Тарих • 09 Мамыр, 2021

Тұрлауы қиын тағдырлар

119 рет көрсетілді

Ұлы Отан соғысы, яғни 1941-1945 жылдары әскери тұтқында болған кеңестік әскерилердің саны туралы неміс қолбасшылығы жариялаған ресми деректерде 5,27 миллион адамның санын көрсетілген еді. Бірақ соңғы жылдары бұл мәлімет нақтылануда. Ресейлік маңызды басылым «Известия» газеті 1998 жылы 25 маусым күнгі санына Қарулы Күштері Бас штабынан алынған мәліметті жариялады. Онда: 1941-1945 жылдары Совет одағынан 34 млн 476 мың 700 мың адам майданға қатысып, олардың 11 млн 944 мың 100 адам қаза тапса 4 млн 559 мың адам тұтқынға түскен делініпті. Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын зерттеушілер осы мәліметке жүгінуде.

Жалпы соғыс тұтқындары жайлы айтар болсақ, олардың құқығын қорғайтын халықаралық заңдар бар. Соның бірі – 1899, 1906 жылдары екі дүркін қабылданып, әлемінің 47 мемлекеті қол қойған Гаага және 1929 жылғы Женева конвенциясы. Кеңес одағы бұл актілерді патшалық Ресейдің мұрасы ретінде қабылдап, қол қойудан бас тартқан болатын. Соның кесірінен Екінші дүниежүзілік соғыста немістердің қолына түскен кеңестік тұтқындар ешқандай қорғаусыз қалды. Мысалы, жазушы Лев Разгон 1994 жылы жарық көрген «Плен в своём отечестве» атты кітабында: «Кеңес одағы халықаралық заңды мойындамағандықтан тұтқынға түскен кеңестік жауынгерлерге немістер не істесе де мүмкіндігі болды» десе, Рига қаласында туып, патшалық Ресей армиясында, кейін 1941-1945 жылдары  Вермахтың офицері болған В.Штрикфельдт қолға түскен совет жауынгерлерін «ешқандай қорғансыз тірі жандар» деп сипаттағаны бар.

Оның сыртында неміс қарулы күші Вермахт армиясы қолға түскен тұтқындардан коммунистерге қарсы соғысатын арнайы жасақ құрды. Тарихшы Әбжәми Байшуақұлы 1992 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің 48-ші санында жарық көрген мақаласында, 1941 жылы күзде Гитлер Шығыс Пруссияға келген кезінде оған генерал Эркилет қолға түскен кеңестік тұтқындардан арнайы жасақ – легион құру жайлы ұсыныс айтқан десе, аталмыш тақырыпты зерттеп жүрген тағы бір ғалым Бақыт Сыздықова, 1941 жылдың аяғында Альферд Розенберг фюрерге түріктектес халықтар легионын құруды қолдаудың басымдығы жайлы құжат жолдағаны туралы мәлімет келтіреді. Қалай десек де, бұл бастаманы Гитлер құп көрген. Сөйтіп, 1942 жылдың қаңтар айында Германияның Сыртқы істер министрі Иоахим фон Рибентроп пантұранизмді қолдау жайлы нұсқау берген. Дәл осы оқиғадан кейін Вермах шығыс легиондарын құруды қолға алған.

Шығыс легиондарын құруда немістер екі түрлі мақсат қойған. Бірінші, тұтқындарды әскери мақсатқа пайдаланып майдан даласындағы үстемдігін күшейту; тылдағы әскери мақсаттағы құрылымдар жұмысын тұтқындарға жүктеу арқылы сондағы неміс бөлімдерін майданға аттандыру болса, екінші мақсаты – соғысты әлем жұртшылығына «коммунизммен күрес» есебінде көрсету. Сөйтіп, 1941 жылдың қазан-қараша айларында абвер неміс жауынгерлерінің Кавказ және Орта Азияға қарай бөгетсіз жылжуына жәрдем беруі үшін кеңестік әскери тұтқындар есебінен арнайы мақсатқа пайдаланатын бөлімдер ұйымдастыруды қолға алды. Бұл құрылымдар «Оңтүстік» армия тобының тылында жасақталатын болды. Өйткені, бұл армияға қарсы тұрушы кеңестік күш азиаттардан құралғандықтан тұтқынға олар көп түскен еді.

