Медицина • 11 Тамыз, 2021

Онкология диспансері мен зираттың арасы – бір қадам

1067 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Медициналық-емдеу мекемелерінің арасында аурасы мен моралдық-психологиялық ахуалы өте ауыр орындардың бірі – онкология диспансері. Халқымыздың дені көп жағдайларда ағзасында пайда болған онкологиялық дерттердің алғашқы белгілерін онша елемей, дәрігерге қаралмай жүре беретіні жасырын емес.

Онкология диспансері мен зираттың арасы –  бір қадам

Тіпті ағайындарымыздың арасында «қайтер дейсің, жел-құс, салқын тиген шығар, бір терлесем кетеді ғой», деп арқаны кеңге салатындар да аз емес. Сөйтіп жүргенде атың өшкір ауру одан әрі дендеп, үшінші, тіпті төртінші стадияға ауысып кетіп жатады. Әрі алғашқы сатысында аталған дерт адамға айтарлықтай байқала бермейді екен. Жайбарақаттың бір ұшы осында секілді. Ал кейін олардың жаны қиналған кезде бәрі де кеш болатыны бесенеден белгілі.

Мұндай сатыдағы ауыр сыр­қат­тардың соңғы демі бір­қа­тар жағдайда онкологиялық диспансерде үзілетіні де ешкімге құпия емес. Болды, бәрі де бітті... Бұдан кейін онкодерт салдарынан қайтыс болған адамды жерлеуге қатысты абыр-сабыр қимылдар басталып кетпей ме? Бұған онша сабылып, қиналудың қажеті жоқ секілді. Өйткені Орал қаласындағы Алматы көшесінің бойында орналасқан облыстық онкологиялық диспансердің тұп-тура, түбі мен іргесінде өлік­ті жерлеуге қатысты салт-жо­ралар қызметі орналасыпты. Әрине, ешкім де мәңгілік емес, өмір бар жерде өлімнің, қазаның болуы – табиғи жәйт. Тіпті әлгіндей мәйітті жөнелтуге қатысты қызмет көрсететін орын­дарды да қажетсіз дей ал­майсың.

Солай дей тұрсақ та, оны ел-жұрт бұған дейін «жаман ауру» деп атап кеткен ауыр дертпен алысумен бірге санасын «осыдан о дүниеге кететін шығармын» деген ауыр ой қаумалаған адамдар емделетін медициналық ме­кеменің іргесінен ашудың қан­дай қажеттілігі бар еді? Мұн­дай шешім қандай қисынға сәйкес келеді? Әлде бұл «өлсеңіз – біздің қызметіміз әзір» деген тұспал ма? Мұны бұл арадан сәл қашығырақ жерге орналастыруға болмас па еді? Онкология дис­пан­серінің тұсынан өтіп бара жатқан кезде көкейге келген ойым мен осындай сауалдарды га­зет оқырмандарының назарына ұсынуды жөн көрдім. Олар бұған не дер екен?

 

Темір ҚҰСАЙЫН,

журналист

Орал

 

Суретте: Онкология дис­пан­се­рі­нің іргесінде орналасқан жерлеу рәсімін жүргізу орны