Қазақстан • 12 Тамыз, 2021

«Қазақмыс» – ұлы ғалым Қанекеңнің перзенті

496 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Табиғаттың Қазақстан халқына берген жер қойнауының байлығы ежелгі заманда-ақ пайдаланыла басталған. Жезқазған өңірі сол кездің өзінде-ақ ата-бабаларымыздың жақсы күнкөрісінің көзі болған. Оларды мыс, алтын, күміс және басқа түсті металдармен қамтамасыз еткен. Содан мың жылдар өткен соң Жезқазғанның сарқылмас байлығын халық мүддесіне орынды пайдаланудағы ерекше рөлін қазақтың ұлы перзенті, КСРО Ғылым академиясының академигі Қаныш Имантайұлы Сәтбаев бүкіл әлемге жеткізеді. Дарынды, көріпкел, данышпан Қанекең Жезқазған кен орны арқылы бүкіл Қазақстанның тау-кен металлургия кешенінің даму жолдарын айқындады. Олардың көшбасшысы, әрине «Қазақмыс корпорациясы» болып шықты.

«Қазақмыс» – ұлы ғалым Қанекеңнің перзенті

Корпорация жұмысшыларының өндірістік қызметінің әлеуметтік және экономикалық маңыздылығы оның аймақтарда орналасқан бөлімшелері өндіретін өнім көлеміне қарай баға­ланатыны мәлім. Корпорация ұжымы жыл сайын құны 1,5 млрд доллар тұра­тын 30 млн тонна кен өндіреді.

Алайда әртүрлі табиғи, экономи­калық жағдайларға байланысты жалпы кен өндіру жыл сайын қиындап келеді. Мұның өндіріс өніміне әсе­рін шектеу күні бұрын нақты іс-ша­ра­­лар дайындауды талап етеді. Со­ған байланысты ЖШС «Қазақмыс кор­порациясының» бас мамандары Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық-зерттеу университетінің ғалымдарымен бірге тау-кен өндірісінің негізгі технологиялық процестеріне іргелі түрде зерттеулер жүргізді. Тау-кен ісінде алғаш рет тау жыныстарының массивінде цилиндрлік зарядтардың жарылу кезінде жарылыс қуысының кеңеюінің заңдылықтары анықталды. Оған тау жыныстары беріктігінің серпінді қасиеттерінің, қолданылатын жарылғыш заттардың физика-химиялық сипаттамаларының әсері анықталды. Майда ұсақтау аймағы мен радиалды жарықтар дамуының заңдылықтарына сүйене отырып, тау жыныстарының физикалық-механикалық қасиеттерінің, қолданылатын жарылғыш заттардың физика-химиялық сипаттамаларына және жарылу жағдайларына байланыс­ты мөлшерін анықтау теңдеулері алынды. Массивтен бөліп алатын қабатында жа­рылғыш заттар зарядтарының орналасуының ұтымды параметрлері нақ­тыланған. Әртүрлі бастапқы мәліметтерге байланысты жарылған тау жы­ныс­тарының гранулометриялық құрамын қалыптастыру заңдылықтары анықталды.

Осы теориялық әзірлемелер негі­зінде «Тау жыныстары массивіндегі жары­лыс қуысының параметрлері», «Жыныстардың қарқынды ұсақтау аймағының өлшемдері», «Массивтің бөліп алатын қабатындағы зарядтардың орналасуының ұтымды параметрлері», «Жарылған тау жыныстарының грану­лометриялық құрамы» бағдар­ламалық модульдері жасалды.

Әзірленген бағдарламалық модуль­дердің жиынтығы тау-кен кәсіп­орын­дарында бұрғылау-жарылыс жұ­мыстарын (БЖЖ) автоматтан­ды­рылған жобалау жүйесі (АЖЖ) болып табылады. АЖЖ БЖЖ – жаңа БЖЖ технологияларын құрудағы тиімді құрал, әртүрлі өндіріс жағдайларында тау жыныстарын жарып ұсату процесін жобалау, модельдеу және басқару үшін кең мүмкіндіктер туғызады.

