Экономика • 21 Шілде, 2021

Дидье КАНЕСС: Қазақстан – экономикалық мәселелер бойынша аймақтағы басты серіктесіміз

453 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Қазақстанның тәуелсіздігін 1991 жылы алғашқылардың бірі болып таныған ел – Франция. Содан бері екі ел арасындағы қарым-қатынас ұдайы дамып келеді. Қазіргі таңда Франция – Еуропадағы стратегиялық әріптестеріміздің бірі. Осыған орай  Францияның Қазақстандағы Тұрақты және Өкілетті Елшісі Дидье Канесс мырзамен тілдескен едік.

Дидье КАНЕСС: Қазақстан – экономикалық мәселелер бойынша аймақтағы басты серіктесіміз

– Франция мен Қазақстан ара­сындағы дипломатиялық қарым-қаты­нас 1992 жылы орнады. Содан бері екі ел арасындағы байланыс қан­дай бағытта дамып отыр?

– Келер жылғы қаңтар айында екі ел арасындағы екіжақты қарым-қаты­настардың 30 жылдығын атап өтеміз. Бұл ынтымақтастық айтарлықтай жетіс­тіктерге толы. Бұған дәлел ретінде 2008 жылы қол қойылған екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік жөніндегі шартты келтірсек болады.

Саясат саласында Франция Қаза­қ­станмен өзара сенімді қатынас орнатты. Қазақстан – біз үшін аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтауға қатысты басты серіктесіміз.

Франция Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси жаңғырту мен реформалар саясатын қолдайды. Әсіресе, Мемлекет басшысының адам құқық­тарын нығайтудағы жігерлі іс-шараларын айрықша құптаймыз. Осы ретте өткен жылы өлім жазасының қол­даныстан толықтай алынғаны – саяси тұрғыдан маңызы зор қадам.

Қазақстан – экономикалық мәселелер бойынша аймақтағы басты серіктесіміз. Ынтымақтастығымыздың іргетасы берік, өйткені Франция мемлекеті Қазақстан экономикасына қаржы құйған басты шетелдік инвесторлар қатарында. Келесі онжылдыққа белгілеген мақсатымыздан көп үміт күтеміз.

Қазіргі уақытта энергетика мен көлік салаларында орнатылған ынтымақ­тастықты одан әрі нығайтып, сонымен қатар жаңа салаларда, яғни цифрлы технологиялар, жаңа энергия көздеріне көшу мен жасыл экономика және ауыл шаруашылығы мен туризм салаларында ынтымақтастықты дамытуды көздейміз.

Жол картамызда көптеген жоба бар. Мәдениет пен білім беру саласы да екіжақты қарым-қатынасымыздың маңызды бөлігі. Алматыда орналасқан екі франко-қазақстандық жоғары бі­лім беру мекемесін, атап айтқанда, Сорбонна-Қазақстан институты мен «Гео-энергетика» орталығын мақтан тұ­тамыз.

Жақында денсаулық сақтау саласында үлкен ынтымақтастық бағдарламасын жүзеге асыруға кірістік. Бұл бағдарлама онкологиялық ауруларды емдеу, ана мен бала денсаулығы және бірінші медициналық көмек көрсету салаларына негізделген. Мұндай мысалдар өте көп. Қысқаша айтқанда, біздің қарым-қатынасымыз өте тығыз, алуан түрлі салада өрбіп келеді. Біз стратегиялық серіктестікке негізделген осы қарым-қатынасты одан әрі дамытқымыз келеді. 

– Франция – Қазақстанның Еуро­падағы негізгі сауда серіктесінің бірі. Қазіргі таңда екіжақты тауар айналымы қандай деңгейде? Бұған пандемия қаншалықты әсер етті?

– Екі ел арасындағы сауда байланысы 2021 жылы жақсы көрсеткішке ие болып отыр. Әйтсе де, сауда-экономикалық қа­ты­насымыз эпидемиялық дағдарыс әсе­рінен зардап шекті.

