Қазақстан • 30 Сәуір, 2021

Бәйтерек бейнелі елдің діңі – бірлік

566 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақ елі жапырақ жайған алып бәйтерек іспетті. Жайқалып өсіп, жыл өткен са­йын бұтағына бұтақ қосып келеді. Бұтақ дегеніміз – татулығы балталаса да бұтарланбайтын этностары, жапырағы – жаңа өмірге жаны құштар жастары. Діңі – бір атаның баласындай біте қайнасқан бірлігі, тамыры – қатпар-қатпар тарлан тарихы. Тамырдан нәр алмаса, жаңа өмір жаралмайды. Тамыр бүлінсе, тарих үзіледі. Дің босайды, бұтақ қуарады. Тәубе, тәуелсіз елдің тәу етер татулығына сызат түсіп көрген жоқ. Айрандай ұйыған ынтымағымыз, келісімге деген кемел ынтызарымыз бар.

Бәйтерек бейнелі елдің діңі – бірлік

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

«Сөздің атасы – бірлік, анасы – шындық». Атағы Алашқа жайылған аузы дуалы Қаз­дауысты Қазыбек би осылай дейді. Келдібектен туған ұлдың кемеліне келтіріп жеткізген ақи­қаты осы. Байыбына барып қарасақ, келешегін ойлаған кемеңгер «Сөздің атасы – бірлік» деп алдымен татулықты ту еткен. Бұл да тегін емес. Алағай да бұлағай заманда Тұранның тұтас­тығын, Алаштың амандығын сақтап қалған да осы бірлік емес пе еді?! Тауып айтылған сөз емес, қазақтың қабырғалы биі, тау тұлғасы қазып айтқан сөз бұл.

Тарихты таразылаған сайын өткен күн­дерден осындай өсиет қалғанын аңғарамыз. Онсыз алға басу да, дара даму да жоқ. Өткеннен сабақ алмаған, аталы сөзді алдыңғы орынға шығармаған мемлекеттің мерейі үстем болмайды. Ендігі күні аттың жалы, түйенің қомындағы жаугершілік заман келмеске кетті дегенмен, тұтастығыңнан айырылсаң, топырағың тұрмақ, тоқымыңа дейін турап әкететін дәуір тым ұзай қойған жоқ. Ақинақтың жүзі, ақтаңдақтың ізімен жазылған том-том тарихымыз – соның дәлелі іспеттес.

Татулық аспаннан аяғы салбырап түсе қал­майды. Ол үшін де күн-түн демей күресу қажет. Тұрақтылықтың тұғыры да осы – ымырашылдық. Түптеп келгенде, түсіністік пен сыйластық болмайынша берекелі ел құрам деудің өзі берекесіз іс. Сондықтан ымыра кілтін әр адам алдымен өз жүрегінен, санасының түпкірінен іздегені абзал. Бір қызығы, бұл құбылыс әу бастан-ақ қайратты халқымыздың көңіл көкжиегіне көшіп алған.

Қанда бар қасиет десе де болады. Қолда барымызбен бөлісіп, кербезденгеннің өзімен келісіп келеміз. «Келісіп пішкен тон келте болмасын» біліп, алауыздықты артта қалдыра алдық. Алаш тату болғанда алынбайтын асу жоқ.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» халыққа үндеуінде «Ел бірлігі – ең бірінші, қазақтың бірлігі. Жаһандық көштің басында жүретін мерейлі ел болу үшін бірлік пен ынтымақ алдымен өзімізге, қазаққа керек. Тарихтың өзі дәлелдеген бір ақиқат бар – халқымыз бір­лік­те болса күшейген, бірлігі қаш­са әлсіреген. Қасқа жолды Қасым хан жұртын жұдырықтай жұмылдыра білгенінің арқасын­да қазіргі қазақ жерінің негізгі аумағын біріктірді. «Ел бірлігі – ел теңдігі» деген – осы! «Қазақ ордасының Ликургы» – Әз Тәуке елін татулыққа ұйы­та біл­ген­дік­тен, қой үстіне боз­тор­ғай жұ­мырт­қалаған заман орнатты. «Бай­лық – байлық емес, бірлік – байлық» деген сөз сол заманнан қалған қағида», деген болатын.

