Руханият • 18 Маусым, 2021

Отаншылдық – тәуелсіздік тірегі

2213 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазақстандық патриотизм – Ата Заңы­мызда бекітілген құндылық. Ел Консти­туциясы 1-бабының 2-бөлімінде қазақ­стандық патриотизм – Қазақстан Респуб­ликасы қызметінің, өмір сүруі мен да­муының түбегейлі принциптерінің бірі екені көрсетілген. Ал шын мәнінде отаншылдық деген не? «Қазақтарды сынайтын қазақты патриот деуге болмайды» деді жақында ағаларымыздың бірі. Расында да солай ма?

Отаншылдық – тәуелсіздік тірегі

Менің байламымша, «патриотизм прогресі» болуы үшін біз өзімізді сынай білуіміз, сынға сынбай, болаттай шынығып, шыңдала түсуіміз керек. Әйтпесе, «ұлттық консервациялану», яғни өзін өзі сынамай, кемеліне келгендей, болып-толғандай сезіну, маяға қонған қораздай маңғазданып, өзін бәрінен биік ұстау – кез келген ұлтты күйзеліске түсіреді, озық емес, тозық етеді. Бұл жерде бар мәселе – «ұлттық өзіндік сынның» сапалы болуында: ол сын ұлттың ар-ұжданын аяққа таптамағаны, ешкімді даттамағаны, тек өркенді өзгерістерге түрткі болып, елді өрге бастағаны жөн. Пайдалы өзіндік сынның тағылымды үлгісін адамзаттың кемеңгері Абайдан таба аласыз.

Әйтпесе, жасыратыны жоқ, әсіресе ұлттық нышан мен нәсілге негізделген патриотизм Африка, Латын Америкасы елдерінде күшті екенін байқап жүрміз. Бірақ мұндай отаншылдық ол елдердің гүлденуіне ықпал ете алмады.

Ел дамуы үшін мемлекет құраушы ұлт өз болмысының барлық қырын бос мақтай бермей, санаға салып салмақтауы, тек жақсысын жақтауы керек. Сыни көзқарасқа құрылған іріктеу арқасында ұлт өз бойындағы өркендеуге серпін беретін қадір-қасиеттерін, ұлттық құндылықтарын таңдай алып, жетілдіріп, ұштай түседі. Сөйтіп өзгеден қара үздірер бәсекелестік артықшылықтарын дамытады.

Төрт жыл бұрын «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаев бойымыздағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де атап өтті. Замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлер ғана табысты жаңғырудың маңызды алғышартына айналмақ.

Мұса-Моисей пайғамбар иаһудилерді ертіп, шөл даланы қырық жыл бойы тектен-тек кезген жоқ. Ол осы арқылы замана сынына төзім танытқан, қиын-қыстауда қандастарына қайырымдылық көрсеткен, небір тозақта тірі қалу үшін үздік қарым-қабілетін паш еткен өкілдерін іріктеп алды, солардан біртұтас ұлт жасады, шыңдады. Осы ұлт кейін қаншама қиямет пен қудалауды бастан кешсе де, жойылмады, қайта бір жерде бас қосып, ту тігіп, 1948 жылы тәуелсіз Израиль мемлекетін құрды.

Ұлағатты үлгіні азаттық үшін арпалысып, елдік үшін құс төсектен безінген біздің даңқты бабаларымыз көрсетті: 556 жыл бұрын қазақ тайпаларын ерткен Керей мен Жәнібек хандарымыз Моғолстанның батыс шегіндегі Шу бойы мен Қозыбаста байрақ көтеріп, Қазақ хандығын құрды. Ізінше Ұлы даладағы барлық ұлыс үшін тартылыс орталығына айналды. Осы құрқылтайдың ұясындай ғана мекенді жерұйық еткен хандықтың көк түрік бабалардай қанатын кеңге жайып, әлемдегі тоғызыншы территорияға тұтас иелік ететінін сол кезде көршілердің қайсысы болжады екен?!

Оны айтасыз, жүзжылдықтар бойы бодан болған қазақ ХХ ғасырдың соңында тәуелсіздігін жариялағанда, бұл ұлттың осынау ұлан-байтақ далаға ие бола аларына сенбегендер шетелде де, өз арамызда да көп болды. 90-жылдар – патриотизм тапшылыққа ұшыраған кез еді.

АҚШ Президентінің ұлттық қауіп­сіздік жөніндегі экс-кеңесшісі Збигнев Бжезинский бастаған америкалық саясаттанушылар, әлеуметтанушылар 90- жылдары көпэтносты Қазақстанды Ресей, Қытай немесе мұсылман мемлекеттерінің бірі «жұтып» қоятыны туралы үрейлі болжамдар жасап жатты. «Қазақстанда, яғни табиғи ресурстардың орасан зор қорына ие, бірақ 20 млн адамдай ғана тұрғыны бар, қазақтары мен славяндары шамамен тең болып келетін ұлан-ғайыр елде лингвистикалық және ұлттық алауыздық өрши түспек», деп жазды ол «Ұлы шахмат тақтасы» кітабында.

Ресейлік жаңа либерал саясатшылар мен ірі экономистер: «Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде ұзақ өмір сүре алмайды, тез-ақ банкротқа ұшырап, Ресейге өзі-ақ тізерлеп келеді», деп сәуегейсіді.

«При сохранении нынешней экономической политики, как предсказывают и российские эксперты, Казахстан в недалеком будущем ждет гиперинфляция, а точнее – крах национальной валюты и общая финансово-экономическая катастрофа. Летальный исход для Казахстана нас­тупит не позднее марта будущего года», деп ашық жазды «Независимая газета» 1994 жылғы 27 мамырдағы санында.

Жаратқан ие жар болып, Елбасының сарабдал саясаты арқасында қарау ниеттер қабыл болмады, қорқынышты болжамдар шындыққа айналмады. Тұңғыш Президентіміз Қазақстан халқының бойындағы ең асыл қасиеттерді оятып, тәуелсіздікті аялап сақтауға, жаңа мем­лекеттілігімізді қорғап, нығайтуға жұ­мылдыра білді. Елбасы жеріміздің бүтіндігін, халқымыздың бірлігін қам­тамасыз ету үшін барлық конституциялық, құрылымдық, саяси және экономикалық амал-шараларды қабылдады, тегеурінді тетіктерді іске қосты.

Осы тұста қазақстандық патриотизмнің дара қыры көрініс беріп, қалыптасты: өзі мен ұрпағының болашағын Қазақстанмен байланыстырған өзге этнос өкілдері жік-жікке бөлінуін тыйып, ежелден елдіктің ұйытқысы болған қазақ ұлты айналасында ұйысуға кірісті. Осы жылдары құқықтық айналымнан, қоғамдық-саяси лексикадан «тарихи Отан» деген ұғым жойылды. Бұдан былай Қазақстан тұрғындарының жалғыз ғана Отаны бар, ол – Қазақстан!

Осы жылдары қазақ жерінде тұрып жатқан ірі диаспораларды, әртүрлі ұлт өкілдерін біріктіруге Қазақстан халқы Ассамблеясы септесті. Этносаралық татулық пен келісімге жауап беретін орган құру туралы идеяны Елбасымыз алғаш рет 1992 жылы Қазақстан халықтарының форумында айтқан. Содан 1995 жылғы 1 наурызда Тұңғыш Президентіміздің Жарлығымен «Қазақстан халықтарының Ассамблеясы» құрылып, идея іске асты (2007 жылы оның атауы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» болып түзетілді). Содан бергі 26 жыл ішінде ҚХА этносаралық қатынастарды үйлестіруге үлес қосып келе жатыр. Биылғы жылғы 28 сәуірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағалығын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды, бұл мемлекеттік саясаттың сабақтастығын, ауызбіршілік пен патриотизмге құрылған «Болашағы Біртұтас Ұлт» құру ұстанымының әрі қарай жалғасатынын білдіреді.

Біз, Қазақстан халқы, тәуелсіздіктің кездейсоқ қолға тиген дүние немесе әлдекімнің сыйлық-тартуы еместігін, оның байырғы заманнан айқын бағдар болған аңсарлы құндылығымыз екенін әлемге әйгіледік. 

Елдің бірлігі, отаншылдықтың қуаты, сауатты мемлекеттік саясат арқасында Қазақстан тәуелсіздік жылдарында көп­теген салада өз өңіріміздегі және пост­кеңестік кеңістіктегі көшбасшыға айналды. Сонымен бірге ауыр реформалар және түбегейлі бетбұрыстар кезе­ңін­де ел басшылығы әлеуметтік-сая­си тұрақтылықты, этносаралық және кон­фес­сияаралық татулықты сақтап қала алды. КСРО жұртындағы өзге республикалар бастан кешкен ұлтаралық қақтығыс, аза­мат­тық соғыс, төңкеріс және басқа да қару­лы, қантөгісті шиеленістерден аман болды.  

Бүгінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен қабылданып жатқан шаралар да, заң жобалары да тікелей және жанама түрде отаншылдықты нығайтуға бағытталған. Мысалы, 2021 жылғы 13 мамырда Мемлекет басшысы қолданыстағы заң­намаға жер қатынастары мәселелері бойынша түзетулер енгізілген заңға қол қойды. Президенттің өзі бастамашы болған, Nur Otan партиясының фракциясы қызу қолдаған бұл заң ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдіктердің үлесі бар қазақ­стандық компанияларға сатуға, жалға беруге тыйым салды, сөйтіп көп жылғы пікірталасқа түпкілікті нүкте қойды. Бұл құжат жердің, елдің бүтіндігін қамта­масыз етуді көздейді және жерімізді шетел­діктердің иеленуіне құқықтық жол қалдыр­майды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының азаматтардың отан­шылдығын арттыратын қуатты әсері бар. Себебі өзінің елге керектігін түсінген, ой-пікіріне төл мемлекеті құлақ асатынын, еңбегін елеп, білімі мен біліктілігін қажетсінетінін ұғынған, мұқтаждығы мен мәселелеріне көңіл бөлінетінін білген адам Отанын тәрк етпейді, Қазақстанды көр­кейтуге бар күш-жігерін жұмсауға тырысады.

Қорыта айтқанда, халықтың әл-ауқатын арттыратын, мемлекетіміздің экономикалық қуатын нығайтатын, заманауи дамуына жол ашатын барлық жаңа заң тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында қол жеткізілген, әр қазақстандық мақтан тұтатын, отаншылдықтың ұстынына айналған жетістіктерімізді еселей түсуге қызмет етеді.

Сөз орайында жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру және оларды жастайынан әскери өнерге баулу мәселесіне қысқаша тоқтала кетейін. Бұл іс ардагерлердің, қоғамдық ұйымдардың және негізінен, Қорғаныс министрлігінің қолдауымен ілгерілеуде. Осы ізгілікті іске өзім бас­қаратын Qazaqstan Ardagerleri қауым­дастығы да, сондай-ақ «Унибой» Әмбебап жекпе-жек федерациясы да тегін, қоғамдық негізде еңбек сіңіріп, сүбелі үлес қосып келеді. Жақында, биылғы сәуір айында Qazaqstan Ardagerleri қауымдастығының жас патриоттар қа­натының негізін қаладық: «Спорттық-патриоттық жастар кеңесі» деп аталатын осы қоғамдық құрылымның алда арнайы тұсаукесері жасалады.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастама­сымен «Жас сарбаз» балалар мен жас­өспірімдердің әскери-патриоттық қоз­ғалысы құрылғаны мәлім. Мен «Жас сарбаздың» Әскери-патриоттық тәр­биені дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесі төрағасының орынбасарымын. Бұл қозғалыс оқушылар арасында керемет танымал. Ол еліміздің бар­лық өңіріндегі 7 мыңнан астам әскери-патриоттық клубты біріктіреді.  

Бүгінде Президент – Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бұл қозғалыс өрісін кеңейтіп, оның базасында Smart Sarbaz үйірмелерін құру жұмыстары жүргізілуде. Осы үйірмелерде оқушылар патриоттық іс-шараларға қатысумен қатар, инновация негіздеріне қанығып, төл техникалық және технологиялық идеяларын жүзеге асыра алады. 

2021 жылы отандық 7 005 патриоттық ұйым 215 мыңға жуық жасөспірім ұл мен қыз баланы тәрбиелеу жұмыстарымен қамтуда. Оның ішінде 5 684 әскери-патриоттық клубта – 189 590, «Жас сарбаздың» 933 сыныбында – 18 677, Smart Sarbaz-дың 388 үйірмесінде – 6 432 жасөспірім тәрбие алуда.

Биылғы жыл соңына дейін әскери-патриоттық тәрбиемен қамту көрсеткішін тағы 10%-ға арттырып, осы іске тар­тыл­ған өскелең ұрпақ өкілдерінің санын 236 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Алдағы 2022 жылы тағы 15%-ға ұлғай­тып, 260 мың балаға, 2023 жылы – 286 мың (өсім 20%), 2024 жылы – 315 мың (25%), 2025 жылы – 346 мың (30%) балаға патриоттық тәрбие беру қарастырылған.

Қазақтың шынжыр тізбекті тарихы жүрекжұтқан батырлық феноменіне, жанқиярлық ерлік үлгісіне толы. Оның бәрі отаншылдықтан нәр алады. Бұл қазақтың ұлылығының белгісі, тектіліктің бейнесі, рухының өрісі. Олай болмағанда, мынау ұлан-байтақ Ұлы далаға ие болмас едік. Қазақтың жұрнағы да қалмай, жан-жақтан анталаған жаудың жұмырығына жұқ болмай, жер бетінен жойылып кетер еді.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығында біз талай кітапқа арқау болған, тарихқа алтын әріптермен жазылған жетістіктерге куә болдық. Азат Қазақстанның әр қадамы – ыстық, әр асуы – аңыз! Ендеше ынтымақ пен ырысқа жеткізетін ұлы күш – қазақстандық патриотизмнің арқасында бірлігі мен келісімін сақтап, алға адымдаған Қазақстан халқы төл тарихының жаңа да жарқын беттерін жаза береріне сенемін.

 

Бақытбек СМАҒҰЛ,

Мәжіліс депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі