21 Қаңтар, 2014

Қазақстан – Катар: әріптестіктің жаңа белесі

472 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жексенбі күні Қа­зақ­станға ресми сапармен Катар мемлекетінің Әмірі шейх Тамим бен Хамад әл-Тани келді. Бұл – Әмірдің Катар тағына отырған уа­қыттан бергі шетелге ал­ғашқы сапарларының бірі. Себебі, дәстүрлі монархия ор­наған мемлекеттің шейхы бұл таққа 2013 жылдың 25 мау­сымында ғана мұрагерлік жолмен келген болатын.

20-01-02

 

20-01-02

Жексенбі күні Қа­зақ­станға ресми сапармен Катар мемлекетінің Әмірі шейх Тамим бен Хамад әл-Тани келді. Бұл – Әмірдің Катар тағына отырған уа­қыттан бергі шетелге ал­ғашқы сапарларының бірі. Себебі, дәстүрлі монархия ор­наған мемлекеттің шейхы бұл таққа 2013 жылдың 25 мау­сымында ғана мұрагерлік жолмен келген болатын.

20-01-03

Катар – Парсы шығанағында­ғы 2 млн.-ға жуық халқы бар, әлемдегі ішкі жалпы өнім мөлшері жағынан қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттердің бірі. Сұйытылған газдың ірі тасымалдаушысы саналатын бұл ел табиғи газ қоры жөнінен дүниежүзі бойынша үшінші орынға тұрақтаған. Бұл мұсылман мемлекетінде мұнай қоры да орасан. Оның мұнай мен мұнай өнімдерін экспорттаушы елдердің көш басында тұруы – осының айғағы.

Қазақстан мен Катардың экономикалық құрылымында ұқ­сас тұстар болғандықтан, екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстар әр бағытта жақсы жолға қойылған. Мәселен, екіжақты ынтымақтастықтың маңызды тетігінің бірі ретінде жоғары деңгейдегі Қазақстан – Катар бірлескен үкіметаралық комиссия­сын атауға болады. Бүгінгі күнге дейін бұл комиссияның 3 отырысы ұйымдастырылса, соның біреуі Дохада, екеуі Астанада өткен екен. Қазақстан Катардың Орталық банк секторымен де айтарлықтай уағдаластықтарға қол жеткізген. Қос мемлекет мұнай және газ, ауыл шаруашылығы, көлік, құқық қорғау салалары бойынша өзара ықпалдастыққа ынта танытып келеді. Қазақстан ЭКСПО-2017 ха­лықаралық көрмесін өткізу үшін Катардан инвестиция­ тарту мәселесін де жолға қойған. 2013 жылдың қараша айын­да Дохада «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқар­ма төрағасы Т.Ермегияевтің «Qatari Diar» компаниясының басшысымен кездесуінен де осыны айқын аңғаруға болады. Екі ел мәдени-гуманитарлық салалар бойынша да өзара әріптестік байланыс орнатып үлгерген.

20-01-04

Ақордада өткен екіжақты кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев пен шейх Тамим бен Хамад әл-Тани Қазақстан мен Катар арасындағы ықпалдастықтың даму қарқынын одан әрі ілгерілететін бірқатар салалар жөнінде әңгіме қозғай отырып, екіжақты ынтымақтастықтың, атап айтқанда, инвестициялық және сауда-экономикалық салалардың негізгі бағыттарын талқы таразысына салды. Сондай-ақ, екі елдің өзара ықпалдастығын бірлескен жобаларды іске асыру арқылы жандандыруға болатынын атап өтті.

Қазақстан Президенті Катар Әмірінің елімізге жасаған сапары оның Катар тағына отырған кезден бергі шетелге алғашқы сапарларының бірі болып табылатынына тоқталды. «Сізді Катар Әмірі жауапты лауазымын иеленуіңізбен құттықтаймын, денсаулық және қызметте табыстар тілеймін. Сіздің әкеңіз Хамад бен Халиф әл-Танимен бірнеше рет кездескенбіз. Ол бірнеше рет Қазақстанға келген болатын. Сондай-ақ, мен де Катарда сапармен болдым. Біз, әсіресе, экономикалық өзара іс-қимыл саласында тиімді қарым-қатынастар орнатуға мүдделіміз. Қазақстан мен Катардың эко­номикалық құрылымында бір­қатар ұқсастықтар бар. Бүгінде Катар мұнай мен газ көлемі жағынан өңірдегі және әлемдегі жетекші мемлекеттердің біріне айналды. Қазақстанның жер қойнауында да байлық мол. Сондықтан бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік жеткілікті. Бұл бағытта екі ел ведомстволары көп жұмыс жасады, қол қою үшін бірқатар құжаттар дайындалды. Олар, атап айтқанда, Қосарланған салық салуды болдырмау туралы конвенция және екі елдің қорлары арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандум», – деді Мемлекет басшысы.

Катар Әмірі кездесу мен қонақ­жайлылық үшін алғысын айтты және өзінің әкесі Хамад бен Халиф әл-Танидің сәлемін жеткізді.

Шағын құрамдағы кездесуден кейін тараптар кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізіп, бұл келіссөз барысында Нұрсұлтан Назарбаев Тамим бен Хамад әл-Танидің Қазақстанға тұңғыш сапары екіжақты қарым-қатынастарды жаңа сапалы деңгейге көтеретініне сенім білдірді. «Қазақстан тәуел­сіз­дігін алғалы бері небары 22 жыл өтті. Біздің 2,3 млрд. долларға да жетпейтін экономикамыз бар еді. Бүгінде экономикамызды ілгерілете отырып, оны 230 млрд. доллар деңгейіне жеткіздік. Қазірдің өзінде, дағдарысқа қарамастан, ішкі жалпы өнім 6 пайызға өсіп, еліміздің экономикасы қарқынды түрде дамып келеді. Бұл сапар екі елдің арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге жеткізеді деп сенеміз», – деді Қазақстан Президенті.

Өз кезегінде Катар Әмірі бұл кездесу екі елдің өзара ықпалдастығын одан әрі дамытуға септігін тигізетінін атап өтті. «Бізге көрсеткен қонақжайлылығыңыз үшін алғысымызды білдіреміз. Бүгінгі кездесу Катар мен Қазақстан арасындағы байланыс­тарды одан әрі нығайтуға жол ашады деп сенемін», деді ол бұл ретте. Сондай-ақ, Катар Әмірі мұндай келіссөздер тараптардың екіжақты қарым-қатынастар мәселелерін, өңірдегі ахуалды қарастыруға мүмкіндік бергеніне тоқталды.

Кеңейтілген құрамдағы ке­ліссөзден кейін Қазақстан Үкіметі мен Катар Үкіметі арасындағы Қосарланған салық салуды болдырмау және табысқа салынатын салықтан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға және «Тау-Кен Самұрық» ҰК» АҚ пен «Qatar Mining Company QSC» арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл күні тараптар, сондай-ақ, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ пен Катар инвестициялық қоры арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумды бекітті.

Қазақстан Президенті мен Катар Әмірі келіссөздерден кейін жоғары деңгейдегі мұндай кездесулер мен бүгінгі күнге дейінгі қол жеткізілген уағдаластықтар табыстарды еселеуге мүмкіндік беріп қана қоймай, екіжақты ынтымақтастықтың жаңа бағыт­тарын айқындауға жол ашатынына сенім білдірді.

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

-----------------------------------------

Суреттерді түсіргендер

С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.