Туризм • 14 Мамыр, 2021

Биыл туризм саласында 100-ден аса іс-шара ұйымдастырылады

592 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында туризм саласында республикалық және өңірлік деңгейде 100-ден астам іс-шара ұйымдастыруды жоспарланды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың халық алдындағы есептік кездесуінде айтылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл туризм саласында 100-ден аса іс-шара ұйымдастырылады

Оның айтуынша, туристік нарықтың қызметін одан әрі ынталандыру бойынша заңнамалық актілер қабылданып, көрсетілетін қызметтер желісі ұлғайтылды. Инфрақұрылымды дамыту мен инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін барлық жағдайлар жасалуда.

«Бүгінде мәдениет, әдет-ғұрыппен дәстүрлерді насихаттауға бағытталған этно-туризм ерекше өзектілік пен танымалдылыққа ие. Осы бағытта маусым-қыркүйек айларында Алматы қаласының туристік орындарында қолөнершілердің қатысуымен «Ұлы дала мұрасы» жәрмеңкесін өткізу жоспарланып отыр. Алматы қаласында ұлттық тағамдар мен Қазақстан халықтарының тағамдарын танымал ету мақсатында «Kok bazar Fest», Ақтөбе облысында «Көшпенділер (Номад) мұрасы», Шығыс Қазақстан облысында BUQTYRMA FEST сияқты әр өңірге тән фестивальдерді өткізу көзделген. Киелі туризмді дамытуды ынталандыру және тарихи-мәдени объектілерге туристік қызығушылықты арттыру мақсатында 2021 жылдың маусым айының соңына дейін Қарағанды облысының Ұлытау ауданында «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенін ашу, шілде айында Шығыс Қазақстан облысында «Абай жолымен» ақпараттық туры және тағы басқа іс-шаралар өткізіледі», деді ведомство басшысы. 

Сонымен қатар Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Қазақстанның қолданыстағы туристік өнімдерінің тізімін қалыптастыру мақсатында елдің бірегей тарихи-мәдени және табиғи көрікті жерлерін қамтитын 30 жаңа трансұлттық және өңірлік туристік өнімдерді әзірлеу бойынша жоба іске асырылады. Оның қатарында Ұлы Жібек жолы бойында трансұлттық маршруттарды құру және Қазақстанның ТОП-10 туристік дестинациясы бар.

«Ұлттық және халықаралық деңгейде еліміздің туристік әлеуетін одан әрі ілгерілету мақсатында Қазақстанның 30 туристік өнімдерінің каталогы құрылады. Қазақстанның туристік мүмкіндіктері мен әлеуетін шетелдік аудиторияға таныстыру мақсатында Алматы қаласына әлемнің 30 елінен келген 150 журналистің қатысуымен халықаралық шаңғышы Журналистер клубының (SCIJ) жыл сайынғы кездесуі ұйымдастырылады. Туризм саласында жоспарланған 30 зәкірлі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр», деді министр.