 2020 жылы Қазақстанға келген француз тауарының көлемі артты. Мәселен, былтыр бұл көрсеткіш 594 млн еуроны құрап, 2019 жылға қарағанда 40,3 пайызға өсті.  Мұның басты себебі көлік құралдары тасымалына байланысты. Алайда Францияға импорттың көлемі мұнай бағасының төмендеуі мен оған әлемдегі сұраныстың азаюы салдарынан күрт төмендеп, 1,6 млн еуроға дейін түсті. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 50,4 пайызға аз.

2021 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша Қазақстаннан келетін импорттың көлемі айтарлықтай артып, 886 млн еуроны құрады. Өткен жылғы осы мерзімдегі көрсеткішпен салыстырғанда 106 пайызға ұлғайды. Бұл әлемдегі мұнай бағасының қымбат­тауына байланысты. Өткен жылы көлік құралдарының сатылымы жақсы нәтиже көрсеткенімен, биыл біздің экспорттың көлемі азайды. Тиісінше 140 млн еуроны құрап, 30,2 пайызға төмендеді.

– Келесі жылы Францияда президент сайлауы өтпек. Алдағы сая­си додаға дайындық барысы қалай?

– Сайлауалды науқан басталды. Күзде саяси партиялар өздерінің сайлау стратегияларын бекітіп, кандидаттарын ұсынуы керек. Қазіргі кезеңде нақ­ты ақпарат жоқ. Дәстүрлі оңшыл Республикалық партияны алсаңыз да, солшыл Социалистік және экологиялық қозғалыстар қатарында да кандидаттар көп. Президент Эммануэль Макрон мен оның En Marche партиясы келесі президенттік сайлауда табысқа жетуі үшін алдағы айларда саяси күнтізбесін бекітуі керек.

– Қазіргі таңда президенттікке басты үміткер ретінде президент Эммануэль Макрон мен Марин Ла Пен­нің аты аталады. Бір қызығы, Жак Ширактан кейін мемлекет басшы­лары екінші мерзімге сайланбаған екен. Осыған байланысты қазір ха­лық пікірі қандай?

– Айтып өткенімдей, біз президенттік сайлауға қатысатын үміткерлердің толық тізімін әлі білмейміз. Президенттікке сайлау келесі жылдың мамыр айында, ал парламенттік сайлау маусым айында өтетінін айта кеткім келеді. Оған дейін әлі уақыт бар. Осы мерзім ішінде біраз өзгеріс болуы мүмкін. Сондықтан болжам жасауға ертерек сияқты. Сонымен қатар демократиялық тәжірибеге сенетін болсақ, сайлау нәтижелері сайлау күні ғана белгілі болады.

– Франция Еуропа одағының жетекші елдерінің бірі екені белгілі. Таяуда ЕО тарапы Үндістанмен сауда байланысын нығайтуға көңіл бөле бастады. Бұл мәселеде Францияның ұста­нымы туралы айта кетсеңіз?

– 2021 жылы 8 мамыр күні Еуропа одағы мен Үндістан арасында саммит өтті. Бұл іс-шараға бірінші рет Еуро­па одағына мүше мемлекеттер басшылары мен үкіметтер басшылары қатысты. Осыған орай, Еуропа одағы мен Үндістан арасында бірнеше маңыз­ды шешімге қол жеткізілді. Сауда бай­ланысына қатысты келісімдердің жүр­гізілуіне мүмкіндік берілді. Бұл, әсіресе, географиялық белгілерді қорғау саласына қатысты.

Сауда-саттық жөніндегі мәселелерге байланысты жаңа құрылымдар құрыл­ды. Үндістан мен Еуропа одағы арасындағы сауда және инвестициялар жөніндегі жоғары деңгейдегі диалог нарыққа кіру мәселесіне қатысты бір­неше жобаның саяси дәрежеде ше­шілуіне үлесін қосады.