Бүгінде бүкіл әлем татулығы­мызға таңырқай қарап, бүтінді­гіміз­ді жарыса жазып жатыр. Жұды­рықтай жұмылып, алауыз­дық­тан арылып, келісімнің кеңіс­тігіне кереге керіп тұрмыз. Ен­дігі міндет Елбасы айтқан бір­лік ат­ты басты байлығымызды біз­ден кейінгі буынға үлгі етіп, ал­дағы ұрпаққа аманаттау. Дана халқымыз «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деп бекер айт­па­ған. Алты құрлықтың алдында Алаш жұрты алауыздығымен емес, ауызбіршілігімен абыройлы. Ұлты­мызды ұйыстырып тұрған ұлы қуатымыз да – осы. Туған ел­дің төрінде, бір шаңырақтың астын­да абыройымыз аспандап, бе­ре­кеміз еселеніп, мерейіміздің та­­с­ып отырғаны – ең алдымен бір-бірі­­мізге деген бауырмалдықтың, сый­­лас­тықтың, түсіністіктің жемісі.

 Елбасының көрегендігі мен ерен еңбегі, Ассамблея құрып, ауыз­бір­шілікке шақыруы – алауыз­дықтың алдын алудың анық жолына айналды. Алаш топырағын­да біреуді біреу «қа­расың» деп қаралап, «аққұбасың» деп алалап жатқан жоқ. Көк аспанда – күн, қара жерде – Қазақ­стан жалғыз. Ал Қазақстанның ғажапстанға айналған сәті – бірлікті береке деп білген күні болмақ. Тұрақтылықты – тұлпар, татулықты – сұңқар етіп, ертеңгі күнге бой түзейтініміз де содан. Сондықтан болар, бірлігі жарасқан, татулығы тау асқан елдің ертеңіне ешкім де таласпайды деп ұғынамыз. Берекелі бірлігіміз, мерекелі тірлігіміз болған кезде ғана «көңіл көңілден су ішіп», аты өшкір араздықтың ауылы алыстайды. Бұған дейін де солай болған. Бұдан кейін де солай бола бермек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бүгінде әрбір қазақстандық қай этностық топ­қа жататынына қарамастан, өз­дерін біртұтас үлкен отбасының мү­ше­сі сезінеді. Бірлік пен келі­сім – халқымыздың қиын-қыс­тау жылдарда да сақтай білген құндылықтары. «Әралуандықтан бірлікке» – біздің саясатымыз­дың мәні. Бәріміз бірге өзіміздің ең­бек­сүйгіштігімізбен, табан­ды­лы­ғымызбен ғана қуатты әрі да­мыған мемлекет құра аламыз», деді. Ел Президенті айтып отырғандай, біз – бір отбасымыз. Ал отбасында бөлініп-жарылу, бір-бірін кемсіту, араздасу деген болмайды. Абай бабамыз айтып кеткендей, «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» екенін бір кісідей білетін күнге жеттік. Әралуандығымыз артықшылығымызға айналды. Жан-жағымыздағы қай этнос­ты болсын жат көріп жатырқап жүрген жайымыз жоқ. «Дос болғанға – құшақ жайған туыс­пыз, қас қылғанға – қиып түсер қылышпыз».

Жылдар жылжыған сайын «бір жағадан – бас, бір жең­нен қол шығарып» керемет күн­дермен кезігіп келеміз. Бүкіл әлемді бауырымызға басып, 130 этностың ішкі үнін, тілек-ниетін ұғынғымыз келеді. «Бірлік бар жерде – тірлік барын» түйсінеміз, арайлап атқан таң мен манаурап батқан күнге сүйсінеміз. Бейбіт аспанды былғағымыз, бірліктен өзге әнді шырқағымыз жоқ. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» құтты заманның қарсы алдында тұрып, қиялға құлаш ұрамыз. 130 уық Алаш деп аталар алып шаңыраққа уық болып қадалып, кереге болып керіліп келеміз.

Ынтымақтан асқан ырыс, келі­сімнен қымбат керемет жоқ біз үшін. Бәйтерек бейнелі еліміздің діңі – бірлігіміз берік болғай!