Әлем • 18 Сәуір, 2021

Шетелдік басылымнан

164 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Назарларыңызға шетелдік басылымдардағы айтулы оқиғаларды ұсынамыз.

Шетелдік басылымнан

Пәкістан әлеуметтік желілерсіз қалды

Пәкістан үкіметі ел аумағында Facebook, Twitter сияқты бірқатар әлеу­меттік желіні уақытша бұғаттады. Бұл әрекетін билік елдегі шиеленіспен байланыстырды.

«Қоғамдық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету мақсатында бірқатар әлеуметтік желі бұғатталды. Бұл уақытша екенін ескертеміз», деді елдегі Байланыс министрлігі.

Ішкі істер министрлігі (ІІМ) болса Facebook, Twitter, YouTube, WhatsApp, Telegram мен TikTok платформалары елдегі жалпұлттық қозғалысты басу үшін қабылданып отырған шара дейді. ІІМ жалпыұлттық қозғалыс деп өткен аптада Терик-и-Лаббаик партиясының көшбасшысын қамауға алғаннан кейін туындаған шиеленісті меңзеп отыр. Пар­тия басшысы тұтқындалғаннан кейін елдегі азаматтар Францияға қатысты на­ра­зылығын білдірді.

Бір аптаға жалғасқан шиеленісте 4 полиция қызметкері көз жұмған деседі. Оған қоса 600 азамат жарақат алып, оның 200-і ауыр халде ауруханаға жеткізілген.

Жалпы, Пәкістанда Францияға қарсы наразылықтың туындауына жыл басында Мұхаммед (с.а.с) Пай­ғамбар бейнеленген карикатураның жария­лануы себеп болды. Сурет үлкен дау ту­ғы­зып, арты наразылыққа ұласты. Бұл ұш­қын Франция прези­денті Эммануэл Ма­кронның карика­тураны жариялаған басылымды қолдауынан кейін үлкен агрессия болып тұтанды.

Пәкістандағы Франция елшілігі елдегі барлық Франция азаматын олардың қауіпсіздігі үшін уақытша Отанына қайтуға шақырды.

Енді Пәкістан үкіметі наразы­лықты бәсеңдету үшін әлеуметтік желі­лердің жұмысын тоқтатуға мәжбүр­міз деп ақталады. Пәкістан­дық­тар болса, билікті Франция тарапын қолдап отыр деп айыптауда.

Халықаралық ұйымдар үнсіз қал­ғанымен, әлеуметтік желідегі құқық бойынша жұмыс жүргізетін Digital Rights Foundation қоғамдастығы мұн­дай әрекет кикілжіңді одан сайын өршітпесе, оң нәтиже бермейді деген пікір айтты.

  

Дания бас тартқан вакцинаға сұраныс бар

Бұған дейін хабарланғанындай, Дания AstraZeneca компаниясы дайын­даған коронавируске қарсы вакцина адам қанын ұйытып, кісі өліміне алып келе­ді деген тұжырым жасап, аталған вак­цинадан алғаш болып бас тартты. Одан кейін көршілес Норвегия да осы тұ­жырымды растап, індетке қарсы бас­қа вакцина іздейтінін хабарлаған-ды.

Кейін Дания үкіметі 200 мың доза­ның сатып алынғанын мәлімдеді. Көп ұза­май ДДҰ-ның Еуропадағы дирек­то­ры Ханс Клюг Данияның басқа ел­дер­ге вакцина бөліп бере алатынын жеткіз­ді.

«Дания Сыртқы істер министрі вак­цинаны басқа елдермен бөлісе ала­ты­нын айтты. Біз бұл ісін құптай­мыз», деп мақұлдады ДДҰ өкілі. Ал қан­ның ұюына қатысты мәселе бо­йынша «Вак­цина вируске қарсы тұра алады. Ал қан вирус жұқтырған жағ­дайда да ұюы мүм­кін» деп жауап берді.

Сонымен, жаңалық жариялана сала Чехияның денсаулық сақтау министрі Жан Хамацек вакцинаға қызығушылық танытатынын білдірді. «Шыны керек, вакцинаны әлем бойынша іздеп жатыр­мыз. Ал егер Дания бөлісемін десе, біз сатып алуға ниеттіміз», деді министр.

Одан кейін Литва үкіметінің басшы­сы Инрида Симонит Вильнюстің де вак­цина сатып алғысы келетінін жеткізді. Көп ұзамай Латвия Денсаулық сақтау министрі Даниел Павлутус «Даниямен вакцина мәселесін талқылағымыз ке­леді» деген хабарлама жіберді. Осы­лай­ша, аз уақыт ішінде Еуропаның бір­қа­тар мемлекеті одақтастарынан індет­ке қар­сы вакцина сатып алуға ниетін білдірді.

Дегенмен вакцина сатуға Еуро­па Одағы рұқсат беруі екіталай. Өйт­кені елдер арасындағы вакцина сау­дасы халықаралық құрылымның бақы­лауын­да. Алайда аумақта вакцина тап­шы­лығы әлі де бар. Соңғы мәлімет бо­йын­ша Еуро­па елдеріне 2,6 млрд доза вак­цина қа­жет екен.

 

Дайындаған

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»