Франция Еуропа одағы мен Үндістан арасындағы сауда-саттық бай­ланыстың артуына мүмкіндік беретін бастамаларды құптайды. Яғни Еуропа одағының Үнді-тынық мұхи­ты аймағындағы үлесінің артуын, яғни бұл аймақта тұрақтылық пен қауіп­сіздіктің орнығуын, оның тұрақты дамуы мен көркеюін қолдайды.

– Еуропа одағы елдерінің басшылары Қытай саясатын сынап жүр­гені белгілі. Дегенмен, соған қара­­мастан, Еуропа одағы Қы­тай­мен таяу­да ин­вес­тициялық келісім жасасты. Осы­ның мәнін түсіндіре кетсеңіз?

– Еуропа мемлекеттері басшы­ларының Қытай саясатына қатысты көзқарастары мен ЕО және Қытай ара­сындағы инвестициялар жөніндегі келі­сім арасында еш қарама-қайшылық жоқ.

Сіз айтып өткен келісімге 2020 жыл­­­дың желтоқсан айында қол қойыл­ды. Қытай еуропалық инвесторларды өзінің нарығына өте жоғары деңгейде кіргізуге уәде берді. Сонымен қатар жа­ңа маңызды нарықтар ашуға да келісті. Сондай-ақ Қытай нарығындағы бәсе­келестікке төтеп беру үшін еуропа­лық компанияларға қатысты әділ жүйе қолдануға уағдаласты. Қытай тұрақты дамуға байланысты ауқымды жобаларды қабылдады.

Франция аталған келісімге ең­бе­к құқығының кіргізілуіне, әсі­ресе, ерік­сіз еңбекке қарсы күрес мәсе­лесінің бекітілуіне қатты назар аудар­ған болатын. Жалпы алғанда, Фран­ция адам құқықтарын қорғау мәсе­ле­сінде Қытаймен еуропалық деңгейде жүр­гізілетін табанды диалогты толы­ғымен қолдайды.

– ЕО елдері 2050 жылға қарай көміртегі газын шығару көлемін мүлдем азайтпақ. Осы орайда Фран­ция өз мін­детін орындау үшін қандай шаралар қолданып жатыр? Яғни жасыл энер­гетикаға көшу қалай жүргі­зілуде?

– 2019 жылдың соңында Франция энергетика саласында үлкен мақсатты көздейтін «энергетика-климат» атты заң қабылдады. Аталған құжатқа сәй­кес, 2030 жылға дейін 2012 жылмен салыс­­тырғанда дәстүрлі қуат көздерін қол­дануды 40 пайызға дейін азайту керек.

Заңға сүйенсек, 2022 жылдан бастап көмірден алынатын электр көздерінің өндірілуі тоқтатылады. Сонымен қа­тар қазба қуат көздерімен жұмыс істей­тін қолданыстағы қондырғылардың шы­ға­ра­тын парниктік газдарының рұқсат етілген мөлшері белгіленеді. Құжат жаңар­тылатын энергия көздерін қол­да­нуды, әсіресе, күн қуатымен жұ­мыс істейтін панельдерді пайдалануға үндейді.

Сонымен қатар «Климат және төтеп беру» атты заң жобасы пысықталып жатыр. Бұл құжат қоршаған ортаны қорғауға байланысты азаматтық Кон­вен­ция кезінде кездейсоқ таңдалған 150 азаматтың ой-пікірлері негізінде құралған. Бұл ұсыныстардың ішінде мыналарды мысалға келтіруге болады.

Француздар қолданатын заттар мен қызмет көрсету түрлерінің қоршаған ортаға әсерін көрсететін CO2 score зат­таңбасы көрсетіледі. Қалалар әкім­діктері қоршаған ортаны ең көп ластайтын көліктердің қозғалысын шектейтін аймақтар құрады. 2030 жылға дейін қоршаған ортаны ең көп ластайтын көліктердің сатылуына тыйым салынып, пойызбен 2 сағат 30 минуттан аз уақытта жететін қашықтыққа ішкі әуе байланысы тоқтатылады.