Ақыры 1941 жылдың 15 қарашасында жаяу әскер Бас штабының генерал-майоры Е.Вагнердің бастамасымен 444-ші күзет двизиясының жанынан легионерлер жүздігі құрылды. Іле-шала жоғарыдағы жоспарға сәйкес шығыс легионын жасақтау қолға алынды. Шығыс легиондары бір жағынан запастағы әскери құрылым ретінде танылса, екіншіден, соғысып жатқан бөлімдердің жеке құрамын дайындықтан өткізетін орталықтар болып есептелді. Бұл орталықтар майдан шебінен алыс Польша территориясында құрылды.

Сөйтіп, 1942 жылдың алғашқы айларында тұңғыш рет төрт легион құрылса, кейін бұлардың саны 6-ға жетті. Осы алтаудың бірі – Түркістан легионы. Бұл құрамға – өзбек, қазақ, түркімен, қырғыз, белуж, дұңған, иран тектестер, қашғарлықтар, шұнғандар, тараншы ұйғырлар және шығыс татарлары тартылды. Легион сапында Орта Азия және Қазақстан азаматтары көп болғандықтан діни бостандық беріліп, өзбек молдалар жауынгерлерге Құран тәпсірін түсіндіріп, имандылық жайлы насихат айтуға шек қойылмаған.

ффф

Жауынгерлерге өздері тілін білетін кеңестік қару-жарақ беріліп,  үстеріне неміс әскерінің формасы кигізіліп, жеңінің оң жағына «Аллаһ биз билан» («Алла бізбен бірге») деген жазу бәдізделіп, мешіттің суреті салынған және    астына «TURKISTAN» деп таңбаланған эмблема тақты (Амантай Кәкен «Жұлдыз» журналы, 2008 жыл, қыркүйек).

Сыртқы киім формасы неміс әскерлерінен бөлек болу үшін бұлардың гимнастеркасының жағасындағы петлицасы мен иығындағы погоны қара көк түспен жасалды. Погонның шеті ақ матамен көмкерілді. Командирлердің погонында көлденең ақ лентасы болды. Лента саны шеніне байланысты көбейіп отырды.

Сонымен қатар легионның байрағы болды. Оның үстіңгі жағы жасыл, асты қызыл түсті матадан жасалып, тудың бетіне садақ пен жебенің суреті салынып, төменгі жағына жарты ай бейнеленді. Легионерлерге әр 10 күн сайын, рота командиріне – 72, взвод басшысына – 42, қатардағы легионерге – 15 злотых жалақы беріліп тұрған. Ас-судың күндік нормасы: 400 гр нан, 1 литр сорпа, 25-30 гр шұжық, 20-30 гр сары май, 3 тал шылым, кейде 50-100 гр коньяк, 5 дана кәмпит.

Легионды әрбірі 1100-1200 адамнан тұратын 9 батальонға бөлді. Бұның сыртында легионның «СС» ротасын және тек қазақтардан құралған «Алаш» отрядын жасақтады. Бұл қазақ отрядының арнаулы туы және сарбаздардың жеңінде ерекше белгісі болды. Отряд құрамына алынған жауынгерлердің біразы Люкенвальд барлау мектебіне оқып, Кеңес үкіметінің алашордашыларға жасаған қиянаты жайлы хабар тапты...

