Аймақтар • 21 Сәуір, 2021

Масаншыдағы дүнген ұлтының өкілдері қазақ тілін үйренуде

358 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Былтыр Қордай ауданында болған оқиға кезінде Масаншы ауылындағы бірқатар үй мен кәсіпкерлік нысан зардап шеккен еді, деп хабарлайды Egemen.kz

Масаншыдағы дүнген ұлтының өкілдері қазақ тілін үйренуде

Кейіннен мемлекет тарапынан оларға қолдау көрсетіліп, аталған нысандар аз уақыттың ішінде қайта қалпына келтірілді. Мәселен сол кезде ауыл тұрғыны, дүнген ұлтының өкілі Юсуф Паровтың да үйі өртенген. Оған бүлінген баспанасының орнына мемлекет 7 бөлмелі үй салып беріпті.

Бұл туралы тұрғын баспасөз туры кезінде баспасөз өкілдеріне айтып берді атап өтті.

Сол сияқты, ауыл тұрғыны Абдурашид Путордың да баспанасы мен ауыр жүк көлігіне өрт тиген екен. Аталған тұрғынның үйі де бүгінде қалпына келтірілген. Ауылда өткен жылы үйі отқа оранып, мемлекет қамқорлығының нәтижесінде қайта қалпына келтірілген бірқатар адамдар бар.

Бұл ретте жергілікті жұртшылық қиын-қыстау кезде қолұшын созған мемлекетке алғысын білдірді. Масаншы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Дыдыр Харсанұлы да бүгінде ауыл тұрғындарының бейбіт әрі тату-тәтті өмір сүріп отырғанын жеткізді. Ауылдағы жаймашуақ тіршілік жалғасуда. Өз сөзінде кәсіпкер Рабия Жинлирова қақтығыс кезінде иелігіндегі бірқатар нысанның өртеніп кеткенін, салдарынан 20 миллион теңгеге залал келгенін айтты.

Қазір кәсіпкерлік нысандар қалпына келтірілген. Мұндай қарқынды жұмыстар Қаракемер ауылында да жалғасуда. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерғазы Бозшаевтың айтуынша, ауылда 20 пәтерлі 10 үй салыныпты. Аталған үйлер әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен түрлі сала мамандарына берілген.

Жиын барысында Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулет ауданның бүгінгі ахуалы туралы сұхбат берді. Әкім өз сөзінде өткен жылы Қордайға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың келгенін, Президенттің сол сапарында халық тарапынан әлеуметтік мәселелердің көтерілгенін айтты. Нәтижесінде, Президент тапсырмасына сәйкес, Қордай ауданына ел Үкіметінің, Жамбыл облысы әкімдігінің қолдау көрсеткенін жеткізді.

Былтыр аудандағы 392 жобаға 35 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде 11 миллиард теңгеге 22 ауыл газдандырылып, аудан бүгінде 95 пайыз газбен қамтылған. Сол сияқты, 6,9 миллиард теңгеге көшелер жөнделген. Өз сөзінде аудан әкімі ауылішілік жолдарға, ауылдарды абаттандыруға және жарықтандыру жұмыстарына да көп көңіл бөлініп отырғанын айтты.

Сонымен қатар өткен жылы 41 үй мен 13 коммерциялық нысан зардап шеккен болса, бүгінде олардың бәрі  мемлекет және демеушілер тарапынан қалпына келтірілген. Сондай-ақ, 135 миллион теңгеге жуық қаражатқа аудан тұрғындарына көмек көрсетілген.

Жалпы бүгінде Масаншы ауылын мекендейтін дүнген ұлтының өкілдері қазақ тілін үйренуде. Ауылдағы №13 орта мектептің директоры Қамбар Иманқұловтың айтуынша, аталған білім ошағында 936 бала оқиды. Бұл балалардың ішінде тек 34 баланың ғана ұлты қазақ.

Алайда сабақ барлық білім алушыға қазақ тілінде жүргізіледі екен. Бізбен кездесуде аталған орта мектептің 9-сынып оқушысы, дүнген ұлтының өкілі Зейнеп Хиба қазақ тілін жақсы көретінін, құрметтейтінін, сол үшін мемлекеттік тілді үйренгенін айтып, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың бір өлеңін оқып берді.

 

Жамбыл облысы,
Қордай ауданы.