Үкімет • 05 Мамыр, 2021

Шағын және орта бизнес – тұрақтылық кепілі

200 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдай мен шағын және орта бизнесті қолдау шаралары қаралды. Қазіргі ахуал және халықты вакциналау барысы туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, өңірлердегі ахуал туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов баяндады.

Шағын және орта бизнес – тұрақтылық кепілі

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

Қазақстанда 1,5 млн-ға жуық адам вакцина алды

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, әлемде COVID-19 бойынша сырқаттанушылық пен өлім-жітім жағдайы әлі де күрделі. Бүгінде әлемде КВИ-дің 153 млн-нан астам жағ­дайы тіркелген, тәулігіне 600 мыңнан астам жағдай тіркелуде. 3 млн-нан астам адам қайтыс болды, өлім-жітім көрсеткіші –  2,1 %. «Әлемдік рейтингке сәйкес, Қазақ­стан сырқаттанушылық көрсеткіші бойын­ша 107-орында, ал өлім көрсеткіші бойынша 108-орында тұр. Қазақстанда 4 мамырдағы жағдай бойынша COVID-19 оң нәтижесімен 330 071 науқас және КВИ- нәтижесімен 53 093 жағдай тіркелді», деді А.Цой.

Жоғары эпидемиялық қатер айма­ғында 9 аймақ бар: Нұр-Сұлтан, Ал­маты, Шымкент қалалары, Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қызыл­орда және Павлодар облыстары. Өткен аптада Павлодар және Жамбыл облыстары қызыл аймаққа өтті. 

Бүгінгі таңда орта эпидемиялық қатер аймағында 5 өңір бар: Ақтөбе, Аты­рау, Шығыс Қазақстан, Алматы, Маң­ғыстау облыстары. 3 өңір «жасыл» ай­мақта. Олар – Қостанай, Түркістан, Сол­түстік Қазақстан облыстары.

Соңғы үш апта ішінде сырқат­та­ну­шылық динамикасы іс жүзінде бір деңгейде сақталып отыр. Өткен аптада сырқат­та­нушылықтың 2%-ға төмендегені байқа­лады, өлім-жітім көрсеткіші өткен апта деңгейінде сақталып отыр. Биыл 4 ма­мырдағы жағдай бойынша респуб­ликада инфекциялық орындар­дың жүктемесі 42% (15 517 төсектік орын), реани­мациялық төсектік орындар­дың жүктемесі 28%-ды (962 төсектік орын) құрайды. Инфекциялық төсектік орын­дардың жоғары жүктемесі Нұр-Сұлтан қаласында – 60%, Алматы қаласында – 57%, Қызылорда облысында – 59%, Алма­ты облысында – 56%, реанимациялық төсектік орындардың жоғары жүктемесі Нұр-Сұлтан қаласында және Батыс Қазақстан облысында 62%, Алматы қаласында – 52%.

Бүгінгі таңда Қазақстанда вакциналау үшін үш вакцина қолжетімді. Бұл Спутник V, QazVac және Hayat-Vax вакциналары. Шамамен 1,5 млн адам немесе вакциналауға жататын халықтың 15%-ы егілді. Вакцина алу қарқыны әр азаматтың туыстары мен жақындарының денсаулығына қамқорлық танытудағы саналы көзқарасына байланысты.

Вакцинаны жеткізу жоспарға сәйкес жүзеге асырылады, ақпан айынан бастап сәуір айының соңына дейін 2,3 млн доза вакцина жеткізілді, бұл вакциналауға жататын халықтың 20%-ына қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Вакциналау қар­қынды жүріп жатқанын атап өткім келеді, мысалы, 1 сәуірмен салыс­тырғанда бірінші және екінші дозасын алғандар тәулігіне 12 есе, яғни тәулігіне 11 мыңнан 135 мың адамға дейін өсті. Бұл ретте 11 мың медицина қызметкері, 1 мыңнан астам стационарлық егу пункттері және 400 жылжымалы пункт жұмылдырылды. Вакциналау пункттері 2 ауысымда сағат 24.00-ге дейін және демалыс күндері жұмыс істейді», деді ведомство басшысы. 

