Аймақтар • 22 Сәуір, 2021

Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы кешенді жоспар жобасы дайын

889 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы кешенді жоспар жобасы дайын

– Менің тапсырмам бойынша Атырау облысының 2025  жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы кешенді жоспардың жобасы дайындалды.  Соған сәйкес 23 мың оқушыға арналған 37 жаңа мектеп салынады. Соның арқасында үш ауысымда оқыту және мектептердегі орын тапшылығы мәселесін толық шешеміз, – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жергілікті тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету үшін бірқатар нысанның құрылысы басталатынын жеткізді. Атап айтқанда, көпбейінді аурухана, екі емхана, психикалық денсаулық орталығы, Атырау қаласындағы онкологиялық диспансер жанынан радиологиялық корпус, сондай-ақ ауылдық жерлерде алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек көрсететін 9 нысан бой көтереді.  

– Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін оңалту орталығы салынады. Бұдан бөлек, 3,5 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Соның нәтижесінде 25 мың атыраулық отбасы жаңа баспанаға ие болады.

Жалпы, Кешенді жоспардың жүзеге асырылуы өнеркәсіпті, агроөнеркәсіп кешенін, туризм саласын дамытуға, энергетика және экология саласындағы аймақта қордаланған мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. 

Оны іске асыру үшін 9 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылмақ, көбі – жеке инвестиция. Сонымен қатар, жоспарға сәйкес бюджеттен 800 миллиард теңгеден астам қаражат бөлу көзделіп отыр. Соның 700 миллиардқа жуығы республикалық бюджеттен қарастырылады,  – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Үкіметке бүгінгі жиынның қорытындысы бойынша  жоспарды толықтырып, бір айдың ішінде бекітуді тапсырды.