Қазақстан • 21 Маусым, 2021

Тілге құрмет – елге құрмет

891 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінің 2018 жылғы 10 қыркүйектегі нөмірінде «Елшіліктердің елімізге құрметі қандай?» деген мақала жариялаған едік. Аталған шолуда «тоғызыншы территорияда» дипломатиялық қызметпен айналысатын өкіл­діктердің сайттарына шолу жасап, ондағы мемлекеттік тіліміздің жай-күйін зерттеп көрген болатынбыз. Со­дан бері үш жылға жуық уақыт өтті. Не өзгерді? Елшіліктердің сайт­тары қазақ тілінде ақпарат тара­та ма? Осыны білмек үшін қай­тадан дипломатиялық миссия­лар­дың сайттарын ақтарып шықтық.

Тілге құрмет – елге құрмет

Сөйтсек, газет бетінде айтқан өкпе-назымызды елегендер де, елемегендер де бар болып шықты. Өкінішке қарай, кей елдер әлі күнге дейін қазақ тілінде ақпарат таратуға немқұрайды қарайтын сияқты. Мәселен, Оңтүстік Корея елшілігі сайтында қазақ тіліне орын бермеген. Бұл елді ерекше атауымыздың өз себебі бар. Кеңес Одағы тұсында корейлердің Қазақстанға күштеп қоныс аударылғаны мәлім. Сол заманда өздерін пейілі дарқан қазақ халқы­ның бауырына басқанын корейлер әлі күн­ге ризашылықпен әңгімелейді. Талай тағ­дыр тауқыметін көрген ата-бабаларымыз тағ­дыр­лас халықтың қайғы-қасіретін терең түсінді.

Қазіргі таңда қазақстандық корейлер тату-тәтті өмір сүріп, жергілікті ұлтпен етене араласып кеткен. Мемлекетіміздің да­му жолында тер төккен корейлер жетерлік. Мәселен, бес дүркін Олимпиада чемпионы Нел­ли Кимнің ел спорты үшін сіңірген еңбе­гі орасан. Мәнерлеп сырғанаушы марқұм Денис Тен Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Жамбылдың жампозы Алексей Ни талай жыл ауыр атлетика құра­масын баптап, көк байрақты көкте желбіретуге мол үлес қосты. Бұлардың бәрі – Қазақстандағы корей диаспорасының өкілдері. Тек осындай тарихи байланысқа қарамастан, Оңтүстік Корея дипломаттары сайттарында қазақ тіліне тілімдей «жер» тауып бере алмапты.
Ре­сейдің Қазақстандағы елшілігінің сай­тынан да қазақ тіліндегі мәліметті емге тап­пайсыз. Бүкіл дерек не орысша, не ағыл­шынша жазылған.

Былай қарасаңыз, Ресей – Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Екі мемлекеттің қарым-қатынасы өте тығыз. Бүкіл салада ынтымақтастық орнаған. ТМД, Еуразиялық экономикалық одақ секілді экономикалық және қауіпсіздік мақсаттарындағы көптеген ай­мақтық ұйымға мүше. Мемлекеттер бас­шылары да жиі-жиі кездесіп, өзекті мәсе­ле­лерді талқылап отырады. Жыл сайын мың­даған азамат арлы-берлі ағылып жатады.
Екі елдің осындай қарым-қатынасына қарамастан, елшіліктің қазақ тілінде ақпарат таратпауы түсініксіз. Ресей мұхиттың арғы бетінде жатқан ел емес. Шекарамыз шек­тесіп жатқан көрші мемлекет. Тілге құр­мет – елге құрмет екенін ескерсек, Ресейдің Қа­зақ­стандағы елшілігі қазақ тілінде мәлі­мет бермеуі ненің белгісі деген сауал туын­дайды.

Қазақстан және Қытай арасындағы қа­рым-қатынастың да тамыры тереңге кет­кен. Онда миллионға жуық қандасымыз тұрады. Елімізде қытайлық компаниялар кәсібін жүргізіп отыр. Сауда-экономикалық байланысымыз жылдан-жылға нығайып келеді. Осыған қарамастан, шығыстағы көршіміздің де дипломатиялық сайты орыс тілімен шектелген.

Ал шетелдерде тұратын қандастарымыз әдетте орыс тілін біле бермейді. Олар өздері тұрған елдің тілі мен ана тілімізді ғана меңгерген. Ендеше, миллионға жуық қазақ мекендейтін Қытай елшігінің қазақ тілінде мәлімет бермеуі ақылға қонбайды.

Жапония елшілігі де қазақ тіліне шор­қақ екен. Сайтынан мемлекеттік тілдегі бірде-бір мәлімет таппадық. Былай қарасаңыз, қазақтарды басқа-басқа жапон­дар жақсы түсінуі тиіс. Олар секілді біз де ядролық қарудың зардабын қатты тарт­тық. Әлі күнге ниппондар елі Хиросима мен Нагасакиге тасталған бомбаның зар­да­бын тартып келсе, Қазақстан Семей поли­гонының тауқыметінен құтылған жоқ.

