Президент • 14 Мамыр, 2021

Президент Қазақстан Ұлттық банкінің есебін қабылдады

155 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасы мен басқарма мүшелерінің 2020 жылы жүзеге асқан ақша-несие саясатының қорытындысы, Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы бастамаларының орындалуы, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар, Ұлттық банктің алтын-валюта резервтерінің жай-күйі мен Ұлттық қордың активтері туралы есебін тыңдады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Президент Қазақстан Ұлттық банкінің есебін қабылдады

Ерболат Досаев Президентке бұған дейін берілген тапсырмалардың толық орындалғанын баяндады. Ұлттық банк сыртқы факторлардың әсері жағдайында макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы қолдау және проинфляциялық қатерді төмендету үшін ынталандыратын ақша-несие саясатын жүргізді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде инфляция 8-8,5 пайыз деңгейінде сақталып, жыл қорытындысы бойынша 7,5 пайызды құрады.

Президенттің тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқан саясаттың тиімділігін арттыру және инфляцияның шекті межесін белгілеудің толыққанды режиміне көшу үшін Ұлттық банк Ақша-несие саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясын әзірледі. Базалық мөлшерлеме жөнінде шешімдер қабылдау мақсатында Ақша-несие саясаты комитетін құрды.

Мемлекет басшысына зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсарту және басқа да мақсаттарға пайдалану жөніндегі бастаманың орындалу барысы туралы мәлімет берілді. Биылғы 1 ақпаннан бастап 1,3 триллион теңгеге жуық төлем жасалды.

Ұлттық банк төрағасы Мемлекет басшысына қолма-қол ақшасыз жасалатын төлем үлесінің артқаны туралы мәлімет берді. Бұл қашықтан сәйкестендіру қызметін енгізудің, банкаралық және эквайрингтік комиссиялар мөлшерін азайтудың арқасында жүзеге асқан.

Ұлттық банк төрағасының есебін тыңдаған Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы коронавирус пандемиясы мен мұнай бағасының төмендеуі ел экономикасына кері әсер еткенін айтты. Президенттің бастамасы бойынша дағдарысқа қарсы қабылданған теңдессіз шаралар топтамасы ұлттық экономиканың қатты құлдырауына мүмкіндік бермеді және іскерлік белсенділікті сақтап қалуға жол ашты.

«Экономикалық белсенділік төмендеп кетті. Бірақ дер кезінде шаралар қабылдап, ахуалды одан бетер ушықтыруға жол берген жоқпыз. Ұлттық банк экономиканы қолдау және халықты жұмыспен қамту шараларына 2,3 триллион теңге бөлді. Соның арқасында жаппай жұмыссыздықты болдырмай, бизнестегі іскерлік белсенділікті сақтауға жағдай жасап келеміз. Қазіргі уақытта Ұлттық банктің Үкіметпен әлеуметтік-экономикалық салада тиімді жұмыс істеуі айрықша маңызды», деді Мемлекет басшысы.  

Президент инфляцияны тұрақтандыру ақша-несие саясатының негізгі міндеті екенін атап өтті. Вакциналау және дағдарыстан кейінгі қалыпқа келтіру жұмыстарындағы ілгерілеудің арқасында қаржыландырудың қолжетімділігі өте өзекті мәселе болып отыр.

Бұл тұрғыда іскерлік белсенділіктің артуына орай Ұлттық банктің экономиканы тікелей қаржыландыруы төмендей беруі керек.

«Пандемия кезінде Үкімет менің тапсырмам бойынша жалпы экономиканы, оның ішінде, шағын және орта бизнесті қолдау үшін теңдессіз шаралар қабылдады. Құны 15 миллиард доллар болатын дағдарысқа қарсы шаралардың 3 топтамасы жүзеге асырылды.  Әрине, мемлекеттің бизнесті үнемі қаржыландыра алмайтынын түсінген жөн. Ұлттық банктің белсенді атсалысуы экономикалық белсенділік пен екінші деңгейдегі банктердің белсенділігін қайта қалпына келтіруге ықпал етуі тиіс. Сондықтан несиелеудің жеңілдетілген бағдарламасының аяқталуына орай мемлекеттік қолдау шаралары нарықтық механизмдерге жол беруі керек. Мұны әлеуметтік-экономикалық ахуалды ескере отырып, біртіндеп атқару қажет», деді Президент.

Мемлекет басшысының пікірінше, пандемия жағдайында және экономикалық ахуал нашарлаған кезде Ұлттық банк өзіне жүктелген міндетті дұрыс атқарды. 2020 жылы Ұлттық қордан жасалған трансферт 55 пайызға артып, 4,8 триллион теңгеге жетті. Ұлттық қордың негізгі міндеті және әлемдік дағдарыс жағдайында бұл әрекеттер өзін ақтады.

 «Үкімет осы жылы да Ұлттық қордан 4,6 триллион теңге сұрады. Бұл – өте мол қаржы. Аталған қаражат дағдарыстан кейінгі дамуға бағытталып, тиімді жұмсалуы керек. Сонымен қатар экономика қайта қалпына келгеннен кейін республикалық бюджет трансфертке арқа сүйемеуі қажет. Бұл – Үкіметке жүктелген міндет. Келешекте Ұлттық қордың қаржысын пайдалануды ең  төменгі шекке дейін қысқарту керек», деді Мемлекет басшысы.

Ұлттық банктің Ұлттық қорды басқаруға байланысты қызметі оң бағаланды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша инвестициялық табыс 7,6 пайызды құрады немесе 4,2 миллиард долларға жетті, ал, биылғы 4 айдың ішінде 940 миллион доллар болды. Президент Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысына Ұлттық қорды басқаруды одан әрі жетілдіруге қатысты ұсыныстар әзірлеп, енгізуді тапсырды.

Сонымен қатар Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, фискалдық тәртіпті күшейту үшін 2021 жылдың соңына дейін контрциклдік бюджет ережесін заң жүзінде бекітуді тапсырды.

«Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп мемлекеттік қарыз алу саясатын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Алдымызда қор нарығын жаңа деңгейге шығару үшін ведомствоаралық үйлестіру жұмыстарын арттыру міндеті тұр. Мемлекеттік құнды қағаздарды халықаралық индекстерге енгізу жөніндегі іс-қимыл жоспарын жүзеге асыру үшін Қаржы министрлігінің, Ұлттық банктің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өзара іс-қимылын күшейту керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кибер қауіптерден қорғану мәселесінің өзектілігін ескере отырып, қаржы секторының кибер қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Ұлттық банкке 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін жинақтаудың, мониторингтеудің және қаржы саласындағы кибер дауларға қарсы әрекет етудің бірыңғай технологиялық платформасын енгізу тапсырылды. 

Мемлекет басшысы жиынды қорытындылай келе Ұлттық банктің жылдық есебіне оң баға берді.

«Бүгінгі талқылауларды ескере отырып, Ұлттық банктің 2020 жылдың қорытындысы бойынша берген есебін оң бағалаймын. Қазіргі жағдайда қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету өте маңызды деп санаймын. Ұлттық банк Агенттікпен бірлесіп, ақша-несие саясатының тиімділігін және қаржы секторының әлеуетін арттыру жұмыстарын жалғастыруы қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиынға Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов, Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова қатысты.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше