Қазақстан • 29 Маусым, 2021

Өткен аптада вакциналау қарқыны 1,6 есеге артты — ДСМ

179 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. Халықты вакциналау барысы мен қазіргі жағдай туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов баяндады, деп жазады Egemen.kz.

Өткен аптада вакциналау қарқыны 1,6 есеге артты — ДСМ

А. Цой атап өткендей, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында аталған өңірлердің эпидемиологиялық тәуекелі жоғары аймаққа немесе қызыл аймаққа көшуіне байланысты қосымша шектеу шаралары қабылданды.

«Бүгінгі күні егу пункттерінде вакцина дозаларының жеткілікті саны бар: шамамен бірінші компоненттің 800 мың дозасы және екінші компоненттің 1,4 млн дозасы бар. Вакцина жеткізіліп жатыр. Өткен аптада вакциналау қарқынының 1,6 есе, өткен аптада 254 мыңнан 405 мыңға дейін өскенін атап өткен жөн», деді ведомство басшысы. 

 

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев соңғы аптада 585 жаңа жағдай анықталғанын хабарлады. Өткен тәулікте 101 жаңа жағдай тіркелді.

Вирусты жұқтырғандарды барынша анықтау мақсатында тестілеу саны ұлғайтылды. Облыстағы 13 зертханада тәулігіне 2 мыңнан астам ПТР зерттеу жүргізіледі.

Облыс инфекциямен ауырғандар өсімі бар Ресейдің 5 өңірімен шекаралас. Ресей шекарасы арқылы күн сайын облыс бойынша 2500 астам адам өтеді.

«Қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты облыстың бас санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 27 маусымдағы қаулысына сәйкес адамдар көп жиналатын іс-шаралар, әртүрлі жәрмеңкелер өткізуге тыйым салынды. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап мониторингтік топтар 3 мыңға жуық рейд жүргізді. Оның барысында 18 млн-ға жуық теңгеге 267 хаттама толтырылды», деді Ғ. Есқалиев.

«Ashyq» мобильді қосымшасы бойынша 550-ден астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Ереже талаптарын сақтамағаны үшін 35 нысан «Ashyq» қосымшасынан алынып тасталды. 10 маусымынан бастап қосымша арқылы оқшаулануға тиіс 90 келуші анықталды.

18 жұқпалы аурулар стационары жұмыс істейді, ондағы төсек-орындардың толығуы 44,6% құрайды. Реанимациялық төсек-орындардың толығуы 54,2%. Резервте 1400-ден астам төсек орын бар.