10 Қаңтар, 2014

– Нестеватсын? – Ойнавотрм

998 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Интернетті, ұялы телефонды сыпыра сауатсыздық пен жаппай жауапсыздық жайлап барады

Қазіргі заманғы байланыс түрлері пайда болғанға дейін адамдар ақпарат алмасу үшін отты, түтінді, желкендік рәміздерді, белгі беретін жалаулардың түсін, диірмен қанаттарын, ысқырықты, құбырлардың, барабандардың немесе ұңғыланған піл азуларының дыбыстарын пайдаланған ғой. Ал сіз адамзат баласы онлайн-байланысты ойлап тапқанға дейін талай тығырыққа тіреліп, мыңдаған-миллиондаған жылдарды артқа тастағаны туралы ойланып көрдіңіз бе?

Интернетті, ұялы телефонды сыпыра сауатсыздық пен жаппай жауапсыздық жайлап барады

Қазіргі заманғы байланыс түрлері пайда болғанға дейін адамдар ақпарат алмасу үшін отты, түтінді, желкендік рәміздерді, белгі беретін жалаулардың түсін, диірмен қанаттарын, ысқырықты, құбырлардың, барабандардың немесе ұңғыланған піл азуларының дыбыстарын пайдаланған ғой. Ал сіз адамзат баласы онлайн-байланысты ойлап тапқанға дейін талай тығырыққа тіреліп, мыңдаған-миллиондаған жылдарды артқа тастағаны туралы ойланып көрдіңіз бе?

Ұялы байланысты былай қойғанда, адамдардың агентсіз де өмір сүрген кездері болған. Қысқасы, барлық кезде алыс­тан араласудың жолдарын тау­ып отырған. Ендеше, адамзат баласының ең ұлы жаңалығының бірі де осы – ғаламторлық байланыс. Айшылық алыс жерде отырған адаммен бір түйменің көмегімен сөйлесуге де, дидарласуға да болады. Америкада отырып та skype көмегімен бала-шағаны көріп, не ішіп, не киіп жүргенін бақылай аласың. Ғажап! Алайда, адамзат баласының өзі ойлап тапқан ұлы жаңалығы өзін кейін қарай сүйреп бара жатқаны өкінтеді-ау.

Ұялы телефон ұстап туған қазіргі ұрпақ бір күн де агентсіз өмір сүре алмайды. Қолындағы телефонын тартып алсаң, жан-жағына алақтап, түсінен шошып оянғандай, уақыттың қай мезгілі болғанын ажырата алмай, айналасына таңғала қарайтын адамдардың түрлері пайда болды. Ұялы телефонға агент «ұя салғалы» мына өмірді ұмытып, виртуалды әлемнен шырмалып шыға алмай жүргендер шаш-етектен. Үйде де, түзде де, автобус пен троллейбуста бір бір телефонға телміріп отырған адамдар. Амандасқаныңды естімейді, жымиғаныңды байқамайды.

Қасына қария емес, ата-бабасы түгел тіріліп келсе де көрмейді. «Алысқа шырқап кеткендері» өз аялдамасынан асып, біраз жерге барып-қайтып жатады. Сабақта да солай. Осылайша «онлайн» болып отырып, не ішіп, не жеп отырғанын ұмытқан ұрпақ көзі ұйқыға кеткенше қолдарындағы титтей телефонға тәуелді. Басқа әлемге кіріп кеткен бала әке-шешеге көмектесуді былай қойғанда, көзіндегі кірбіңді байқамайды, шаршағанын сұрамайды. Қабаққа қарайтын қағілездік жоқ. Агентке тәуелді адамдардың ағайын-туыспен де шаруасы болмай барады. Сондықтан, ақпараттық технологиялары дами келе оған оның кері әсерін көре бастаған бірқатар елдер арнайы заң шығарып, өсіп келе жатқан ұрпақтарын интернетте ұзақ отырмауын мемлекеттік деңгейде қадағалауға мәжбүр бола бастады. Бұл – бөлек мәселе.

Әрине, виртуалды әлемде қазір жас та, жасамыс та өмір сүреді. Компьютердің, титтей ғана ұялы телефонның денсаулыққа зиян екені, көзді құртып, саусақтарды семдіретіні, есте сақтау қабілетін нашарлатып, жүйкеге кері әсер ететіні – ол да өзінше бір бөлек әңгіме.

