Қазақстан • 17 Шілде, 2021

Алып Алтай – жұдырықтай жүректе

1356 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жаз шықса, тау кезіп кетуді көксейтініміз не осы?! Бұл жолы Бүркіт шыңның желке жағындағы Ұңғы дей-тұғын кен орнын көріп қайтпақ болып, ат ерттедік. Жолдың біз білмейтін соқпағы көп болған соң, Ұлттық парктің инспекторы Айдын Шәкеновтің соңынан ердік.

Алып Алтай – жұдырықтай жүректе

Атты бес жігіт Қомшабайды басып өтіп, Ұңғының бергі басына жетіп тоқтадық. Күн сәскеге таяған.

02

Сәл тынығып, жүрек жалғаған соң қос таудың арасындағы жазыққа шығып, Шығысқа қарай беттедік. Құба бел. Құба белде мың түрлі гүл, мың түрлі шөп. Жұпар иіс танауды қытықтайды. Бірақ, шөбі ат бауырлайтындай емес, ап-аласа. Қайткенмен, биік жер ғой. Жазы келте, түні суық.

04

– Др-р-р, – деді Айдын аттың басын тартып. – Әне-е-е, қараңдар. Шахтаның ауызы көрінді. Жақындасаң түпсіз тұңғиық. Қорқынышты. Арғы жағынан біреу жұлып алатын сияқты, – деді тобылғы сапты қамшысымен шыңның бүйір тұсын нұсқап.

05

Әлдененің қарайғанын көріп, шу-шулеп жақындай бердік. Жан-жағымызға қарап, аң-таңбыз. Әнеу бір кинодан көріп қызығатын Канада, Норвегияның әсем табиғаты бізде де бар екен. Тек, таныта алмай келеміз. Танытқанды қойып, өзіміз енді-енді танысып жатқан жоқпыз ба?! Дәл осы таудың баурайында туып-өскен Дәулет Әшімхан да, Алмас Сарбасов та, Нұрасыл Тілеухан да бұл пұшпаққа алғаш аяқ бастық. Инспектор ғана, ыңылдап ән салып барады.

06

Жетім соқпақпен қаздай тізіліп барып иыққа шыққанда, шашылып темір-терсектер жатты. Ауыр техниканың тетіктеріне ұқсас. Тастан қаланған екі-үш үйдің орнын да байқадық. Кеніштің ауызына қарай жанармай құйған үлкен бөшке тұр. Соның бәріне қарасақ, 1970 жылдарға дейін дүркіреп тұрған шахта болған секілді.

07

08

Ендігі меже – қарсымызда қамалдай болып тұрған құзды асып өтіп, арғы жағын байқап қайту. Жо-жоқ, ешкім арғы жағын көріп қайт деп тапсырмаған. Өзіміздің тауға, табиғатқа деген махаббатымыз болса керек.

10

Ирек соқпақпен қамалдай болған құз басына шыққанда рас, көк мұз екен. Бұл жерге жеткенде аттар да болдыра бастаған. Таутекенің құзына, Төр Алтайдың мұзына тұяғы тиіген қарапайым мініс аттар жазықта шапса, дес бере қоймас.

11

– Әкеммен қанша жайлауды араладым, дәл мұндай қауіпті асумен жүріп көрмеппін, – дейді Дәулет Әшімхан аттан түсе бере.

12

Мұнартып Мұзтау, жарқырап Бүркіт көрінді. Алтайдың бұл сұлулығын сөзбен де, фотоаппаратпен де жеткізе алмаспыз. Көзбен көріп, сезіну керек. Соны білемін.

12

...Аман-есен өттік мұздықтан. Кері осы жолмен қайтуды ойласақ, зәреміз зәр түбіне кетеді. Ол қорқынышты алдымыздағы жазиралы жайлау ұмыттырды. Жап-жасыл бет, жан-жағы тісті шыңдар.

13

Дәрілік шөптер аяқтың астында жатыр. Щетка шөп, қызыл тамыр, алтын тамыр дегендей табиғи дәрілердің түр-түрі өседі. Теріп алайын десең, Қазақстанның Қызыл кітабына енген.

14

Шатыр тігілді, шай қайнады. Жерге жайылған дастарханға дөңгелей отырып, жан шақырдық. Бұл кезде күн ұясына батып бара жатқан.

14

Ертесі қар басқан шыңдарды маңдайға алғамыз. Жаяу-жалпы жүрмесек, қорым таста, көк мұзда ат жүре алмайды. Әбден шалдыққанда, «мынау далаға қай құдай айдап келді» дегендей ойлар сананы түртпектеп қояды.

17

Шаршасақ та алып Алтайды жұдырықтай жүрегіңе сыйғызып, сұлулығын көзбен көру – жарты бақыт емес пе?! 

20

Шығыс Қазақстан облысы

Катонқарағай ауданы