Аймақтар • 27 Сәуір, 2021

Жері – қазақтікі, жарығы – қырғыздікі

573 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кезінде Меркі ауданының Жауғаш батыр ауылы – мал бағумен, егін салумен аты шыққан. Бұл үрдіс күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Тоғыз жолдың торабында орналасқан ауылдың өзіне тән табиғаты мен ерекшелігі және бар.

Жері – қазақтікі, жарығы – қырғыздікі

Жергілікті тұрғындар ырысын жерден теріп, қарапайым тіршілікпен күнелтеді. Алайда ауылдықтарды талай жылдан бері жарық мәселесі толғандырып келеді екен. Әлбетте, бұл күнде ауылда жарық бар. Бірақ сол жарықтың көрші Қырғыз елінен алынатыны, оның төлем мәселесі көпшіліктің көңілін күпті етуде. Ал ауылдықтардың базынасы тиісті жерге жетпей, жетсе де орындалмай отыр.

Бүгінгі Жауғаш батыр ауылы Меркі ауданының Кеңес ауылдық округінің құрамына кіреді. Ауыл аудан орталығынан 80 шақырым қашықтықта, көрші Қырғыз елінің Шу облысымен шекаралас орналасқан. Ауылдан әрі үш шақырымнан соң Қырғыз Республикасының Шу облысы басталып кетеді. Аталған ауыл «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойында, Қырғыз Алатауына қарай 6 шақырым жерде тұр. Қазіргі кезде қарапайым халық жарық мәселесін қанша рет көтерсе де, әлі күнге дейін оң шешім таппаған. Мұндағы көпшілік көп жылдан бері жарық мәселесінде қырғыздарға тәуелді.

«Кезінде Кеңес, Аспара ауылдары­нан Жауғаш батыр елді мекеніне жарық тартылған. Оны жергілікті жұрт­шы­лық тоқсаныншы жылдардың орта шені­не дейін пайдаланып келді. Өкі­нішке қарай, сол кезеңдерде жарық баға­на­лары ұрланып, ақыры ауыл­дан жарық та өшті. Кейіннен ауыл­дық­тар­дың жа­рық­ты Қырғыз елінен алуына тура келді. Бірақ бұл мәсе­ленің туын­дағанына жиыр­ма жылдан астам уақыт өтсе де, ше­шілмей отыр. Қазіргі кезде қа­рапа­йым халық қатты қиналуда. Тіп­ті Жау­ғаш батыр ауылындағы тұр­ғын­дар­ды Кеңес ауылына көшіп келуге ша­қы­р­сақ та келмей отыр. Әйтеуір бәрі де бір жақ­сылықтан үмітті», дейді Кеңес ауыл­дық округінің әкімі Есберген Жапарқұлов.

Бұл күнде Жауғаш батыр ауылында 23 үй бар екен. Жалпы, ауылда 75 адам тұрады. Мұнда округтің 5 мың гектар егістік жері, 4 мың гектар жайы­лым жері бар. Халық сол жерлерді пайда­ла­нып күн көріп отыр. Олар тіпті Кеңес ауылына көшіп келуге түбегейлі қар­сы. Қандай жағдай болса да, туған топы­ра­ғынан алыстағысы жоқ.

Шағын ғана ауыл тұрғындары бұл күнде «Ынтымақ» жеке кәсіпкерлігі арқы­лы Қырғыз мемлекетінен жарық алу­да. Әрі ауылдықтар арғы бет­тегі айыр­қалпақты ағайындармен келісім­шарт­қа отырып, ақшасын алдын ала төлеп отырады екен. Ал жарықты жақ­қан ақысы үшін Жауғаш батыр ауылы­ның халқы оның өтемін қырғыз сомымен емес, доллармен төлеуге мәжбүр. Неге десек, талап солай болған. Осын­дай күрделі мәселелерді көтерген ауыл халқы мемлекеттен аталған мәселені шешіп беруді сұрайды.

«Бүгінде жарықтың жағдайы қиын. Жарық көп өшеді. Қырғыздар жағы жа­­рықты өздері өшіріп алып, оны біз­ден кө­реді. Жауын-шашын бол­ған күн­дері тіп­ті қиын. Ондай кезде жарық­ты мүлде көр­мейміз десек те болады. Ал жа­рық­тың ақысы тіпті қымбат. Тағы қыр­ғыздар бізден доллармен алады. Оны тең­геге шаққанда, бір айда 15 мың теңгеге дейін төлеуге мәжбүр бола­мыз», дейді ауыл тұрғыны Сағат Жақсымбетов.

Иә, жарық бағасының шектен тыс қымбат екенін, бұл қарапайым халық үшін едәуір шығын екенін айтқан көп­шілік күрделі мәселе ертерек қолға алын­са екен дейді. Сондай-ақ ерте­рек жарық желісін тартып берсе екен де­­ген де тілектерін жеткізді. Әйт­песе, тұр­­ғын­­дар тапқан-таянғанын тек жа­рық­­тың ақысын төлеуге ғана жұмсауда екен.

Бұл мәселе туындаған тоқсаныншы жылдардың орта шенінен бері Жамбыл облысына бірқатар әкім қызмет бабымен келіп кетті. Ел есінде еңбегімен қалған басшылар да баршылық. Бірақ осы жылдар ішінде Жауғаш батыр ауылының тұрғындары өңірді басқар­ған барлық әкімге жарық мәселесі бо­йын­ша қайырылған екен. Әкімдердің есеп­ті жиындарында да осы мәселені сан рет көтерген. Бірақ қиюы келмеген күрделі мәселе сол күйі шешілмей қалып келген. Мәселен, ауыл тұрғыны Мадина Ақылбекова соңғы бір айда жарыққа 24 мың теңге төлепті.

«Күн суық болған соң үйде электр пешін қосқанбыз. Ақыры ақысы тең­геге шаққанда осындай болып кетті. Негізі біз ай сайын 10-12 мың теңге ара­лығында төлейміз. Бұл да аз емес. Ал мұндай мәселенің туындағанына жиырма жылдан асты. Кезінде Аспара ауылынан тартылған жарық тоқсаныншы жылдары талан-таражға түсіп кетті. Жарықтың бағаналары да қолды бол­ды. Содан үш жыл бойы ауылда жа­рық болған жоқ. Кейіннен Қырғыз елімен серіктестік орнатып, солардың жарығына қосылдық. Ол кезде екі мемлекеттің арасында шекара жоқ еді. Кейін шекара бекітілген соң олар бізге жарықтың ақысын доллар құнымен төлеу туралы талап қойды. Сол талапты әлі орындап келеміз. Басқа амал жоқ», дейді ол.

Негізінен ауылдықтардың мұңы – осы жарық мәселесі. Былайша айтқан­да, қырғыздар жеке кәсіпкерлік арқылы қазақтарға жарығын өз білген бағасына саудалап отыр.

«Біз жарықтың ақысын доллардың бағасымен төлеп келеміз. Ең қиыны – доллардың құны көтерілген сайын, біздің жарыққа берешегіміз де арта береді. Карантин болмай тұрғанда біз тұрғындардан ақшаны жинап алып, оны долларға айырбастап, Бішкек қаласына арнайы апарып төлейтінбіз. Тіпті Бішкек қаласына баратын жол ақымызға дейін халықтан жинаймыз. Ал жиналған ақшаның 12 пайызы елі­міздің салығына төленеді. Арты­нан Меркі ауданы бойынша статисти­ка және мемлекеттік кірістер басқарма­лары­на бұл бойынша есеп береміз», дей­ді ауыл тұрғыны Венера Жүнісова.

 Бұл күнде қазақтар өз жерінде отырып, өзгеге ақша төлеуде. Ауыл­дағы ағайынның жері қазақтікі болғаны­мен, жарығы қырғыздікі болып отыр. Тіпті жарықтың ақысын доллармен төлеп келе жатқан жұрт бүгінде бұ­дан жалыққан. Әрі қымбатшылық та қарапайым халықты қысып барады. Сондай-ақ ауылдықтар қырғыз тарапына құлақ асып, жарық туралы екіжақ­ты келісімді үш ай сайын жаңартып отырады. Бірақ ауылдағылдар ақысын төлесе де, жарыққа жарымай келеді. Кө­ңіл-қошы болмаған кезде арғы бет­тегі айырқалпақты ағайындар жарық­ты өшіріп тастайды екен. Содан бер жақтағы қайран қазақ жарықтың жан­уын табандап тағы күтеді. Ақысын доллармен төлесе де, төлемақыны кешік­тірмесе де елдің көрген күні осы. Міне, осы бір тіршіліктің жалғасып келе жатқанына бұл күнде ширек ғасырға жақындаған. Десе де, мәселенің шеші­лер түрі көрінбейді.

Меркі аудандық тұрғын үй, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, бүгінде Жауғаш батыр ауылындағы жарық мәселесін шешу үшін жоба­лық-сметалық құжат жасауға қаражат бөлінген. Аталған құжат заң бойынша тек 6 айдан кейін ғана дайын болады. Алайда, ауылдағы тұрғындардың тіле­гін орындау үшін жобамен 1 млрд тең­геге жуық қаражат керек. Бұл әри­не, аз ақша емес. Мұндай көлемдегі қа­­ра­­жаттың бюджеттен бөлінуі де не­ғай­был. Сондықтан да Жауғаш батыр ауылының тұрғындары бір күдік пен бір үміттің арасында күн кешуде. Қа­ра­пайым халықтың жанайқайы жуық арада басылар емес.

 

Жамбыл облысы,

Меркі ауданы