саңылау таба алмады. Матч соңындағы кезекті қарымта шабуылдың бірінде «То­был» қорғаушысы Сұлтан Әбіл­ғазы Роман Мұртазаевқа қарсы ойын тәртібін бұзып, төреші қостанайлықтардың қақпасына айып добын белгіледі. Гол соғып, есепті теңестіру үшін берілген соңғы мүмкіндік екенін түсінген Марин Томасов 90-минутта айып добын сәтті орындап, таразы басын теңестіріп кетті. Сөйтіп кездесу ойын соңындағы пенальти сериясына ұласты.

Пенальти сериясында Алек­сандр Мокин Роман Мұрта­заевтың соққысын тосып, коман­дасына жеңіс сыйлады. «Лоте­реяда» 5:4 есебімен жеңіске жеткен «Тобылдың» асығы алшысынан түсті. Осылайша, Григорий Бабаян шәкірттері жаңа форматта ұйымдастырылған биылғы Қазақстан Суперкубогының тұңғыш жеңімпазы деген атаққа ие болды. Бұған дейін өткізілген Суперкубоктың үш рет финалына шыққан «Тобыл» үшеуінде де бас жүлде үшін өткен ойында жеңіліп, кубоктан құр қалған-ды. Міне, биыл жылды сәтті бастап, алғашқы Суперкубогына қол жеткізді. Сонымен қатар бұл – бас бапкер Григорий Бабаянның да «Тобылға» келгелі бері ең алғашқы кубогы.

Пенальти сериясында жолы болмаған «Астана» турнирдің күміс жүлдесін қанағат тұтты. Ал үшінші орын үшін өткен ойында Алматының «Қайраты» Қарағандының «Шахтерімен» кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Бас жүлдені олжалаған «Тобыл» клубы Қазақстан Супер­кубогы мен 25 млн теңге иеленсе, финалға шыққан «Астана» 15 миллион теңге алды. Қола жүл­дегер атанған «Қайратқа» 5 миллион теңге тапсырылды.

Осылайша Суперкубок ойы­нымен Қазақстанның футбол маусымы ашылды. Футболдан Қазақстан чемпионаты 13 нау­рыз күні басталады. Сенбі күні «Қайрат» – «Жетісу», «Тұран» – «Астана» және «Атырау» – «Шах­тер» командалары бақ сынаса, жексенбі күні «Қайсар» – «Тараз», «Каспий» – «Ақтөбе», «Тобыл» – «Ақжайық», «Ордабасы» – «Қы­зылжар» клубтары жасыл алаңда жолығады.