Бәрінен де бұрын, зая кеткен алтын уақытты айтсаңшы. Керекті де керексіз ақпараттар тасқыны. Мобильді агентке лек-легімен келіп жатқан хаттар мен хабарламалар басқаға қарайлата ма?! Бірақ, ең сорақысы да бұл емес!

Осы материалды жазуға отырарда «адамзаттың баласы» деп әңгімені алыстан орағыта бастап едік қой. Ең сорақысы – агент пен SMS алып келген – сауатсыздық.

Алла Адам Ата мен Хауа Ана­ны жерге түсіргеннен бастап дей­міз бе, жоқ әлде құдайсыз Дар­вин секілді еңбектің арқасында май­мылдан адамға айналдық дей­міз бе, әйтеуір, әлмисақтан адам баласының іздегені – ілім мен білім. ХХІ ғасырдың шаужайына жармасқанға дейін кез келген халық қаншама қиындықтарды бастан өткерсе де сауаттылығын жоғалтпауға, ұрпағына білім беруге ұмтылды. Қаншама жазықсыз жандардың көз жасын көлдей төгіп, атып-асып, тірілей көміп, итжеккенге айдаған Кеңес өкіметінің өзі де еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін сауатты болғанын қалады.

Халық сауатты еді. Әскердегі жігіт ата-анасына, ұнататын бойжеткенге, замандас-құрбыларына хат жазғанда үтіріне дейін орнына қойып, көркемдеп жазып, көк конвертке салып жіберетіні кеше ғана. Адамдардың сәлем-сағыныштарын алып ұшқан хаттар – сауаттылығымыздың айнасы іспеттес болатын. Жігіт көлдей хаттың ішінде бір сөзден сүрініп, жалғыз қатесімен хат жіберсе де оны алып тұрған қыз құрбыларының алдында қарадай қысылып, қызаратын. Сықылықтаған олар тағы да қарап тұрмай мұндай «сауатсыз» жігітке жабылып күлетін. Әрине, ол кеше ғана мектеп бітіріп, әскерде мұрты тебіндеген бозбала-тын.

Ал бүгінгі жастардың, жоғары білімді адамдардың, қолында дипломы бар мамандардың, ең беделді университеттерде білім алып жатқан студенттердің агентте бір-біріне жазған амандық-саулығын оқығанда төбе шашың тік тұрады. Мысалды алыстан іздемей-ақ, мектепте оқитын ұлыңның, студент қызыңның агентіне көз қиығыңды тастасаң да жеткілікті. Мұндай «диалогтарда» бас әріп, үтір, нүкте дегендер болмайды. Қараңыз:

– слм (сәлем)

– прива. кк дел (Привет! Как дела?)

– ЖЖ-мен (Жаңа Жылыңмен!)

– спс (Спасибо!)

– нестеватсын

– кино көріватрм

– келшиш («келсеңші» дегені)

– Кошиш (қойшы) кеше тырын­дык­лап­сындар го... (кеше әбден тойла­тып­сыңдар ғой)

– қыртпаш

– х фактор болыватыр

– раха

 – Кай канал табалмайатырм

Міне, осылай. Бұл – алты айдан кейін қолдарына диплом алып, жоғары білімді қызметкер атанғалы отырған екі студенттің «сұхбаты».

Қысқасы, бұл – бүгін біз ашып тұрған жаңалық емес. Бұл қазір көптеген мемлекеттерде бар мәселе. Өкінішке қарай, мұндай жаппай сауатсыз жазу – интернеттің арқасында барлық елге, барлық ұлтқа түгел жұқты. Кеше ғана Тургенев пен Достоевскийлерін төбесіне көте­ріп, Куприннің кестелі тілімен су­сындаған орыс халқының өзі бұл дерттен енді қалай арылмақ? Технологиялары қарыштап дамы­ған жапондардың сленгтерден құ­тылуға ақылдары жете ме? Ау­зын айға білеген, компьютерлік бағ­дарлама жасағыш көшбасшы корпорациялар енді осы аурудан жазылудың қандай жолдарын ұсы­нады?

Мәселен, қазір көзіміз үйрене бастаған агент-сауатсыздық үшін біз осы уақытқа дейін «рунет» контентін құрайтын mail.ru-да қазақша әріптердің жоқтығын, тағысын-тағыларды, ұялы телефондар шығаратын әйгілі маркалар ұялы телефон мәзіріне қазақша қаріптер салмайтынын сылтау етіп келіппіз.

