Өнер • 21 Сәуір, 2021

Алматыда «Егемендігім – мерейім» атты сурет көрмесі ашылды

1134 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архив» РММ-де жаратылыстану ғылымдарының PhD докторы, Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің аға оқытушысы, суретші Жұмаділхан Керімбектің «Егемендігім – мерейім» атты сурет көрмесі ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz

Алматыда «Егемендігім – мерейім» атты сурет көрмесі ашылды

Суретші кенебінде тәуелсіздік жетістіктері, қала мен ауыл өмірі, туған өлке табиғаты, қазақ өлкесінен табылған таңғажайып жәдігерлер бейнеленген. Аталған көрме «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы: өткенге қарап болашаққа сенімді қадам басу» тақырыбымен өрбіген республикалық дөңгелек үстел аясында таныстырылды. Карантиндік талаптарды сақтау мақсатында іс-шараға ҚР Ұлттық архиві, Қарағанды облысының және Нұр-Cұлтан, Алматы қаласы мемлекеттік архивінің мамандары, ғалымдар мен тарихшылар, магистранттар онлайн-офлайн аралас форматында қатысты. Жиынды ашқан архив директоры Баян Жұматаева Тәуелсіздіктің 30 жылдығы болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте орала отырып, жетістіктеріміз бен арман-мақсаттарымызды айқындайтын кезең деп атап өтті
1

«Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда қоғамның мәдени өмірінде, тарихи сананы жаңғырту жолында көптеген елеулі іс-шаралар атқарылды. Әсіресе төл тарихымызға қатысты рухани мұраларымызды жинастыру мен зерделеуде отандық архивтер бірталай жетістіктерге қол жеткізді. Алыс-жақын шетелдік архивтерден қазақ тарихына қатысты құжаттарды елге әкелу жұмыстары «Архив-2025» бағдарламасы аясында әлі де өз жалғасын табуда. Құжаттарды цифрлық форматқа көшіру жұмыстары да күн тәртібінен түскен жоқ. Шығармашыл тұлғалар, соның ішінде қылқалам шеберлері тәуелсіздік тақырыбын тебірене жырлады. Елдік рухтың үнін жеткізетін туындылар халықтық мұраға айналды. Конференция барысында тұсауы кесіліп отырған сурет көрмесі Жұмаділхан Керімбектің шығармашылық әлемінен ғана емес, тәуелсіздік игіліктерінен сыр шертеді», дейді Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінің директоры Баян Жұматаева.

Дөңгелек үстел аясында шымылдығын түрген көрмеге қатысушылар республикадағы архив ісінің жетістіктері, перспективалары мен өзекті мәселелері, тарихи сананы жаңғырту жолындағы ел архивтерінің рөлі туралы баяндамалар оқып, ой-пікірлерін ортаға салды. Іс-шара аясында көпшілік назарына «Тәуелсіздік – тұғырым» тақырыбында архив құжаттары негізінде дайындалған бейнелеу өнер мұралары ұсынылды.