– Француз тілі әлемдегі ең әсем тілдердің бірі саналады. Шартарапта оған қызығатындар көп. Мәселен, біздің елде де французша үйренгісі келе­тіндер көп. Елшілік тарапы, жалпы, Франция француз тілін тарату мақсатында қандай шаралар атқарады?

– Шынында да, француз тілі – әлем­дегі ең танымал екінші тіл. Оны шартараптың түкпір-түкпірінде 132 миллион адам үйреніп жатыр. Бірақ мен барлық тілдің өз сұлулығы бар деп айтар едім. Ал француз тіліне деген қызығушылық оның байлығына ғана байланысты емес, сонымен қатар француз тілінің қолданыста кеңінен таралуына қатысты. Қазіргі таңда ол 29 елде ресми тіл мәртебесіне ие. 300 миллионнан астам халық французша сөйлейді. Осылайша әлемде 5-ші орында тұр. Бүгінде француз тілінде жетік сөйлейтін халықтардың демографиясы барынша жылдам өсіп келеді. Шынында да, болжам бойынша француз тілінде сөйлейтін халық саны 2070 жылы 477-747 миллионға жетіп қалады.

Өкінішке қарай, француз тілінің оқуға, бизнеске беретін артықшылықтары туралы Қазақстанда әлі көп адам біле қоймайды. Биыл қазақстандық мектептерде француз тілін үйренушілердің саны 8281 адамды құрады. Бұл 7-17 жас аралығындағы оқушылардың жалпы санының 0,25 пайызын құрайды.

Біздің Елшілік қазақстандық билікке осыған байланысты екі бағ­дарлама ұсынды. Бір жағынан, Фран­цияның сыртқы істер министрлігі 2020 және 2021 жылдары ерекше қаржыландыруды енгізді. Бұл шамамен 150 француз тілі мұғалімін даярлауға мүмкіндік берді. Екінші жағынан, біз Нұр-Сұлтан қаласындағы №17 мектепте екі тілді секция ашамыз. Бастауыш сыныптарда оқушылар француз тілі бойынша күшейтілген дайындықтан өтеді, ал математика француз тілінде оқытылады.

Қазіргі уақытта, мысалы, Алматы қаласындағы №25 мектепте, басқа да екі тілді секциялар әзірленіп жатыр. Бұл бөлімдер түлектерге Францияның ең беделді университеттерінде оқуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Білім және ғылым министрі Асхат Айма­ғамбетов мырзамен бірлесіп қол қойған, жаңартылған Абай-Верн бағдарламасы Фран­циямен академиялық білім алма­суға соны серпін береді.

Франция жоғары оқу орны бойынша әлемде 5-ші орында. Біз жыл сайын 358 мың шетелдік студентке тәлім береміз. Шекарамызды бір жылдан астам уақыт бойы студенттер үшін ашық ұстадық. Қазақстандық студенттерді жоғары оқу орындарымыз күтеді.

– Өзіңізге мәлім, Ұлыбританияның ЕО-дан шыққаннан кейін Одақтың негізгі тілі, яғни lingua franca болып өз­геруі мүмкін бе? Яғни оны француз тілі алмастыра ала ма?

– Еуропа одағының 24 ресми тілі бар. Бұл лингвистикалық әртүрлілік – мақтан тұтатын байлығымыз. Ағылшын тілімен қатар, француз тілін еуропалық мекемелердің қызметкерлері кеңінен қолданады. ЕО-ның сыртқы саясат және қауіпсіздік органдарында ағылшын тілімен қатар жұмыс тілі. Осылайша, ЕО-ның саясат және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің, ЕО-ның сыртқы саясаты мен қауіпсіздік саясатын әзірлеуге және жүргізуге жауапты үкіметаралық органының мүше мемлекеттер елшілері ағылшын немесе француз тілдерінде қатар сөйлейді.