Енді жұрт ұялы телефон емес, Iphone, Ipad, Мacbook ұстаған заманда оның қазақша қаріптері жоқ деп айта алмайды. Технологиялар жетілді, ал бірақ адамдар неге кері кетіп барады?

Онсыз да толғауы тоқсан түрлі болған тіліміздің тағдыры баршамызға аян емес пе еді?! Біз есімізді жинап болғанша, тіпті, мобильді агенттің әліпбиі пайда болып, өзінің «тілі» қалыптасып келеді. Мысалдардың көптігі соншалықты, ақыл-есі бүтін адамның ашу-ызасын туғызуға тиісті сленгтерге ешкім де селт етпейтін болды. Қазіргі жастар – елдің келешек тізгін ұстарлары «қалайсың» дегенді – «каксың», «не жаналық» – «не жана» я болмаса, «не жнлк» болып, рақмет сөзін «раха» деп жаза береді.

Бастапқыда агенттегі қате хат жазысуларды ерсі көретін адамдардың өзі бүгінде «нестеватсын?» деп амандық-саулықты бастайды. Осы үрдіске кеше ғана намыстанып жүрген әріптестеріміздің де оған еті үйрене бастаған. Бұл жаппай сауатсыздыққа көнгеніміз бе, әлде жеңілгеніміз бе?

Осы сауалды ақпараттық технологияларды әбден меңгерген, интернет игіліктерін белсенді пайдаланатын және өздерін ұлтымызды сүйетін деп есептейтін әріптестерімізге қойып та көрдік.

«Қазақ ақпарат агенттігі» ұлттық компаниясының тілшісі Ерлiк ЕРЖАНҰЛЫ:

– Қазір әлеуметтік желілердегі қате сөздер мен орашолақ сөй­лем­дердің мәселесі, тіпті, өзекті болып отыр. Оған тосқауыл қою­ға ұлтжанды азаматтар өздері ұйыт­қы болмаса бұл індетті ауыздықтау мүмкін емес сияқты. Сол себепті енді өзін тілдің жанашыры санайтын әр азаматқа өзіңді құрметтесең, тіліңді түзе деп ұран тастаудан басқа амал қалмады. Егер әр азамат әр сөзіне жауапкершілікпен қарап, мұқияттылық көрсетсе сауатсыздықпен күрес нәтижесін берері күмәнсіз.

Осыдан бірер жыл бұрын мақтаулы Еуропа елдерінің бірінде үкіметтегі жоғары лауазымды шенеунік көбейту кестесін білмейтінін айтып, жұртты таңғалдырған еді. Соңғы жылдары өз ойын жеткізуде сауатты сөйлейтін, жазатын адамдардың саны күн өткен сайын ортамызда азайып келе жатқаны анық байқалады. Оны телеарналардағы сауалнамалар мен әлеуметтік желілердегі хабарламалардан баршамыз күнделікті көріп, оқып жүрміз. Алайда, оған мән беріп жатқандар некен-саяқ. Кейде, тіпті, оны қалыпты жағдай деп қабылдай бастадық. «Салем», «привет», «ok» дейтін сөздерді үлкен де, кіші де жаппай қолданатын болды.

Телеарналардың жаңалықтар қыз­­ме­тін­де қазір журналистердің мате­риал­дарының әдеби норма­ға сәйкес­тігін тексеретін тіл маманда­ры­ның сарапшылық қызметі мүлде жой­ылған. Сондықтан мерзімді басылымдарды оқып, радио тыңдап, телеарна көріп отырған кезде, өзінің жіберген қатесін келесі жолы түзетіп, одан сабақ алып жатқан тілшілерді көру мұң боп қалды. Егер ақпараттың көру, тыңдау және оқу арқылы қабылданатынын ескерсек, бұқа­ра­лық ақпарат құралдарының өз міндетін толық атқара алмай отыр­ғанын мойындау керек.

«Бала тәрбиесі» жур­на­лы­­ның редакторы Айгүл БОЛАТ­­ХАНҚЫЗЫ:
– «Хат жазу – жарты дидар» дейді халқымыз. Ақ параққа аман­дығыңды жазып, бұрынғыдай пош­та арқылы сағынышты сәлемін жеткізетіндер некен-саяқ. Бүгінде аққанат хаттардың орнын телефон алмастырған. Амандық-саулықты
қалта телефонының көмегіне жүгі­ніп, хабарлама жіберіп біле салатын болдық. Осындай хабарламаның сауаттылығына қаншалықты мән беріп жүрміз? Осыған тоқталсақ... «Салам!», «Нестеватсын?», «Китап окывотрм», «Казир, жумыска жетівалайын...»... Ол аз болса, «7я», 4етверг», «V7» деген «жаңа» сөздер шығарғанын қайтесіз?!

