Оқиға • 30 Сәуір, 2021

Береке бастауы – ынтымақ

182 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанайда таяуда «Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделінің тұжырымдамалық негіздері» атты кітаптың тұсауы кесілді. Аталған еңбектің авторы Валерий Вишниченко – көп жылдар бойы Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясын басқарып, осы ұйымның атынан Мәжіліс депутаты болған өңірге белгілі саясаттанушы ғалым. Қазір А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде қызмет етеді.

Береке бастауы – ынтымақ

Мо­нографиялық еңбектің алғаш­қы тұсаукесер рәсімі елорда­да­ғы «Шаңырақ» Қазақстан халқы Ассам­блеясы кафедраларының қауым­дас­ты­ғы мен Павлодар қаласындағы С.Торайғыров атындағы университетте өткен. Автор өз еңбегінде әр кездері әртүрлі басылымдарда жарық көрген ғылыми ой-пікірлерді саралай отырып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделінің тұжырымдамалық негіз­де­рін жүйелеуге ұмтылыс жасайды. Оның айтуынша, монографиялық оқу құралы студенттерге, мектеп оқушыларына, мұғалімдер мен жас ғалымдарға, ел тарихы мен қазіргі заманғы этносаралық қатынастар мәселелерін зерттеушілерге арнал­ған. Валерий Вишниченко аталған еңбегінің үлкен бір тарауын Қазақ­стан халқы Ассамблеясына ар­напты.

Автордың айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясы бір орында қатып қалған құрылым емес, керісінше уақыт жылжыған сайын дамып отыратын тірі организм іспеттес ұйым.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяның миссиясы ешқашан тарылмайтынын, керісінше алдағы уақыт­та кеңейе түсіп, маңызды қо­ғамдық күшке айналатынын тілге тиек ете келіп, «жаңа жағ­дай­­да Ассамблея саясаттан тыс нағыз жалпыазаматтық және жал­пы­халықтық институтқа айналуы тиіс» деген болатын. Әрине, қоғам­да көрініс тауып жатқан түрлі жағдай мен жаңа трендтерді ескере отырып, Ассамблея да үнемі қыз­мет мазмұнын кеңейтіп, жұмыс жүргізу әдістерін түрлендіріп отыруы шарт. Егер нақты айтатын бол­сақ, ең алдымен, әлеуметтік әл-ауқат­­ты арттырудың ұлттық мо­де­­­лін қа­лыптастыру барысында Ассам­б­лея­ға ерекше әлеуметтік жа­уап­­кер­шілік жүктеліп отырғанын атап өтуге болады. Біріншіден, бұл қазіргі қо­ғамның эволюциялық дамуы­на алғышарт болатын маңызды құрал ретінде мойындалған Ассам­блея­ның медиациялық қызметіне қатысты. Екіншіден, ҚХА қоғамдық сананы жаңғырту үдерістеріне үлес қоса алатын және бұл үдеріске еліміздегі барлық этносты тарта алатын үлкен күшке айнала бастады. Ал, үшіншіден, XXI ғасырда Ассамблея азаматтық бірегейлікті қалып­тастырудың және оны кейінгі ұр­паққа аманаттаудың аса ма­ңыз­ды тетіктерінің бірі болып қала береді. ҚХА еліміздегі бейбіт­ші­лік пен келісімді қамтамасыз ету және болашағы жарқын жасампаз қоғам қалыптастыру бағытында біздің көп­теген этносымызды топтас­ты­ру­дың бірегей институты болып қала беретініне сенімдімін, – деді монография авторы.

Жаңа оқулық көпшіліктің қызы­ғу­шылығын туғызып отыр. Мәселен, бұл монографияны бүгінде еліміздің жоғары оқу орындарында жұмыс істеп жатқан Қазақстан халқы Ассам­­блеясы кафедралары пайдала­на­ды. Ал еліміздегі этносаралық бірлік, тату­лық мәселесімен айналы­сып жүр­ген жас ғалымдар немесе жай ғана қызығушылық танытқан қарапайым оқырман кітапты А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік уни­вер­ситетінің «Рухани жаңғыру және ҚХА» жобалық офисінен немесе Л.Толстой атындағы облыстық кі­тап­ханадан таба алады.

 

Қостанай облысы