Спорт • 04 Мамыр, 2021

Марк Селби – әлемнің төрт мәрте чемпионы

231 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Англияның Шеффилд қаласында снукерден өткен әлем чемпионатының финалында британиялық Марк Селби жерлесі Шон Мёрфиді 18:15 есебімен тізе бүктірді, деп хабарлайды Egemen.kz

Марк Селби – әлемнің төрт мәрте чемпионы

Сөйтіп, Марк Селби дүние жүзінің төрт дүркін чемпионы атанды және 500 мың фунт стерлингті (298 349 717,25 теңге) жамбасқа басты. Әйгілі снукерші бұған дейін мұндай атақты 2014, 2016 және 2017 жылдары жеңіп алған болатын.

Мамандар аса сақ және көбінесе қорғаныста ойнағанды ұнататын снукерші деп сипаттайтын Марк Селби шешуші жекпе-жекке дейін Марк Аллен, Марк Уильямс және Стюарт Бинэм сынды мықты снукершілерді жарыс жолынан ығыстырған еді. Ал финалдық ойында ол мамандар тарапынан жоғарыда айтылған пайымның шындыққа жанаса бермейтінін, сонымен қатар, тактикалық шеберлік тұрғысынан алғанда өзіне тең келер снукерші жоқтығын іспен дәлелдеп шықты.

Осы жеңісінен кейін Марк Селби әлемдік рейтингте 1246000 ұпаймен екінші орынға көтерілді. Ал көш басында қоржынында 1370000 ұпайы бар Джадд Трамп тұр.

12

Аса тартысты өткен шешуші жекпе-жекте есе жіберген Шон Мёрфи көңілді 200 мың фунт стерлингпен жұбатты және әлемдік рейтингтегі жағдайын біршама жақсартып алды. Қазір ол 643500 ұпаймен төртінші орынға табан тіреген. Айта кету керек, Шон Мёрфи осыдан 16 жыл бұрын әлем чемпионы атанған болатын.

 

 

Қарағанды облысы