Әлем • 12 Тамыз, 2021

Қытай караокені бақыламақ

242 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қытай ұлттық бірлікке қауіп төн­діреді деген желеумен «заңсыз маз­мұны бар» караоке әндеріне ты­йым сал­мақ. Осылайша, Бейжің билігі елдегі 50 мыңға жуық ойын-сауық орнын бақылап, аумақтық тұтастыққа, діни сая­сатқа қауіп төндіретін әндерді шектемек. Оның орнына мәтінінде Ком­мунистік партияның ұстанымына қарсы келмейтін әндер қойылуға тиіс.

Қытай караокені бақыламақ

Қытай Мәдениет және туризм ми­нистр­­лігінің хабарлауынша, 1 қазан­нан бас­тап, бүкіл елде «заңсыз мазмұны бар» ән­дерді қоюға тыйым салынады. Осы мер­зімге дейін «қара тізімге» енген өле­ңдер туралы толыққанды мәлімет берілмек.

Министрліктің айтуынша, ұлттық бірлікке, егемендікке немесе тер­ри­то­рия­лық тұтастыққа қауіп төндіретін, культтерді, ырымдарды насихаттау арқы­лы мемлекеттік діни саясатты бұза­тын немесе құмар ойындар мен есірт­кі тәрізді заңсыз әрекеттерді насихаттайтын мазмұндағы әндер «қара тізімге» енгізілмек.

Караоке қожайындары шырқалатын әндердің мазмұнына жауапты болмақ. Әйтсе де, Қытайда 50 мыңнан астам ойын-сауық орны мен 100 мыңнан астам ән бар. Бұл бақылауды қиындатпақ.

Министрлік караокелерге «заңсыз мазмұны бар» әндердің орнына саясатқа сай, көтеріңкі музыка қоюға кеңес берді.

Қытай зорлық-зомбылықты, порнографияны насихаттайтын бүкіл контентке тыйым салған. Сондай-ақ әлеуметтік желілер мен веб-сайттарды бақылап, сая­си тақырыпта сыни пікір жазатындарды қудалайды.