Руханият • 30 Сәуір, 2021

Ел қуаты – бірлікте

536 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан халқының бірлігі күні­не орай Қазақстан жазушылары кітап­ханасында «Ел қуаты – бірлікте» тақырыбында онлайн сабақ өтті. Жиын қатысушыларын мереке күнімен құттықтап келген Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов бірлігі мен ынтымағы жарасқан этнос өкілдерінің ел дамуын­дағы рөлі, қандай да болмасын қиын­дықтарды еңсерудегі бірлескен күш-жігері еліміздің әрі қарайғы дамуында маңызды рөлге ие деп атап өтті.

Ел қуаты – бірлікте

Кітапхана меңгерушісі Елена Ағайса қатысушыларды таныстыра келіп тәлім-тәрбиесі зор осындай мазмұндағы жиындардың өске­лең ұрпаққа керек екенін жет­кізді. Мемлекетіміздің өркендеу жолын­дағы саясаты бүгінде көптеген мем­лекетке үлгі. Халықаралық кеңістік­те мойындалуы, жүзден астам этнос өкілінің татулығы мен бір­лігі Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев саясатының арқасы. Ел экономикасын көтерудегі қазақ халқының ықпалдастығы тыныштық пен берекенің нәтижесі екендігін өз сөзіне арқау еткен Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ҚХА кафедрасының меңгерушісі Болысбек Батталханов бірлігі жарасқан қоғамның тарихына қатысты бірқатар деректі ортаға салды.

Халықтар бірлігіне арналған шараның өтуіне Қазақстан Жазушылары кітапханасы, «Қоғамдық келісім» РММ Достық үйі қызметін қамтамасыз ету бойынша басқармасы және Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы ұйытқы болып отыр.

Көпэтносты қоғамның ықпалдас­тығы, Қазақстанда тұратын этнос өкіл­дерінің қазақ тілін меңгеру мәселесін көтер­ген Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, ҚХА ғылыми сарапшылар тобының мүшесі Мендығаным Шаймерденова ел тарихын оқытуда студенттер үшін ғаламтордан гөрі кітапханалар­дың маңызды екенін атады. Өз сөзінде ҚХА институтының қоғамдық-саяси маңыздылығына тоқталып, Қазақ­стан этностарының өкілдері ара­сын­дағы еңбегі елеулі тұлғалар жа­йын­да тың деректер жинақталған «Өнер мен мәдениеттегі Қазақстан этнос­тары­ның өкілдері: есімнамалар энциклопедиясы» басылымын таныстырды. Энциклопедияның студенттер ғана емес, қалың көпшілік үшін де ақпараттық-танымдық маңызы зор екенін атап өткен ғалым әрі қарай да осы бағыттағы жұмыстардың жалға­сатындығына тоқталды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, филология ғылымының док­торы, профессор Асылы Осман адам­зат тарихындағы кітаптың рөліне ерекше мән бере сөйледі. Әрдайым мінберлерден қазақ тілінің сойылын соғып сөйлейтін тіл жанашыры бұл жолы да көпшілікке сын айтпай кетпеді. Өйткені тәуелсіздіктің отыз жылында әлі күнге дейін тіл мәселесі ше­шілмеген қоғамда сөз бен істің үй­леспей жатқандығы қынжылтады. Ал халықтың бірлігінде тілді меңгеру, ұлттық рух пен құндылықтарды игеру­дің мәртебесі жоғары. Мұндай келелі істе кез келген қоғам мүшесінің ұлт­жанды құлшынысы аса қажет.

Өзін көпшілікке Қызылорда облысында туып өстім деп таныстырған «Вайнах» Қазақстан чешен-ингуш қауым­дастығының мүшесі Зура Ах­мадова «Қандай ұлттың өкілі бол­майық, бәріміз бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан бір ағайынбыз», деді. Жүзден астам этнос өкілін бөліп-жармай, дастарқанын жайып, мейі­рім шуағын төгіп, қайырымын біл­дір­ген қазақ халқына алғыстан басқа айтарым жоқ деген З.Ахмадова қазақ халқына басын иіп, құрмет көрсетті.

Бүгінде Достық үйі халықтар дос­тығының ұйытқысына айналған мә­дени орталық. Мұнда ұлт өкілдері арнайы мерекелік жиындарды ғана емес, күнделікті мәдени шараларды өткізіп тұруды дәстүрге айналдырған. Достық үйінің жетекшісі Нұрсәуле Әлтекова карантин кезінде кездесулердің сиреп қалғаны болмаса, алдағы уақытта мазмұнды шаралар жалғасын табатын болады деп атап өтті. Осы жиында сөз алған Әуезов ауданы Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Кәмшат Тұрдыбаева, Достық үйі қызметін ұйымдастыру бойынша бас сарапшы Раушан Исмаилова ха­лық­­тар бірлігі мен достығының елі­міз дамуындағы маңыздылығына, осы ба­ғыттағы кәсіби шараларды ұйым­дас­тырудың ерекшеліктеріне тоқталды.

Ал «Филия» Қазақстан гректері қауымдастығының төрағасы Георгий Иорданиди қатысушыларды ел бір­лігі күнімен құттықтап, ҚХА инсти­туты құрылған алғашқы жылдар­дағы естеліктерімен бөлісті. Гректер­дің Қазақстанға келу тарихы жаппай репрессия кезеңімен тығыз байланысты. Күштеп жер аударылған  басқа да көптеген халық ішінде грек халқы қазақ елін паналаған қасі­рет­ті ұлттардың бірі. Тағдырдың қиын-қыстау кезеңінде Қазақстанды қор­ған етіп, пана жасаған грек хал­қының бүгінгі тағдыр-талайы тәуел­сіз елдің тарихымен тығыз байланыс­ты. Осылайша қазақ жері гректердің екінші отанына айналды. Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері тәрізді гректер де қазақ тілін үйреніп, мәдениетін бойына сіңірді. Бүгінде гректердің тағ­дыр-талайы ғылыми-зерттеу жұ­мыстарының негізіне айналған. Осы орайда Георгий Иорданиди тіл мен тарихқа қатысты жарыққа шық­қан бірнеше кітапты таныстырып, қауым­дастық құрылған жылдардан бергі аралықтағы маңызды шаралар жайында көпшілікті құлағдар етті.

Жиын соңында «Вайнах» Қазақ­стан чешен-ингуш қауымдастығының бишілер тобы лезгинка биін билесе, З.Ахмадова «Сарыжайлау» әнін көп­шілікке тарту етті. Қатысушылар мере­келік көңіл күймен бөлісіп, кітапхана залдарымен танысты.

 

Алматы