Қоғам • 29 Наурыз, 2021

Кешірімшілдік – керемет қасиет

539 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тағдырдың түрлі тәлкегімен жақын жандар бір-бірінен көз жазып қалып жатады. Тіпті бүгінгі күні жер бетінде қанша ата-ана баласын, баласы бауырын іздеп жүргенін кім білсін?! Кейде көгілдір экрандағы отандық, яки шетелдік бағдарламалардан жоғалған туысқандардың араға біршама жыл салып, қауышып жатқанын көріп қуанасың.

Кешірімшілдік –  керемет қасиет

1998 жылдан бері түсіріле бас­таған халықаралық «Жди меня» телебағдарламасы қазақстандық көрерменге жақсы таныс. Ресей, Молдова, Армения, Украина ел­дерімен тұрақты байланыс орнат­қан тележоба 2009 жылдың 7 жел­тоқсанында «Жди меня, Казах­стан» бағдарламасының алғашқы түсірілімін шығарды. Бір-бірін ізде­гендерді табыстыратын тележоба бас­талғаннан бергі 23 жылда 218 687 адам бір-бірімен қауышқан екен. Ал бағдарламаның ресми сайты базасында 3 миллион 160 мың іздеу­ші тіркелген. 

Аталған жобаның Қазақстан­дағы кеңіс­тігінде қандай қилы тағ­дырлар мен тосын оқиғалар кезде­сетінін «Жди меня, Казахстан» теле­бағдарламасының жүргі­зушісі Әйгерім Мұздыбаевамен әңгіме барысында білдік.

– 2019 жылғы бір түсірілім­де қызын іздеген әкемен таныстық. Ажырасқан соң әйелі қызын бас­қа қалаға алып кеткен екен. Осы­лайша, арадағы байланыс үзілген. Олар табысқанда отбасылы (үш қызы бар) әкесі 50-де, қызы 27 жас­та болды. Бойжеткен үш қыз өгей әкелері туралы жылы естелік­терінде оның туған қызын табу­ды армандайтынын және жиі еске алатынын баяндады. Біз қыз­ды іздеп тауып, сұхбат алып, сю­жет­ті әкесіне көрсеттік. Сонда тұр­мыс құрып, балалы болған қыз сұх­батында әкесін ешқашан кешіре алмай­тынын және оған мұқтаж емес екенін айтты. Жасөспірім шағында анасынан айырылған қыз балалар үйінде өскен екен. Өмірінің ең қиын сәт­терінде әкесі жанында болмағанына өкпелі. Дегенмен, бағдарламаға қызы да келді. Әке­сімен жылап көрісіп, ұзақ құшақ­­тасты. Қазір ол оқиға туралы айтып отырғанда менің көзіме жас ке­леді. Міне, бұл ерекше кездесу бол­ды. Ал сонда әріптесім, екінші жүр­гізуші Сергейдің жылағанын алғаш рет көрдім. Ол өте ұстамды еді, –деді Әйгерім.

Бір сәтке көңілі босаған тележүргізуші тағы бір тағдырлы түсірілімнің оқиғасын еске түсірді.

– Бірде отыз жас шамасын­дағы жігіт әкесін іздеп келді. Нәти­же­сінде, ол әкесі­мен бірге, туған екі бауы­рымен қауышты. Әкесі бір баланы асырап алған екен. Екін­­ші баланың денсаулығына бай­ланыс­ты мүмкіндігі шектеулі бол­ды. Кейіп­керіміздің жаңа табыл­ған бауырының бейім­деу орта­лығындағы сюжетін көргенде басқа да туысқандарын іздеп жүрген балаларды байқадық. Жасөспірім ке­зінде орталыққа түскен 20 жас­тағы жігіт бұған дейін әкесімен бірге тұрған. Ал оның орталыққа не себептен түскенін білмедік. Бірақ ол жігіттің камераға қарап айтқан сөзі жү­ректі тіліп түсірердей еді. Қай­да жүрсе де, қандай жағдайға ұшыраса да әкесін күтетінін, ол үшін бәрін жасауға дайын екенін айтып, іздеу салды. Сонда алғаш рет эфирдегі сөзімді айта алмай тұрып қалдым. Балалардың тап-таза жүрегіне, сөнбес үмітіне, мейірімі мен бауырмалдығына, кешірімшілдігіне  қайран қаласың, – деді Әйгерім.

Әрине, кәсіби журналист жұ­мыс барысында сезімге ерік бермеуі керек. Алайда атал­ған бағ­дарлама барысында жақында­рынан үміт үзбеген, оларды ала­сұра із­деген балалардың шексіз бауыр­малдығын көргенде өзіңді ұстап тұру мүмкін бе?..

Тележүргізушінің жүрек толқы­тар­лық әңгімесі күнделікті қоңыр тір­шілікте көп байқай бермейтін біраз дүниеге көз жеткізгендей. Әсіресе, халқымыздың ерекше бауырмалдық қасиетіне тағы да куә болдық. Олар табандылықтың ар­қа­сында шетел асқан – АҚШ, Еуропа ел­деріндегі һәм көршілес мемлекеттердегі әке-шеше, бауырларын тапқан. Байқасақ, ұзақ уақыттан кейінгі жақын жандардың көрісуінің арғы жағында үлкен жүрек пен кешірім тұрғандай. Бәлки, бұл айна­ламыздағы туыс-туған, дос-жаранмен Нау­рыз мерекесі қарсаңында Көрісу күнін өткізіп, қол алысып, құттықтап жататын ақжарқын  пейілімізден де болар.

Бағдарлама ұжымының ай­туын­ша,  елімізде көбінесе ата-ана перзентін (яки керісінше), баласы аға-әпкелерін іздейді екен. Тіпті өмір бойы бір-бірін іздеген ағайындар сол бойы бір-бірімен табыспай кетіп жататын жағдайлар да кездеседі. Бауырлардың қысқа ғұмырда қайғыда да, қуанышта да бірге бола алмауының бас­ты себебі, көп жағдайда ата-анала­рының ажырасуына келіп тіреледі. Екі адамның арасындағы тү­сі­нік­сіз реніш пен ұрыс ет-жақын бауырлардың бір-бірінен хабар-ошар­сыз кетуіне әкеледі.

Қамшының сабындай қысқа ғұмырда ағайындардың бір-бірі­нен ажырамай, сағына көрісіп жүр­геніне не жетсін?! Тағ­дыр­дың жазуымен  көз жазып қалған сәтте, бір-бірінен кемшілік іздемей, кеңші­лік жасап, кешірімшіл болу да нағыз адам­гер­шіліктің, қазақы болмыстың нышаны емес пе? Олай болса, ұлттық тәрбиеден ауытқымай, қашанда барымызды бағалай білейік, ағайын.