Жүйелі тәсіл негізінде пайдалы қаз­баларды игерудің жаңа техно­ло­гия­ларының ғылыми негіздерін қалып­тастыру үшін байырғы ұғымдар қайта қарастырылды. Өзара тәуелді және өзара байланысты дайындық және тазарту қазбаларының жиынтығын пайдалы қазбаларды игеру жүйесі, ал кенді қазып алу пайдалы қазбаларды өндіру технологиясы екені дәлелденген. Бұның кенді қазып алу, тиеу және тасымалдауда маңызы зор. Технологиялық сипаттамалары: сенімділігі, өнімділігі және шығындарды көп емес бір-біріне сәйкес келетін бұрғылау, тиеу-жеткізу және көлік жабдықтары кешендерін жинақтау алгоритмі жасалды.

Циклдік-ағындық технологияны ұйымдастырудың жалпы тәсілдері тұжырымдалған. Соған байланысты Корпорация кеніштерінде дайындық және тазалау қазбаларында кенді қазып алу және тиеу циклдық техникамен (тиегіштермен, тиеу-жеткізу машиналарымен) жүзеге асырылады, кен­ді концентрациялық жиектерге, кен түсу­лерге дейін тасымалдау циклдық әрекеттегі көлік құралдарымен орындалады. Кенді жинау пунктінен жер бетіне жеткізу ұзындықтағы және көтеру биік­тігіндегі әртүрлі магистральдық және учас­келік желілерден тұратын конве­йер­лік көлікпен жүзеге асырылады. Кенді конвейерлік желілерге тиеу үшін әртүр­лі конструкциялы жылжымалы ұсақ­тау-қайта тиеу қондырғылары көзделген.

Осылайша, бұрғылау-жарылыс жұмыстарының жаңа технологияларын және жерасты кеніштеріндегі циклдық-ағындық технологияларды әзірлеу және енгізу бағытында Корпорация әлемдік тау-кен компаниялары арасында жетек­ші орын алды. Әлемдік деңгейдегі бұл та­бысқа жетуде бұрғылау-жарылыс, қа­зып алу, тиеу және тасымалдау жұ­мыс­тарының жаңа технологияларын әзірлеп және енгізген отандық ғалым­дардың, жобалаушылардың және өндірістің бас мамандарының жемісті еңбектері мол.

Аталған әзірлемелер авторлардың «Қазақмыс корпорациясы» кеніш­терін­дегі бұрғылау-жарылыс жұмыстары­ның жаңа технологиялары», «Қазақмыс корпорациясы» жерасты кеніштерін­дегі циклдық-ағындық технология» атты монографияларында баяндалған. Олар 2011-2020 жылдары орындалған «Қазақмыс корпорациясының» жерас­ты кеніштерінде әлемдік деңгейдегі тау-кен жұмыстарының жаңа технологияларын әзірлеу және енгізуі» атты жұмыстың сырын ашады.

Бұл нәтижелер сатып алынатын бұрғылау станоктары мен карет­калар санын 25%-ға, жерасты автоса­мос­валдарының санын 33%-ға, рельсті элект­ро­возбен салыстырғанда конве­йер­лік көлікке ауысу кезіндегі күрделі шығындарды 33,2%-ға төмендетті. Жер­асты кеніштерінде тау-кен жұ­мыс­тарының жаңа технологияларын өндіріске енгізудің жиынтық эконо­микалық құны 2014-2018 жылдарда шамамен 12 млд теңгені құрды.

Теориялық негіздемесі мен жаңа­лығы бойынша орындалған зерттеу­лердің ғылыми-техникалық деңгейі әлемдік тау-кен ғылымының озық жетіс­тік­терінен кем түспейді. «Қазақмыс кор­порациясының» жерасты кеніш­терін­­де әлемдік деңгейдегі тау-кен жұмыс­тары­ның жаңа технологияларын әзірлеу және енгізу» жұмысы (жетекшісі ҚР ҰҒА академигі Б.Рақышев) Қазақстан Республикасының Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2021 жылғы Мемлекеттік сыйлығын беруге лайық.

 

Серғазы Баймухаметов,

КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, техника ғылымдарының докторы, ҚарТУ профессоры