Коронавирус • 08 Сәуір, 2021

Астана бір ай бойы – «қызыл аймақта»

245 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиялық ахуал жөніндегі кеңесте шектеу шаралары мен рейдтер белгілі нәтижеге қол жеткізе алмай отырғанын айтқан болатын. Мамандар мұның себебін халықтың шектеу шараларын сақтауға селқостығы мен кәсіпкерлердің жауапсыздығынан іздейді. 

 

Астана бір ай бойы – «қызыл аймақта»

Қызмет көрсету нысандары жиі бұзады

Ел өңірлеріндегідей елордада да каран­тин талаптарын бұзу оқиғалары азай­май тұр. Мәселен, Нұр-Сұлтан қала­лық полиция департаменті Жергі­лікті полиция қызметінің басшысы Арман Айтмағамбетовтің айтуынша, түрлі байланыс құралдары арқылы азаматтардан бизнес нысандарының карантин режімін бұзғаны туралы хабарламалар күн сайын түсіп тұрады. Яғни Жергілікті полиция қызметінің басшысы кәсіпкерлік субъектілерін тексеру іріктеу арқылы жүргізілмейтіндігін ай­тады. «Қала тұрғындарынан 102 ар­­на­сы, әлеуметтік желілер, мессенджер чаттары арқылы белгілі бір көңіл көтеру орнының карантин режімін бұз­ғаны туралы хабарлама түседі. Соған орай әрекет етіп, карантин режімінің бұ­зы­луын тексереміз», деді ол.

Жыл басынан бері қалада карантин режімін бұзудың 635 фактісі анық­талды. Оның ішінде түнгі клубтар, мейрамханалар, дәмханалардың карантин режімін бұзғаны туралы – 532, дүкендер, сауда орталықтары, базарларда – 51, шаштараздар, сұлулық салондары, сауналарда 26 факті анықталды. Карантин талаптарын бұзуға қатысты анықталған фактілер бойынша материалдар Нұр-Сұлтан қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жіберілген. Бұл ретте бүгінге дейін 140 заңды тұлға 29 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік айып­пұл арқалаған көрінеді.

Ал Нұр-Сұлтан қаласының бас мем­лекеттік санитарлық дәрігері Сар­қыт Бейсенова ұсынылған нақты режім­дер сақталған жағдайда эпидемиялық жағдайдың белгілі бір деңгейде жақсара түсетіні барлық уақытта байқалатынын жеткізді.

«Екі апталық инкубациялық кезеңді қадағалап отырамыз. Егер бұзушы­лықтар орын алғанын байқасақ, онда мұ­нан үлкен нәтиже көре алмаймыз. Дегенмен белгілі бір нысанда ұзақ уақыт шектеу іс-шараларын қабыл­дайтын болсақ, сол кезде байланыс­та болған адамдар арасындағы науқас­тану­дың төмендегенін көреміз», деді бас санитарлық дәрігер.

 

Жиын-той тыйылмай тұр

Коронавирустың тез таралып жат­қанына қарамастан, астанада той-тома­лақ өткізетіндер тыйылмай тұр. Осы орайда мониторинг топтарының жұ­мысы карантиндік шектеу іс-шара­ларының бұзылуын анықтау және жолын кесуге бағытталған.

«Қазіргі уақытта мониторинг топтары күнделікті рейд іс-шараларын жүр­гізіп, 100-ден астам кәсіпкерлік ныса­н­ын қамтиды. Бұл ретте жеке тұл­ғалар тарапынан да, кәсіпкерлік субъек­тілер тарапынан да карантин іс-ша­раларын сақтамау фактілері анық­талып жатыр. Яғни тыйымдарға және коронавирус инфекциясы таралуының тәуе­келіне қарамастан үйлену тойы, туған күн, көңілді кештер сынды бұ­қара­лық іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу тыйылмай отыр. Нысандарда көп адам жиналады және әлеуметтік ара­қашықтық пен санитарлық нормалар сақталмайды», деді бас санитарлық дәрігер елорда әкімдігінде өткен брифинг барысында.

Айталық, осы жылдың 1 қаңтары мен 7 сәуірі аралығында полицияға шектеу іс-шараларының бұзылғаны туралы 423 материал түскен. Бұлар бо­йынша іс қаралып, 29 млн теңгеден астам сомаға 146 әкімшілік айыппұл са­лынған. 72 айыппұл қысқартылған тәр­тіп­пен 12 млн теңгеден астам мөлшерде төленген.

 

Айыппұл салынып, жұмысы тоқтатылды

Елорда соты карантин режімін жиі бұзған 36 кәсіпкерлік субъектісінің жұмысына уақытша тыйым салды.

«Осы жылдың 1 қаңтары мен 14 ақ­паны аралығында сотқа 47 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты 52 әкімшілік іс сотқа жіберілді. Олар: «Сова», «Janym Soul» караоке-бары, «Alanya» түнгі клубы, «Эхо» бары, «Золото» мейрамханасы, «Stories» лаундж-бары, «Текила» дәмхана-бары, «Respawn» компью­терлік клубы», деді бас сани­тарлық дәрігер.

Оның дерегінше, сот 36 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты 6 млн теңге мөл­шерінде әкімшілік жауапкершілікке тар­ту туралы шешім қабылдаған. Соны­мен қатар аталған нысандардың жұ­мы­сына 1 айдан 3 айға дейін тыйым салынды.

«Мәселен, «Janym Soul» караоке-барына 70 АЕК айыппұлмен 1 айға, «Alanya» түнгі клубы 100 АЕК-пен 3 айға жұмысы тоқтатылды. «Текила» караоке-барына 170-200 АЕК мөлшерінде 4 әкімшілік айыппұл салынды және 1 ай жұмыс істей алмайды. «Золота» мейрамханасы да жұмысын бір айға тоқтатты және 100 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. «Respawn» компьютерлік клубы 5 АЕК айыппұл төлеп, 2 ай жұмыс істей алмай­ды. «Аққайың» саунасына да 5 АЕК мөлшерінде айыппұл төледі. Оның да жұмысына 1 айға тыйым салынды», деді С.Бейсенова.

Бас санитарлық дәрігер сот ұйғары­мын орындау үшін 13 кәсіпкерлік субъек­тісінің есіктері мөрленгенін жет­кіз­ді. Сондай-ақ «Текила» караоке-бары мен «Alanya» түнгі клубына электр энер­гиясы мен су беру тоқтатылған. Жал­пы, бүгінде елорданың әрбір аудан әкім­дігі жанында 8 мониторинг тобы жұмыс істеп жатыр. 15 ақпанға дейін­гі іс-әрекет алгоритміне сәйкес нысан­да шектеу іс-шараларының бұзыл­ған­дығы анықталған жағдайда мони­то­ринг топтары шұғыл хабарла­ма беретін. Соның негізінде Санитарлық-эпи­демиологиялық бақылау басқарма­сы­ның лауазымды тұлғалары жоспар­дан тыс тексеру жүргізеді. Осы жыл­дың 1 қаңтары мен 14 ақпаны аралы­ғын­да басқармаға 287 хабарлама тү­сіп, оның негізінде 279 жоспардан тыс тек­серу жүргізілді. Нәтижесінде, бұзушылықтарды жою туралы 237 ұйғарым берілді.

Сархат Бейсенованың айтуынша, 238 заңды және жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы 57 млн теңгеден асатын айыппұл салынды. Оның ішінде кәсіп­керлік субъектілерінің 141 тұлғасы 52 млн және 96 жеке тұлға 4 млн теңгеден астам айыппұл төледі.

 

Оразаны отбасы ортасында өткізуге шақырды

Нұр-Сұлтан қаласының бас мемле­кет­тік санитарлық дәрігері Рамазан айында ауызашарды тек отбасының ортасында өткізуге шақырды.

«Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары! Біздің қоғам үшін маңызды діни мереке – қасиетті Рамазан айы жақындап келеді. Бұл еліміздің көптеген азаматы үшін үлкен маңызға ие. Қаланың барлық азаматынан мереке күндері түсіністікпен қарап, ка­ран­­тин режімін қатаң сақтауын сұ­рай­­мыз. Біз діндар адамдардың рухани және діни сезімдеріне құрметпен қарай­мыз. Алайда қауіпті вирустың ауыр пан­демиясы барлығының ден­сау­лығы­на қауіп төндіреді», деді С.Бей­сенова. Ол осыған байланысты Нұр-Сұл­тан қала­сының санитарлық-эпиде­миоло­гия­лық бақылау департаменті шектеу си­па­тындағы барлық іс-шара­ны ескеру­ді және сақтауды, атап айт­қанда ұжым­дық іс-шараларды, оның ішінде үй жағ­дайын­да өткізбеуді ұсына­тын­дығын айтты.

«Сонымен қатар қонақасы немесе бірге уақыт өткізу үшін келгісі келетін отбасы мүшелері мен достарына да келу­ге жол бермеу керек. 65 жастан ас­қан адам­­дар тәуекел тобында қалады. Осы­­ған байланысты қасиетті Рамазан айын­да ауызашар­ды тек отбасы ортасында өткізу­ді ұсынамыз. Пандемия кезінде әлеумет­тік арақашықтық сақтау өте маңызды еке­нін ұмытпаңыздар. Сондықтан бар­лық ұсыныстарды орын­дауға және пандемия мен күресте жауапкершілік пен бірлікті көрсетуге шақырамыз», деді елорданың бас санитар дәрігері.

 

Сырқаттану көбейе түсті

Қазір елордада да эпидемиоло­гия­лық ахуал тұрақсыз. Қала Эпидемио­логиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша бір ай бойы «қызыл аймақта» тұр. Осы жылдың басынан бері қала бойынша сырқаттанғандар саны 15 мыңнан асты. Пандемия басталғаннан бері 34 007 жағдай тіркелді. Оның ішінде 21 957 симптомды және 12 050 симптомсыз.

Қаланың бас санитарлық дәрігері айтқандай, ақпан айында сырқаттану­шылық динамикасы қаңтар айымен салыстырғанда 25 пайызға төмендеу болса, наурыз айынан бастап елордада сырқаттанушылықтың тұрақты өсуі бай­қалады. Вирус жұқтыру наурыз айы мен сәуірдің 7 күнінің қорытындысы бойынша қаңтар мен ақпан айларына қарағанда 2 338 жағдайға көбірек тіркелді.

«17 наурыздан бастап аурудың күнделікті өсуі 1 пайыздан асып, 20-25 наурыз аралығында 0,64 пайызға дейін төмендеді. Соңғы 12 күннің ішінде бұл көрсеткіш орта есеппен 1,2 пайызға сақталып отыр. Соңғы тәулікте 578 бастапқы жағдай тіркелді. Симптомы бар – 404 жағдай, симптомсыз – 174 жағдай. Соңғы аптадағы сырқаттану көрсеткіштері алдың­ғы аптаның деңгейінен 23 пайызға жо­ғары. Жүз мың тұрғынға шаққандағы қарқынды көрсеткіш 249,6-ны құрады. Репродуктивтілік саны 1-ден жоғары», деді С.Бейсенова.