Вакциналау науқаны басталған сәт­тен бастап Қазақстанда КВИ-ге қарсы вак­ци­наның 1,8 млн-ға жуық дозасы қол­данылды. Сонымен қатар өңірлердің әкім­дері қазір ауыл тұрғындарын вакциналауға назар аударуы қажет, осы мақсатта жыл­жы­малы медициналық кешендердің мүм­к­індіктерін барынша белсенді пайдалану керек.

Министрлік әлеуметтік-экономи­калық нысандардың жұмысын шектеу кри­те­рийлерін қайта қарады, оның ішінде ашық аспан астында қызмет ететін нысандар үшін, спорттық іс-шаралар өткізуде, бала­ларды сауық­тыру ұйымдарының қыз­метінде уақыт бойынша бірқатар шек­теу­лерді алып тастау,  жеңілдіктер беру бар.

А.Цойдың айтуынша, КВИ-ға қар­сы вакциналанғандар санының біртін­деп артуына және Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына байланысты КВИ-ға қарсы вакциналаудың толық курсынан өткен адамдар үшін бірқатар шектеулер алынып тасталды. Сонымен COVID-19-ға қарсы вакциналаудың толық курсынан өткен жағдайда ауруханаға жатқызудың кез келген түрінде, ұйымдасқан ұжымдарға барғанда, вахта жұмысшыларына, демалыстан, іссапардан кейін медициналық қызметкерлерге, ауырып қалуына байланысты жұмыс орнында болмаған кезде, медициналық ЖОО-лар мен кол­ледж­дердің студенттеріне және т.б. ПТР тесті қажет емес. CОVID-19 расталған жағ­дайда олармен байланыста болғандар оқшауланбайды, бірақ медициналық бақылаумен қамтамасыз етіледі; кеңсе ұйымдарының қыз­мет­керлері қашықтан жұмыс істеу форматына ауыспайды.

Сондай-ақ 26 сәуірден «Ashyq» бағдарламасы барлық өңірде қолданыла бастады, оған 3 мыңға жуық қатысушы, 650 мың пайдаланушы тіркелді, шамамен 900 КВИ науқас және олармен байланыста болған 700 тұлға анықталды. «Күн сайын тәулігіне 400 мыңға дейін жағдай тіркеліп отырған Үндістандағы коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиялық жағдайдың нашарлауын ескере отырып, Үндістан аумағында таралған штамның әкелінуінің алдын алу бойынша қосымша шаралар қабылданды. Мәселен, Қазақстан Республикасына келген және соңғы 14 күн ішінде Үндістанға барған адам­дар ПТР әдісімен COVID-19-ға анық­тамасының және COVID-19-ға қарсы вакциналануына қарамастан, 14 күнге үйде оқшаулануы (үй карантині) тиіс», деп түйіндеді А.Цой. 

 

Халықты вакциналау қарқынын арттыру қажет 

Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Оның айтуын­ша, қазіргі таңда ауру өсімінің тұрақ­тану үрдісі байқалады. Вирустың репро­дуктивті индексі аздап төмендеп, 0,98 құрады. Аурухана төсектерінің жүкте­луі 42%, реанимациялық төсектік орын­дар­дың жүктелуі 28% құрайды. 9 өңір «қызыл аймақта» тұр: Нұр-Сұлтан, Алма­ты және Шымкент қалалары, Батыс Қа­зақ­стан, Ақмола, Қарағанды, Қызылорда, Пав­лодар және Жамбыл облыстары. Өңір­лерге 2,3 млн-нан астам вакцина жет­кізілді. 1,5 млн-ға жуық адам вакци­наның бірінші компонентін және 350 мың адам екінші компонентін алды. Бұл вакциналауға жататын халықтың 15%-ы. Қоймаларда вакциналардың жет­кілікті қоры бар. «Вакциналаудың осы қарқынын төмендетпей, оны тек өсіру керек. Халықтың коронавирусқа қарсы вакцинаға қажеттілігін барынша қам­тамасыз етіп, пандемия деңгейін төмен­дету үшін барлық шаралар іске асырылуда. Ауыл тұрғындарына вакцина салуға ерекше назар аудару керек», деді А.Мамин.