Өз басым ұлымның осындай хабарламалар алатынын алғаш көргенде... жастардың сөйлеу мәнеріне таңғалған басым, жазғандарын көріп еріксіз бас шайқаған едім. Жарайды, мұны құрбы-құрдастың өзара әзілі деп қабылдап, мән бермей-ақ қоялық. Бірақ, күндердің-күнінде жаһандану деп жанұшырған онсыз да кітап оқымай кеткен қазақ баласы сауатсызға айналса, не болмақ? Мұның ең сорақысы сонда, осы сауатсыздықтың телеарналардан берілетін жүгіртпе жолдарға жеткені, яғни біздің балаларымыз осылай жазуды саналарына сіңіріп алған. Кейінгілері, тіпті, дұрыс жазылуын білмеуі де мүмкін! Осылай кете берсек, кім болғанымыз?

Енді мемлекеттік тұрғыда шешуге тірелген бұл мәселеге қатысты сауалды халықтың келешегіне алаңдайтын көптеген жандарға қойып көргенде бәрінің қынжылысы жоғарыдағыдай тақылеттес болып шықты.

Сондықтан да «Ғаламтордағы сауат­сыздықты реттеудің қандай техникалық мүмкіндіктері бар? Интернетті белсенді пайдаланушы ретінде пікір-ұсынысыңыз бар ма? Агенттегі, SMS сауатсыздықтан қалай құтылуға болады? Әлде бұл енді өмірімізге дендеп енген құбылыс болып қала бере ме?» деген келесі сауалды «Мін­бер» журналистерді қол­­­дау ор­­талығы жанындағы Жа­­ңа медиа­ны зерттеу тобының же­тек­­­ші­­сі Ас­хат ЕРКІМБАЙҒА қойдық.

– Интернетте сөздерді қысқар­тып жазу бар да, тілдік нормалар­ды қасақана бұзып, қатемен жаза­тындар бар. Қысқартып жазу әдет­те сенімді достар арасында кең етек жайған. Сонымен қатар, телефон арқылы ойды бір хатқа сыйдырып, ақша үнемдеуден туындаған тәсіл деп ойлаймын.

Алайда, іскерлік қатынаста бұ­лай хат жазу әбестік болар еді.
Қа­зақ­ша мен орысшаны араластырып, қойырт­пақ тілді қолданып жүргендер бар да, өз алдына әліпби түзіп, сонымен қарым-қатынас жасаушылар кездеседі.

Ешқайсысына «Бәрің бірдей әлдебір мекеме немесе заң бекіткен нормамен жазыңдар» деп талап қоя алмаймыз. Біріншіден, қазіргі қоғамның өзі сөздіктер бекіткен, қазақ тілінің ережесіне сай қазақ­ш­аны қолданып жүрген жоқ. Оны қарапайым ғана көше жарнамасынан көре аламыз. Сөздің дұрыс жазылуын көрсететін сөздіктер болғанымен, тіл тазалығын сақ­тайтын жауапкершілік болмай тұр. Екіншіден, интернет еркін ақпарат алмасатын алаң болғандықтан, монитордың арғы жағындағы жазып отырған адамның кім екенін білу де оңай емес. Үшіншіден, Қа­зақстанда интернетті қолда­ну­шылардың негізгі тобын мектеп жасындағы оқушылар мен студенттер құрайды. Егер интернеттегі сау­атсыз жазуды, мәдениетсіздікті көрсеңіз бұл білім саласында біраз жұмыстар атқарылуы керек деген сөз.

Ал «Интернетті белсенді пайдаланушы ретінде пікір-ұсынысыңыз бар ма? Агенттегі, SMS сауат­сыз­дықтан қалай құтылуға болады? Әлде бұл енді өмірімізге дендеп енген құбылыс болып қала бере ме?» деген сауалыңызға келсек, шетелдерде қызметкерді жұ­мыс­қа алған кезде оның интернеттегі әлеуметтік желілерін тексеретін үрдіс бар. Нәтижесінде, болашақ жұмысын ойлайтын шетелдік жастар, осы бастан интернеттегі әлеуметтік желіге ақпарат таратқанда мейлінше сауатты жазуға тырысады. Біздің елімізде де жұмысқа алушы адам қазақшаға жетік болса, болашақ қызметкерлерінің тілдік ережені сақтауына мән берер еді. Сонымен қатар, шетелдің мектептерінде, оқу орындарында интернетте мәтін жазудың, іскерлік қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыруға қатысты арнайы курстар жүреді. Бұл жоба елімізде қолға алынса-ақ, интернетіміз мінсіз болады демеймін, алайда, интернеттегі адамдардың жауапкершілігі артып, сауатты жазудың маңызын түсінер ме еді деп ойлаймын.