Әрине, іс жүзінде ағылшын тілі басым, бұл жағдай Ұлыбританияның ЕО-дан шығуымен өзгермейді. Бір жағынан, Ирландияның ЕО-ға мүше болуына байланысты ағылшын тілі ресми тіл болып қала береді. Екінші жағынан, бұл – еуропалық институттар мен дипломатиялық ортада барлығы білетін тіл.

– Қазақтардың қандай өнері мен мәдениеті қызықтырады?

– Маған қазақ мәдениетімен оның барлық қырынан танысу қызықты. Қазақ халқының өзіндік ерекшелігі көпғасырлық тарихы мен мәдени тамыры тереңде жатыр. Басқа халықтармен байланысқан соң, атап айтқанда, Еуро­памен танысқаннан кейін қазақ мәде­ниеті өзгеріске ұшырап, үлкен сынақтан өтті. Кеңес заманында еріксіз отырықшылық, ұлы ашаршылық, ұлттық интеллигенцияға қарсы сталиндік қуғын-сүргін, халық дәстүрлерін шектеу, қазақ тіліне қысым жасау осы мәдениеттің аман қалуына қауіп төндірді. Тәуелсіздік алған сәттен бастап қайта өрлеу дәстүрлі мәдениеттің қайта жаңғыруы мен әлемге ашықтықты үйлестіре отырып іске асырылды. Қазақ халқының осының бәрін бастан өткеруі – оның ұлылығын айғақтайтын айрықша қабілеті.

– Ұлттық тағамдарымыздан дәм таттыңыз ба? Қайсысы көңіліңізден шықты?

– Француздар үшін жаңа аспаз­дық дәстүрлермен танысу – өте қызықты іс. Қазақ достарымның қонақжай­лы­лығының арқасында көптеген дели­катесті сынап көрдім. Қазақтар мол­шылықты, бай да дәмді дастарқанды және қонақжайлылықты жақсы көреді. Осы тұрғыдан алғанда француздарға ұқ­сайсыздар.

Ұлттық тағамдар арасында қазақша ет асуды ерекше атап өтер едім. Оны дайындауда әрбір отбасының өз құпиясы бар. Сондықтан әрбір қонаққа бару – әртүрлі дәммен танысу. Маған Артем Канцев сияқты кейбір аспаздардың зерттеулері ұнайды. Олар дәстүрлі рецепттерді қайта қарастыру арқылы заманауи тағамдар жасайды. Менің ойымша, бұл – бүгінгі Қазақстандағы аспаздық өнердің ең қызықты ағымы.

– Биыл біз Қазақстан Тәуел­сіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Осыған орай Сіздің тілегіңіз қандай?

– 30 жыл деген – керемет жас! Бұл – жетілу, өршілдік пен шығармашылық күштің жасы. Мен Қазақстан халқына өз тағдырының иесі болып қалуын, өз болашағына инвестиция жасауын, ел мен оның институттарын жаңғырту бойынша жұмыс істеуін, экономикалық гүлденіп, өркендеуін тілеймін! Ұлттың күші – ұжымдық мүдде жеке тұлға мүддесінен басым болатын жақсы әлем құру мақсатында жұмсаған әрбір адамның жеке күш-жігерінің нәтижесі. Қазақтар Ұлы ұлт екеніне күмәнім жоқ.

– «Еgemen Qazaqstan» газетінің оқыр­мандарына айтар тілегіңіз?

– Пандемия өршіп тұрған ке­зең­де «Еgemen Qazaqstan» газетінің оқыр­мандарына ең алдымен мықты денсаулық тілеймін! Өздеріңізге және жақындарыңызға қамқорлық таны­тыңыздар. Коронавирустың таралуын тоқтату үшін жауапкершілікті қарым-қатынас орната отырып, өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз.

– Әңгімеңізге рахмет.