Әрбір батальонда 3 атқыш, 1 қарау-жарақ ротасы, бұдан басқа штаб ротасы деген болды. Бұлардың әрқайсысы шамамен 170-190 адамнан құралды. Әр ротада 4 взвод болды. Қару-жарақтан танкіге қарсы ататын мылтық, 50 миллиметрлік 3 миномет, ал штаб ротасында 10-12 станкілік пулемет, 45 миллиметрлік 4 зеңбірек, 50 миллиметрлік миномет, оның сыртында байланыс және сапер взводтары болды. Әр батальонға радиостанция, 2-3 жүк машинасы тіпті кейбіреуіне бронды машина берілді.

Қолдағы деректерге үңілсек, Түркістан легионерлері керемет бір шешуші шайқасқа қатысқан жоқ. Тіпті 1,3,4,6,8-ші батальондар ебін тауып, қару-жарағымен Қызыл Армия жағына өтіп кетті. Одан қалғандары бас сауғалап қашты. Немістер 5-ші батальон жауынгерлерін Донбасс майданында треншея қаздырып, сым-қоршау тарттырып қорғаныс шебін тұрғызуға пайдаланды. Бұлар соғыс басталғанда екі оттың ортасында қалып түгел қырылды. Ал 9-шы батальон соғысқа қатысқан жоқ Варшава түбіндегі темір жол торабын күзетті.

Осыған қарағанда легионерлер немістерге қызмет ете қоймаған. Тіпті 1944 жылы Батыс Украйнада күзет қызметіне жегілген Түркістан легионының 100 жауынгері жұмыс орнын тастап, фашистерге қарсы соғысты. Уақыт өте келе бұлар украйналық партизан отрядтарына қосылып, кешікпей Кеңес әскеріне өтті. Бұндай фактілер көп.

Соғыстан кейін неміс тұтқыны болғандардың бәріне әртүрлі жаза жүктелді. Көбі атылды, қалғаны 10-нан 25 жыл арқалып түрмеге қамалды. Бұған Сталиннің «Бізде тұтқындар жоқ, тек отанын сатқандар бар» деген бір ауыз сөзі себеп. Оның сыртында 1941 жылы 16 тамызда Сталин 270-ші бұйрыққа қол қойып: «Соғыста жау қолына түскен тұтқындар қасақана әскерден қашқан болып есептелсін...» деген үкімі тағы бар.

Расын айтқанда, тұтқынға түскен түркістандықтарды Кеңес үкіметі буржуазиялық ұлтшылдардың ізбасарлары, халық жауы деп қараласа, немістер күні бүгінге дейін күн тәртібінен түспей келе жатқан «мұсылман факторы» атты үлкен ойынның құрбандығына айналдырды.

Қазақ легионерлері арасында, «қазақтың Паганині» атанған скрипкашы Әйтікеш Толғанбаев, белгілі әнші Мұхамбетқали Батыргереев сияқты өнер қайраткерлері, сонымен қатар қаламгер азаматтар Әли Асқар, Мәжит Аяпбек, Мәжит Айтбаев, Мәулікеш Қайболдин, Хамза Абдуллин  және т.б. болды.

Осылардың арасынан 1992 жылы скрипкашы Әйтікеш Толғанбаев, 1996 жылы ақын Хамза Абдуллин екеуі ғана ақталды. Қалғандары әлі күнге ақталған жоқ.

Соңғы жаңалықтар

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы Лондонда тойланды

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы • Бүгін, 10:52

Алматыда жылу жүйесі жарылды

Аймақтар • Бүгін, 10:32

Парижде Абай бюсті ашылды

Руханият • Бүгін, 10:28

6 өңір «сары» аймақта тұр

Коронавирус • Бүгін, 09:43

Талантты жастар танылды

Өнер • Бүгін, 09:33

«Төрттік финалдан» тыс қалды

Футбол • Бүгін, 09:31

Құлпырған Қызбел

Аймақтар • Бүгін, 09:26

Отар ауылындағы оңды тірлік

Аймақтар • Бүгін, 09:21

Ұқсас жаңалықтар