Медицина • 04 Мамыр, 2021

Індетті жеңудің жолы – екпе салу

729 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елордада қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен «Вакциналау – Сovid-19-сыз өмір сүру жолы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға қаланың медициналық мекемелерінің басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың, мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты.

Індетті жеңудің жолы – екпе салу

Бақтияр Мәкен атап өткен­дей, бүгінгі таңда қалада күн сайын орта есеппен 300-600 КВИ жағдайы тіркеледі. Салыс­тырмалы түрде алсақ, өткен жыл­дың шілдесінде бұл цифр 180-200 болатын. Эпидемиялық жағ­дайды бағалау бойынша Нұр-Сұлтан бір айдан астам уақыт «қызыл аймақта» тұр.

«Вакциналау – індеттің алдын алудың басты шарасы. Сол себепті оны қолданудың пайдасы ықтимал қауіптерден едәуір асып түседі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде КВИ-мен күрестегі жалғыз сенімді шешім вакцина екенін айтты. Бұл локдаундардан шығу стратегиясын алдын ала ойластырған елдердің мысалымен дәлелденді. Қазір олардың экономикасы мен азаматтардың күнделікті өмірі пандемиялық қиындықтарды сезінбейді. Қа­зіргі уақытта халықты вакциналау коронавирус инфекциясымен күрестегі маңызды кезең бо­лып саналады. Ұжымдық им­му­нитетті қалыптастыру үшін біз 650 мыңнан астам адамды не­месе қала халқының 60%-ын вакциналауымыз керек. Бүгін­де елордада 100 мыңнан ас­там адам вакцинаның бірінші ком­понентін, ал 16 мыңнан астамы вакцинаның екі компонентін ал­ды», деп атап өтті әкім орынбасары.

Сонымен қатар Б.Мәкен медицина қызметкерлерінің коро­на­вируспен күресте өз ден­сау­лығын қатерге тігіп, науқас­тарды ем­деп шығару жолында атқарып жат­қан еңбегін айрықша атап өтті.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі­нің «Көпбейінді медициналық орталық» ШЖҚ МКК директоры­ның орынбасары Сәуле Атығаева 15 ай бойы коронавирус госпита­лінде жұмыс істеп келеді.

«Біз бірнеше мың науқасты емдедік, өкінішке қарай қайтыс болғандар қатары да аз емес. Сол сияқты әріптестерімізден де, туыстарымыздан да, таныстарымыздан да айырылдық. Сәуір айында індеттің айтарлықтай өскенін байқап отырмыз. Осы жылдың қаңтар айымен салыс­тырсақ, коронавирус үш-төрт есе, өлім-жітім бес есе өсті. Қаң­тар айында 22 адам қайтыс болса, сәуірде 104 адамға жетті. Қайтыс болған туыстарының мәйітін алуға келген кісілердің қайғысын көру – біз үшін өте ауыр. «Вакцина неге ертерек пайда болған жоқ», «ата-анамызға неге вакцина сал­­дырмадық, қазір оларды жер­­леудің орнына бір дастарқан басында отырар едік» деген сөздерді жиі естиміз», деді С.Атығаева.

Індеттің алдын алудың жал­ғыз, жеңіл, қолжетімді жолы – вак­циналау. Вакцина бөліп шы­ғаратын антиденелер қауіпті вирус­пен бетпе-бет кездескенде ауру­дың жеңіл өтуіне ықпал етеді.

«Ең дұрысы вакцина қабыл­дап, иммунитетті арттыру. Бұл сөзімді 30 жылға жуық тәжі­ри­бесі бар жұқпалы аурулар дәрігері ретінде айтып отырмын. Мен дифтерияның өршуін 1994-1995 жылдары көрдім, ол кезде қайтыс болған туыста­рымызды жерледік. Ол кезеңді де вакцина арқылы жеңіп шық­тық. Біз қызылшаның өрші­генін де көрдік, әсіресе бала­ларға вакцина болмаған жылдары үлкен қиындыққа тап бол­дық. Сол себеп­ті жағдайды толық­тай салыстыра аламын», деді меди­циналық орталық дирек­торының орын­басары.

Әріптесінің айтқанын қала­лық фтизиопульмонология орта­лығының директоры Анна Цепке де қолдады. Аталған орталық 2020 жылы КВИ пациенттерін қабылдаған алғашқы клиника болды.

«Індеттің басында ең бірінші болып науқастарды қабылдадық. Науқастарды емдейтін жалғыз мекеме боламыз деп ойлаған едік. Бірақ өткен жылы жағдай мүлдем басқа бағытта өрбіді. Ауруханадағы орын қорына үлкен жүктеме түсті, ауыр жағ­дайдағы науқастар да өте көп. Өткен жылдың жазы медицина қызметкерлері үшін, жалпы денсаулық сақтау жүйесі үшін ең қиын кезең болды. Бүгінгі таңда ауру одан да көп. Бірақ инфекцияға қарсы вакцинаның шығуы үлкен көмегін тигізбек. Вакциналау бізге тығырықтан шығатын үміт сыйлады. Түптеп келгенде бұл жұмыс өз нәтижесін беріп, адам өмірін сақтап қала­тынына сенімдімін», деп атап өтті А.Цепке.

Қоғам қайраткері, дәрігер Надежда Петухова елдегі эпи­демия­лық жағдайдың ушық­қанын атап өтті. Оның айтуын­ша, қазір елде коронавирус ауруы 2020 жылдың шілдесіне қара­ғанда үш есе көп.

«Бүгінде жансақтау бөлім­дерінде ауыр жағдайдағы нау­қас­тар көп. Біз бұл індеттің бұ­рын зерттелмеген, белгісіз және жаңа түрі екенін білеміз. Қазақ­­станның өз халқын вак­ци­налауға мүмкіндігі бар еке­ні қуантады. Кейбір елдер­де адамдар митингілерге шы­ғып, наразылық білдіруде, өйт­кені олар­дың вакцина алуға мүмкіндігі жоқ. Вакцина коронавирустан қорғанудың жалғыз сенімді, қауіпсіз және тиімді әдісі екенін естен шығармайық», деді Н.Петухова.

Өз кезегінде «Ұлттық ғылы­ми медициналық орталық» АҚ Басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы Абай Байгенжин қазақстандықтар қабыл­дайтын вакциналардың қауіп­сіздігі мен жоғары тиімді­лігін алға тартты.

«Біз Мәскеудегі профессор Гинцбург басқаратын Н.Ф.Гамалея атындағы Эпиде­мио­логия және микробиология ұлт­тық зерттеу орталығына бар­дық. Екі күн ішінде бізге Спутник V вакцинасының бү­кіл тізбегі мен даму механизмі көр­сетілді. Бұл вакцина сонау кеңес дә­уірінен жасалған ең сәт­ті әзір­лемелердің бірі еке­ніне көз жеткіздік. Біз коро­нави­рус­тың қандай қауіпті ауру еке­нін жақсы білеміз. Бүгінде вак­цинаның баламасы жоқ», деп атап өтті А.Байгенжин.