Аймақтар • 13 Маусым, 2021

Оралда «Teṅ qoḡam» әлеуметтік қолдау орталығы ашылды

1048 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орал қаласында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік, құқықтық, жұмысқа орналасу, өз ісін бастауда кәсіпкерлікке баулу, тұрмыстық және әлеуметтік дағдыларды үйрету қызметтерін жүзеге асыратын «Teṅ qoḡam» әлеуметтік қолдау орталығы ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оралда «Teṅ qoḡam» әлеуметтік қолдау орталығы ашылды

«Teṅ qoḡam» әлеуметтік қолдау орталығы Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарайды. «Бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсететін бұл орталық мүгедектерге қолайлы орта қалыптастыру мақсатында құрылған. Мұнда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік, құқықтық, жұмысқа орналасу, өз ісін бастауда кәсіпкерлікке баулу, тұрмыстық және әлеуметтік дағдыларды үйрету бойынша мамандар кеңес береді.

«Teṅ qoḡam» – еліміз бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған үшінші қолдау орталығы. Оның ашылу салтанатына Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков, қала әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев, «Батыс Қазақстан облысы мүгедектерінің ерікті қоғамы» төрағасы Жұмажан Қожжанов қатысты. Меймандар орталықта мүмкіндігі шектеулі жандарға ұсынылатын қызмет барысымен танысты.

⁃ Мемлекет басшысы қоғамда барлық азаматқа қолайлы жағдай, жайлы инфрақұрылым жасақтауды тапсырды. Әр адамның өз мүмкіндігін жүзеге асыруға мемлекет қолдау көрсетеді. Бүгін ашылып отырған «Тең қоғам» орталығы Орал қаласында мүмкіндігі шектеулі жандардың сұранысын қанағаттандыратынына сенеміз,- дейді Абат Шыныбеков.

 

Батыс Қазақстан