Аймақтар • 18 Наурыз, 2021

Instagram арқылы əйелдерді алдаған алаяқ ұсталды

144 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Петропавлдық полицейлер Instagram арқылы бірнеше интернет-алаяқтық қылмысын жасады деген күдікпен Алматы қаласының 31 жастағы тұрғынын ұстады. Бұл туралы Polisia.kz бағдарламасының кезекті шығарылымында айтылды.

Instagram арқылы əйелдерді алдаған алаяқ ұсталды

Петропавл қаласы Полиция басқармасына қала тұрғындарынан интернет-алаяқтық фактілері туралы бірнеше арыз келіп түскен. Барлық жағдайларда қаскөй жәбірленушілерді Instagram әлеуметтік желісіндегі жалған интернет-дүкен парақшасы арқылы алдаған. Парақшаның әкімшісі қымбат тұратын әйелдер киімі мен бұйымдарды “сататындай” сыңай танытып, алдын ала төлемді қолға түсіргеннен кейін байланысқа шықпай қойған. Аталған фактілер Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі “Алаяқтық” бойынша енгізілді.

– Көп жағдайда әйелдер алданып қалған. Instagram әлеуметтік желісіндегі “Modnyi Store” парақшасынан киімге тапсырыс беріп, алдын ала төлемді аударған. Жіберілген сома әр түрлі: 10 мыңнан 300 мың теңгеге дейін. Қаржы шотқа түскеннен кейін қаскөй байланысқа шығуды қойған, – деді полицейлер.

Криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні жедел тексеріс кезінде анықтады. Күдікті Алматы қаласының тұрғыны болып шықты. Петропавлдық жедел уәкілдер оны Теміртау қаласының аумағында ұстады. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды. Тергеушілер оның ұқсас қылмыстарға қатысын тексеруде. Қазіргі уақытта іс материалдарында Петропавл қаласы бойынша 13 эпизод тіркелген.

Полицейлер тауар мен қызметтерге алдын ала төлемді талап ету – интернет-алаяқтардың жиі пайдаланатын амалы екендігі туралы ескертеді және тауардың барына көз жеткізбей, алдын ала төлемді жібермеуге шақырады. Сондай-ақ, қаржы операцияларын жасамас бұрын интернет-дүкенді комментарийлер бойынша зерделеп, сатушыдан тауардың бейне-шолуын жіберуді сұраған жөн.