Таяуда ғана Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Жун Ямада Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамотасын тапсырды. Ендеше, дипломатиялық қызметіне жаңа кіріскен Ямада мырза осы олқылықты жойып, қазақ тіліне көңіл бөледі деген ойдамыз.

Сайтын қазақша сөйлетуді жөн көр­меген елшіліктер тізімі мұнымен бітпей­ді. Испания, Израиль, Италия секілді азуын айға білеген мемлекеттердің Қазақ­стандағы өкілдігі сайттарында да қазақ тілінде жазылған мәлімет жоқ. Иран, Сауд Арабиясы, Үндістан, Пәкістан се­кіл­ді ынтымақтастығымыз жарасқан мем­лекеттердің дипломатиялық корпусы да қазақшаны қатырмаған. Тіпті түбіміз бір деп есептейтін Түркия, Венгрия және Қыр­ғыз­стан елшіліктері де сайттарын орысша сөйлетіпті.

Қазақстан тәуелсіздігін алғаш мойын­даған бауырлас Түркия мемлекеті екені белгілі. Оның үстіне, Анадолы өткен ға­сыр­да бас сауғалап барған қазақтарды құшақ жайып қарсы алып, бөлек ауыл етіп шы­ғарғаны мәлім. Сондықтан шығар, қазақтар үшін түрік «кардешлер» өте жақын.

Мажарларды да қазақтар өз бауырындай көреді. Мәселен, қазір футболдан өтіп жатқан Еуропа додасында Венгрия мен Түркияға жанкүйер болатын қазақтар саны жетерлік. Мұның бәрі халықтарымыздың бір-біріне құрметін көрсетсе керек. Осын­дайда елшіліктердің ана тілімізде ақпарат таратпауы кө­ңілге кірбің ұялатады.

Көршілес Қырғызстан да бізбен біте-қайнасып кеткен. Шекара маңындағы ағайындардың ауылы аралас, қойы қоралас болып кеткелі қашан. Ыстықкөлге бара қалсаңыз, демалып жатқан қазақтар көп. Еліміздің түкпір-түкпірінде айыр қалпақты ағайындарымыз еңбек етіп, нәпақасын тауып жүр. Осының бәрін ескере келе, Қырғызстан елшілігі сайттарында қазақ тілінде арнап ақпарат ұсынса, артықтық етпес еді. Оның үстіне, қазақ тілі мен қырғыз тілі өте ұқсас. Ендеше, қазақша мәлімет тарату елшілік үшін қиындық туғыз­байтыны анық. Бауырлас ел дипло­матта­рының ана тілімізге құрметі осындай болса, мұхиттың арғы жағындағы Бразилия, Кана­да секілді мемлекеттерден қазақша мәлімет сұрау ұят секілді.

Қазақ тіліне бүйрегі бұрмайтындар саны мұнымен аяқталмайды. Елімізде жұ­мыс істеп жүрген кейбір халықаралық ұйымдар да жергілікті халықтың ана тілінде ақпарат таратуға асығар емес. Мәселен, ЮНЕСКО-ның Қазақстандағы өкілдігінің сайтында ағылшын және орыс тілдерінде ғана мәліметтер бар.
Алыстан ат терлетіп келген шетел­дік­­терден қазақшаға судай ағып тұруды талап ете алмаймыз. Алайда жергілікті халық­тың тілін жетік меңгерген маман жал­дап, сайттағы қателерді түзету немесе қазақ­ша қызмет көрсету аса қиын шаруа емес. Ендеше, елшіліктердің бұл әрекетін бейқам­дыққа балаймыз ба, әлде қалай? Қазақстанда дипломатиялық қызмет атқарып жүргендер «тоғызыншы территорияның» негізгі түп қазығын құрайтын халықтың дәстүрі мен тілін құрметтеуі тиіс емес пе?!

Әділін айту керек, халықаралық ұйым­дар ішінде қазақшаға судай ағып тұр­ғандары жетерлік. Мысалы, БҰҰ-ның негізгі сайты қазақ тілінде сайрап тұр. Халық­аралық түркі академиясының қазақ­ша нұсқасынан қажетті мәліметтің бәрін табуға болады.

Сондай-ақ кей елдердің елшіліктері қажет мағлұматтардың бәрін қазақ тілінде тізіп қойған. Мәселен, Франция елшілігі сайттарында мемлекеттік тілімізге ойып тұрып орын беріліп, сапалы әрі мазмұнды ақпаратқа толып тұр.
Үш жыл бұрын Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі орыс және ағылшын тілімен шектелгеніне қынжылыс білдірген едік. Ағылшындар біздің назымызды ескергені шығар, қазір елшіліктің сайты қазақша сөйлеп тұр. Іздеген ақпаратыңызды ана тілімізде оп-оңай таба аласыз.

