Технология • 16 Сәуір, 2021

Қайта өңдеуді қаржыландыруға – 10 млрд теңге

544 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ӨКМ Операторы Ecoqolday қосымшасында қаптама қал­дық­тарын жинау және тасымалдау жүйесін субсидиялау­ды іске қосты. Бірінші кезекте 10 667,70 тонна көлеміндегі қай­талама шикізатты кәдеге жаратып үлгерген кәсіпорындар қаржыландырылады.

Қайта өңдеуді қаржыландыруға – 10 млрд теңге

Жүйеде төлем жасаудың реті субсидиялауға берілген өті­німдер негізінде жүзеге асырылады. Ecoqolday бағдарламасы кәдеге жаратуға жиналған және тасымалданған макулатура, плас­тик, шыны қалдықтары үшін өтемақы төлемінің мөлшерін автоматты түрде есептейді.

Қайталама шикізаттың 1 тоннасы үшін берілетін ақшалай төлемдердің мөлшері қосымша құн салыған қосқанда: шыны үшін – 22 344 теңге, пластикалық қаптамаға – 26 399 теңге, қағаз/картон 16 977 теңгені құрайды. Сондай-ақ ӨКМ Операторы қаптама қалдықтарын тасымалдау шығындарын қашықтығына байланысты ішінара субсидиялау­ды жүзеге асырады.

Бүгінгі таңда Ecoqolday жүйе­сінде 222 қатысушы тіркелген. Атап айтқанда, қайталама шикі­затты жинауды жүзеге асыратын 74 кәсіпорын, 22 кәдеге жаратушы зауыт және 126 көлік компаниясы қатысуда. Цифрлы модельге көшу макулатураның, полимер өнімдері мен шыны қалдықтарының сатып алу құнын арттыруға мүмкіндік берді. Шикізат құны қазір былайша өзгеріп отыр: картон-қағаз 40-85 теңге/кг шегінде, шыны 22-28 теңге/кг, пластмасса 80-180 теңге/кг шегінде. Қаптама қалдықтарын жинаушылар шикізатты кәдеге жаратушыларға тапсырғаннан кейін ЕсoQoldaý жүйесінде бірден қаржыландыруға өтінім беруге мүмкіндігі бар.

2021 жылдан бастап ӨКМ Операторы өтемақы төлемдерін беру рәсімін жеңілдетті. Жаңа модель қаптама қалдықтарын жинау, тасымалдау және қайта өңдеу жөніндегі жұмыс қағидаттарын өзгертуді көздейді. ЕсoQoldaý жобасы – қайта өңделетін қаптама қалдықтарын (макулатура, плас­тик, шыны) жинау, оны тасымалдау жəне кəдеге жарату бағытында жұмыс істеп жүрген кəсіпкерлер үшін жəне осы салада өз бизнесін бастағысы келетіндерге арналған платформа.

2021 жылы 230 мың тонна көлеміндегі қайталама шикізатты жинау, қайта өңдеу, тасымалдау және кәдеге жарату жоспары тұр. ӨКМ Операторы биыл осы бағыттағы жұмыстарды қар­жыландыруға шамамен 10 млрд теңге бөлуді жоспарлаған.