Қоғам • 02 Маусым, 2021

Зейнетақы қаражатын пайдалануға жаңа шектеулер енгізіледі

1584 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда зейнетақы қаражатынының артығын пайдалану ережелеріне өзгерту енгізіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Зейнетақы қаражатын пайдалануға жаңа шектеулер енгізіледі

Жаңа шектеулер әзірленіп, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың 2021 жылғы 21 қаңтардағы №24 бұйрығына енгізілді.

Атап айтқанда, біржолғы зейнетақы төлемдерін алушының жұбайынан, жақын туыстарынан жылжымайтын мүлік сатып алуға пайдалануға жол берілмейді. Осы тармақтың орындалуын бақылау мақсатында алушы жеке кабинетте біржолғы зейнетақы төлеміне электрондық өтініш берген кезде аталған тұлғалардан жылжымайтын мүлікті сатып алмау туралы міндеттемеге қол қояды.

Бұл ретте жақын туыстарға ата-аналар, балалары, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері, атасы, әжесі, немерелері жататыны нақтыланады.

ИИДМ-де түзету ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін зейнетақы жинақтарын пайдалана отырып, тұрғын үйді сатып алу-сату жөніндегі жалған операцияларға қайын енесін, атасын және басқа да туыс адамдарды тарту мүмкіндігін болдырмайды деп есептейді.

Сонымен қатар Отбасы банкінің деректері бойынша 2021 жылғы 26 мамырдағы жағдай бойынша 159,6 мыңнан астам қазақстандық зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын алу мүмкіндігін пайдаланған. Олар алған қаражаттың жалпы сомасы 1 трлн теңгені құрады. Оның көп бөлігі жылжымайтын мүлік сатып алуға бағытталған.