Елімізде Төтенше және өкілетті елші қызметін атқарған Майкл Гиффорд 2020 жылғы желтоқсанда Тұманды Альбионға оралды. Оның орнына Кэти Лич келмек. Лич ханым дипломатиялық қызметіне жаздың соңына таман кіріседі. Қазіргі таңда ол «тоғызыншы территорияда» тер төгу үшін қазақ тілі курсына қатысып жүр.
Осыдан үш жыл бұрын Германияның Қазақстандағы елшілігінің сайтында қазақ­ша мәлімет жоқ еді. Қазіргі таңда бүкіл ақ­паратты ана тілімізде табуға болады. Бұл ұқыптылықты жаны сүйетін неміс хал­қының елімізге құрметін айғақтайды.

Жалпы, қазақ халқы Екінші дүние­жүзілік соғыс кезінде Ұлы далаға жер аударылған немістерді құшақ жая қарсы алып, барымен бөліскені тарихтан мәлім. Сол кезден басталған достық қаты­нас бүгінге дейін жалғасып келеді. Қазіргі таңда Қазақстан мен Германия арасындағы әріптестік нығайып, қанат жайған.

Сондай-ақ қазақ пен неміс халық­тары­ның қатынасы туралы сөз болғанда ең әуелі жазушы, қоғам қайраткері Герольд Бель­гердің есімі еске түседі. Көзі тірісінде Гераға қазақ тіліне құрметін «Қазақ тілі үшін барымды беруге дайынмын. Ме­нің рухани тірегім Абай Құнанбайұлы, Жү­сіпбек Аймауытұлы, Мұхтар Әуезов. Қазақ тіліне үңілген сайын тереңдей түстім», деп айтып отыратын.

Тарихи байланысының тамыры терең­ге кеткен екі халықтың достығы келе­шекте де қарыштап дами беретініне сенім­діміз. Осы орайда, кезінде газетімізде жария­ланған мақаланы ескеріп, қазақ тілінде ақпа­рат таратуға көшкені үшін Төтенше және өкілетті елші Тило Клиннерге ризашы­лығымызды білдіреміз.

Абайдың тіліне америкалықтар да ықы­ласты. Сайттарында дүркін-дүркін қазақша мәлімет таратады. Бұған дейін АҚШ-тың Қазақ­стандағы Төтенше және өкілетті елшісі болған Джордж Крол мырзаның елімізге құр­меті өте жоғары еді. Ол өзі бас болып мере­келерде ана тілімізде құттықтау жолдап отыратын.

Қазіргі елші Уильям Х. Мозердің де қазақ тіліне құрметі жоғары. Мәселен, Уильям мыр­за мерекелерде қазақстандықтарды ана тілімізде құттықтайды. Былтыр коро­на­вирус пандемиясы кезінде бүкіл әлем үйге ты­ғылғанда, У.Мозер қарап жатпай қазақ тілін жетік меңгеріп шықты. «Бүгінгі таңда қазақ тілі адамдар арасындағы күнделікті қарым-қатынас тіліне айналғанын көріп отырмын», деп ағынан жарылады елші.

Бауырлас әзербайжандар да ана тілімізге ерекше көңіл бөлген. Айта кетерлігі, олар­дың сайттары әзербайжан және қазақ тілін­де ғана жүргізіледі екен. Осыдан-ақ бауыр­лас мемлекеттің елімізге деген ыстық ықы­ласын аңғару қиын емес. Өзбекстан ел­ші­лігінің сайты да қазақшаға судай ағып тұр. Талай мәрте тілдік түйткілді басы­нан өт­керген Латвия және Бельгия елдері­нің ди­пломатиялық сайттары да қазақша сөйлейді.

Шүкір, бүгінде Қазақстан халқы 19 мил­лионға жақындап қалды. Ресми мәліметке сүйенсек, соның 89 пайызға жуығы қазақша біледі екен. Яғни халықтың басым бөлігі мем­лекеттік тілімізде сөйлейді. Оның үстіне, ауыл тұрғындары (халықтың 47 пайы­зы) мен шетелден келген миллион­ға жуық қандасымыз қазақ тілін ғана білетіндігін, орысша түсінбейтінін ескерсек, ана тіліміздің өзектілігі анық аңғарылады.

Қорыта айтқанда, Дипломатиялық қаты­­настар туралы 1961 жылғы Вена конвен­­циясында дипломатиялық миссия қабыл­­даушы мемлекеттің экономикалық, мәдени және ғылыми байланыстарын нығайтуға күш салатыны айтылған. «Тілге құрмет – елге құрмет» екені басы ашық мәсе­ле. Ендеше, шетелдік дипломатиялық мис­сия өкілдерінің ана тілімізге құрметі екі­жақты қарым-қатынас орнатуда маңызға ие. Дипломатиялық миссиялардағы тіл мәсе­лесін қозғағанымызға үш жыл болса да, әлі күнге дейін кемшіліктің орнын тол­тырмаған елдер бар.

Екіжақты әріптестік мемлекеттің не­гізгі құндылықтарын құрметтеуден бас­та­латын ескерсек, жоғарыда аталған ше­телдік дипломатиялық корпус өкілдері ана тілімізге бет бұрады деп үміттенеміз.