Премьер-Министр вакцина алғандар санының артуына қарамастан, азаматтар белгіленген санитарлық нормаларды әрі қарай да қатаң сақтауы тиіс екенін атап өтті. Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, көшпелі вакциналау пункттерін қолдануды кеңейте отырып, ауыл тұрғындарын барынша вакциналауды қамтамасыз етуді тапсырды. «Мамырда 2 млн-нан астам адамды вакцинамен қамтамасыз ету жоспары орындалуы тиіс. Әлеуметтік-экономикалық объектілердің жұмысын шектеудің жаңа критерийлерін, сондай-ақ вакцина алғандарға жеңілдіктерді енгізуді бақылау керек. Бұл, әсіресе, қызмет көр­сету саласында бизнесті жандандыруға мүм­кіндік береді», деді А.Мамин.

Ақпарат және қоғамдық даму минис­тр­­лігіне Денсаулық сақтау министр­лігімен, әкімдіктермен бірлесіп, вакциналау, Қазақ­станда қолданылатын барлық вакци­налардың қауіпсіздігі, оларды таңдау мүмкіндігі, сондай-ақ шектеу шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын арттыру тапсырылды.

 

24 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісіне несие беріледі  

Үкімет отырысында шағын және орта бизнесті қолдау шаралары қа­ралды. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерға­лиев, «Атамекен» ҰКП төр­ағасы Абылай Мырзахметов, «Да­му» кәсіпкерлікті дамыту қорының бас­қар­ма төрағасы Гаухар Бөрібаева баяндама жасады.

Ұлттық экономика министрі Ә.Ерға­лиевтің айтуынша, пандемия және жалғасып жатқан шектеулер жағдайында кәсіпкерлер қызметі үшін шағын және орта бизнесті қолдау ерекше өзектілікке ие болып отыр. «2020 жылдың 3 тоқсанында экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі 30,5%-ға жетті. Шағын және орта бизнес субъектілерімен 2020 жылы 32,7 трлн теңгеге өнім шығарылды. Осы жыл­дың 1 қаңтарында ШОБ-та жұмыспен қам­тыл­ғандардың саны 3,4 млн адамды құ­рады», деді Ұлттық экономика министрі. 

Іскерлік ахуалды жақсарту бойынша қабылданған реформалар Қазақстанға 2019 жылы Doing Business рейтингінде 25 орынға көтерілуге мүмкіндік берді. Биыл шағын және орта бизнесті жеңілдікпен несиелендіру жұмыстары жалғасуда. Осы жылдың бірінші тоқсанында 663 млрд теңге сомасына 16 мыңнан астам жоба жеңілдетілген қаржыландыру алды. Жыл қорытындысы бойынша 2,5 трлн теңгеге жеңілдетілген несиемен 47 мыңнан астам жоба қамтамасыз етіледі.

Экономиканың зардап шеккен сектор­ларындағы шағын және орта бизнес кре­диттерін қайта қаржыландыру шеңберінде қолдау көрсетілуде. 2020 жылғы 15 наурыз бен 2021 жылғы 15 наурыз аралығында 475 млрд теңге сомасына 9 мыңға жуық жобаны қайта қаржыландыру үшін субсидиялар берілді. Биыл аталған тізбе 145 экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішіне кеңейтілді. Кеңейтілген тізбе бойынша субсидиялар 132 млрд теңге кредиттік портфель сомасына 2 мың жоба бойынша төленеді.

«Биылғы жылдың 1 сәуірінде Мем­лекет басшысы экономиканың зардап шеккен секторларында несиелерді жеңіл­детілген түрде қайта қаржыландыру, мерзімін 1 шілдеге дейін ұзартуды тапсырды. Осы жұмыс аясында 93 экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші анықталды. 425,5 млрд теңге несие сомасына 6,7 мыңнан астам жобаны қамту жоспарлануда», деді Ә.Ерғалиев.

Осы жылдың 1 тоқсанының қоры­тындысы бойынша «Бизнестің жол картасы – 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары шеңберінде кредиттердің 232 млрд теңге жалпы сомасына 5 884 жоба субсидияланды, 87 млрд теңге несие сомасына 6 892 жоба бойынша кепілдік берілді. Аграрлық несие корпорациясы аясында 5,9 млрд теңге несие сомасына 134 жобаға қолдау көрсетілді.

Өткен жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында бизнесті микрокредиттеу жаңа бағыты басталды. Осы бағыт шеңберінде айналым қаражатына 5 млн-ға дейін және инвес­тициялық мақсаттарға 20 млн теңгеге дейін кредиттер беріледі. Бұл ретте, 5 млн теңгеге дейінгі қарыз­дардың басым бөлігі соңғы қарыз алушы үшін 6% мөлшерлеме бойынша кепіл­сіз негізде беріледі.

Биыл жыл қорытындысы бойынша аталған бағдарламалар шеңберінде 24 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілерін шағын несиелеумен қамту жоспарлануда.

Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. «Шағын және орта бизнесті дамыту – экономиканың тұрақ­тылығын қамтамасыз етудің маңыз­ды факторларының бірі. Биз­нес­тің қарқынды дамуына барынша қолайлы жағдай жасау үшін ауқымды конструктивті жұмыс жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар пандемия өз түзетулерін енгізді, шектеу­лерден шағын және орта бизнес зардап шекті», деді ол.

Премьер-Министр Үкімет тұрақты түрде «Атамекен» ҰКП-мен және өңірлік кәсіпкерлер кеңестерімен бірге бизнесті аса толғандыратын мәселелерді жедел қарап, олар бойынша тиісті шешімдер қабылдайтынын атап өтті. Атқарылған жұмыс нәтижесінде қызметіне шектеу­лер әсер ететін ШОБ субъектілерін қолдаудың 60-тан астам қосымша шаралары қарастырылған 2021 жылға арналған экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар өзектендірілді. Бірінші кезекте бұл шаралар бірқатар салықтық жеңілдіктер тұрғысынан бизнеске жүктемені азайтуға және салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге, жеңілдікті қар­жыландыруға қолжетімділікті кеңей­туге, мемлекеттік сатып алуға қолжетім­ділікті оңайлатуға, сондай-ақ кәсіп­керлік қызметті қайта реттеуге қатысты.

Биыл ШОБ-тың қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейту аясында шамамен 47 мың жобаны қамти отырып, 2,5 трлн теңгеден астам жеңілдікті несие беріледі. Кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары бо­йынша бизнес өтінімдерін қарау мерзімдерін 21-ден 5 жұмыс күніне дейін қысқарту бо­йынша жұмыс жүргізілді. Субсидиялау және несиелерді кепілдендіру аясында мемлекеттік қызметтерді цифрландыру биыл 97%-ға дейін ұлғайды.

2021 жылғы 1 сәуір мен 1 шілде ара­лығында ШОБ субъектілері үшін еңбекақы төлеу қорынан барлық салықтарды төлеу­ді кейінге қалдыру мүмкіндігі берілді. Бұл бизнеске шамамен 200 млрд теңгені сақтауға мүмкіндік берді.

ШОБ субъектілерінің салықтық және кедендік берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу 2021 жылғы 1 шілдеге дейін тоқтатылды. Бұл бизнеске айналым капиталы үшін 279 млрд теңгені босатуға көмектеседі.

Екінші деңгейлі банктердегі кредит­тер бойынша төлемдерді 2021 жылғы 1 шілдеге дейін кейінге қалдыру жөнін­де шаралар қабылданды. Кейінге қалды­рылған төлемдер көлемі 750 млрд теңгені құрайды.

«Біздің қазіргі міндетіміз – кәсіп­кер­лерге бизнесті дамытуға қолдау көрсету. Қабылданып жатқан шаралар биыл экономика өсімі құрылымында 0,8 пайыздық тармаққа дейін қалып­тас­тыруға мүмкіндік береді», деді А.Мамин.

Үкімет басшысы Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі өзек­тен­дірілген кешенді жоспардың уақ­тылы орындалуын, бизнесті салықтық ын­таландыру бойынша заңнамалық түзетулер пакетін қабылдауды және 2021 жылғы 1 маусымға дейін Парламентте тиісті жұмыс жүргізуді тапсырды. Мемлекеттік органдарға, әкімдіктерге, «Даму» қорына «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бизнестің барлық қолдау түрлерін алу жөніндегі өтінімдерін қысқа мерзімде қарау міндеттелді.