Түптеп келгенде, бұл сауал қоғамдағы мәдениеттің төмендеп бара жатқанынан хабар береді. Мәтінді сауатты жазатын арнайы алгоритм құрастырылып, қате жазуды жөндейтін бағдарлама құруға болар. Әйткенмен, бұл бағдарлама есебінен адамдардың бәрі жаппай сауатты болып, мәдениеті арта түседі дей алмаймыз. Мәселенің технологиялық шешімі қоғамдағы ауруды жасыруға ғана көмектеседі. Ал шындығында қазақша сауатты сөйлеу, қазақтың әрбір әрпіне құрметпен қарау мәдениеті балаға тіл шыққаннан бастап үйретілуі керек тәрізді.

Осы көкейкесті мәселені БАҚ-та, әлеуметтік желілерде көтеріп жүрген Сәдуақас АҢСАТ былай дейді:

– Көшеде, қоғамдық көлікте, түрлі іс-шараларда, яғни күнделікті өмірде жастармен кездеспей тұрмаймыз. Сонда олардың бір-біріне қарым-қатынасы, сөйлеген сөзі аға ұрпақ өкілдерін қатты қынжылтады. Әрине, мен бәрін жамандаудан, көпке топырақ шашудан аулақпын. Дегенмен, жаман әдеттің жұққыш келетінін, «бір құмалақтың бір қарын майды шірітетінін» ұмытпайық. Ағылшын тілінде «сленг», «жаргон» деген сөздер бар, оның мағынасы фразеологизмге ұқсас, яғни фонетикалық, грамматикалық жүйеге бағынбайды. Осы сөйлемшелердің өзгеше түріне жастар тым құмар болып барады. Оны сәнге айналдырып алған, мақтаныш көреді: «сындырды», «базар жоқ», «лапша ілді», «құлақтан тепті», «қуады екенсің», «лақтырып кетті», «қораға кірді» деген сөздерді жиі естиміз. Шешімін таба алмаса, «тормозы ұстап қалды», «зависать етіп қалды», көпшілікпен келуді «толпа», менменсуді «типаж болу», ақша талап етуді «счетчик қою», қоңырау шалуды «маяк тастау» деп жатады. Бұл жаргон сөздерде орыс сөздерінің компоненттері бар. Бірақ бұл Абайдың, Толстойдың, Чеховтың тілі емес, демек бұл орайда жақсы нәрсені, озық ойды алып отырған жоқ. Бұл көшенің сөзі. Бұндай сөздер біздің кезімізде де болған. Бірақ, оны көпшілік орында емес, өз орталарында қолданатын. Шектен шығып бара жатса, тыйым салушылар (ата-ана, мектеп, қоғам болып) тосқауыл қоя білетін. Кейде сленг бір аймақта қолданылады да, елге тарап кетеді. Ал агенттегі хаттар, ғаламтордағы сайттар, теле­ди­дардағы түкке тұрғысыз бағдар­ламалар, әлеуметтік желідегі жеңіл әңгімелер арқылы бозбала мен бойжеткеннің сөз саптауына айналып, тілін мәдениетсіздендіруде».

Міне, қазір қоғамымызда сыздауықтай мазалаған мәселенің бірі – әлеуметтік желілердегі сауатсыздық болып тұр. Енді бұл мәселемен ең елжанды деген адамдардың өзі жеке-дара күресе алмайды. Агенттегі сауатсыздық асқына-асқына келе бүкіл ел аузына қараған телеарналардағы жүгіртпе жолдарды жаулап алға­ны­на күн сайын куәміз. Бір сөйлем­де бір дұрыс жазылған сөзі жоқ мә­тін­дердің мағынасынан да кісі шо­шитын халге жеттік. Ең сора­қысы, біз осы сорақылыққа үйрене бастағанымыз. Сіз не дейсіз?

«Түсінікті тілмен» айтқанда: «Ос­ны оқғанда неойлавотсыз?»...

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.