Оқиға • 16 Наурыз, 2021

Органикалық өнім өндірісін дамыту – өзекті мәселе

339 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде органикалық өндіріс орындары неге дамымайды? Салаға қандай заңнамалық қолдау қажет? Бұл салаға халықаралық тәжірибе қалай серпін бере алады? Сенатта органикалық өнім өндірісін заңнамалық реттеуге арналған кездесуге қатысушылар осы жәнеөзге де мәселелерді талқылады, деп хабарлады палатаның баспасөз қызметі.

Органикалық өнім өндірісін дамыту – өзекті мәселе

Сенаттың Аграрлық мә­се­лелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшелері, бір­қатар министрліктің басшылары, ғылыми қауымдастықтар мен халықаралық ұйымдардың өкіл­дері осы мәселе бо­йынша өздерінің сараптамалық пікірлерін ортаға салды.

«Органикалық өнім өндіру­ші­лердің тізілімін жүргізу, өндірісі мен айналым ережелерін, сондай-ақ оны өндіруде қолданылатын рұқсат етілген құралдардың тізімін белгілейтін «Органикалық өндіріс туралы» заң 2015 жылы қабылданған болатын. Алайда салалық комитет өкілі Әли Бек­таевтың айтуынша, бұл бағыт әлеуеті мен перспективаларына қарамастан, тиісті деңгейде дами алған жоқ.

«Негізгі проблемалардың бірі осы саладағы заңнаманың жетілдірілмеуі, органикалық өнімді және оны өндіруді сертифи­кат­таудың ұлттық жүйесі мен орга­никалық өнімді бірыңғай таңба­лау институтының болмауы бо­лып отыр. Осы және басқа да фак­торлар саладағы бизнесті дамы­туға ниет білдірушілерге тұсау болуда», деді сенатор Ә.Бек­таев.

Сенатор Ақылбек Күрішбаев өз кезегінде органикалық өндіріс жөніндегі ЕО регламентімен және басым өткізу нарықтарының шетел мемлекеттерінің стандарттарымен баламалы ұлттық стандарттарды әзірлеу қажеттігін атап өтті.

«Органикалық өнім өнді­рісі мен айналымын есепке алу мен қадағалаудың қазіргі за­манғы жүйесін енгізу, Қазақ­станның органикалық өнді­рі­сінің бірыңғай интернет-порталын құру, органикалық өсім­дік шаруашылығына жарамды тұқымдар мен отырғызу материалдарының тізілімін жасау қажет», деді А.Күрішбаев.

Ауыл шаруашылығы минис­трінің орынбасары Нұрбек Да­йырбеков қазір органикалық өнім өндіру және оның айналымы саласындағы ұлттық заңнаманы жақсарту, атап айтқанда ұлттық және халықаралық стандарттарға сәйкес экологиялық таза орга­ни­калық өнімнің сәйкестігін растау және бақылау жөніндегі ұлттық органдарды құру және тіркеу жөніндегі шаралар пысықталып жатқанын айтты.

Сауда және интеграция ми­нис­трінің орынбасары Ержан Қазанбаев органикалық өнімдерді техникалық реттеу және экспорттау, қазақстандық брендтерді ныса­налы нарықтарға ілгерілету және сарапшы-аудиторларға қойы­латын рұқсат беру талаптарын бекіту жөніндегі шаралар туралы баяндады.

Дөңгелек үстел барысында айтылған ұсыныстар кейін мүд­­делі тараптарға жіберілетін ұсы­нымдарда көрініс табатын болды. Сенат депутаттары сонымен қатар осы жылы органикалық өнім өндіру мәселелері жөніндегі заң жобасын әзірлеуге бастамашы бол­мақшы.