21 Қаңтар, 2014

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: Мәңгілік Ел – Қазақстанның ұлттық идеясы және мемлекеттік идеологиясы

1303 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы Қ.К.ТОҚАЕВ  Елбасы Жолдауы туралы ой толғайды

 

DAA 6755 1

 

 

Парламент Сенатының Төрағасы Қ.К.ТОҚАЕВ  Елбасы Жолдауы туралы ой толғайды

DAA 6755 1

– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Біз сізбен сенбіде, Елбасының дәстүрлі Жолдауы  жария етілген күннің ертеңінде әңгімелескелі отырмыз. Жедел сұхбат беруге уақыт тапқаныңыз үшін алғыс айтамын. Сіз ұзақ жылдар бойы Сыртқы істер министрі болып жұмыс істедіңіз, Үкіметті, Парламенттің жоғар­ғы палатасы – Сенатты басқар­дыңыз, осы заманның көрнекті қайраткерлерімен кездестіңіз, сөйлестіңіз, ал кейінгі жылдарда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хат­шысының орынбасары ретінде, былайша айтқанда, Қазақстанға сырт көзбен де қарай алдыңыз. Біздің еліміз бүгінгі әлемде қалай бой көрсетеді екен?
– Иә, Қазақстанда жұмыс істеген кезімде де, шетелдегі  қыз­метімде де менің ірі мемлекеттік қайраткерлермен кездесуге, сөй­лесуге және келіссөздер жүргізуге мүмкіндігім болды. Біріккен Ұлттар Ұйымындағы жоғары лауазымда мен, әрине, туған елімдегі оқиғаларды ықыласпен қадағалап отырдым, Отанымның Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың беделді басшылығымен қол жеткізген табыстарына қуандым. Жа­сы­ратыны жоқ, осынау күрде­лі де кереғар әлемде ықпалды мем­лекетке айналған Қазақстанның азаматы екендігім үшін мақтаныш сезіміне талай бөлендім.
Шетелде Қазақстан қысқа ғана тарихи кезең аясында мемлекет құру мен экономикада  қайран қаларлықтай табыстарға жеткен ел ретінде қаралады. БҰҰ-да Қазақ­станға «жедел дамып келе жатқан мемлекет» деген ерекше мәртебе берілген. Көптеген мемлекеттер «жолы болмаған мемлекеттер» деген таңбаны арқалап жүрген кезде мұның өзі ең алдымен әлемдік қоғамдастық жаһандық ауқымдағы саясаткер деп таныған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың талассыз табысы. Қуатты, тұрақты және серпінді Қазақстан қазірдің өзін­де жаһандық және өңірлік қауіп­сіздіктің елеулі факторы болып отыр.  
Қазақстанның дамуы әлемдік оңды үрдістердің аясына толықтай сай келеді. Біздің елімізге осы заманның барлық көкейкесті мәселелері бойынша сенімді әріптес деп  қарайды. Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың ажы­ра­ғысыз бөлігіне айналды. Мем­лекетімізді ядролық қару­сыздануға, халықаралық қауіп­сіздікті, интеграция мен көпқырлы экономикалық ынтымақтастықты  нығайтуға қосқан үлесі үшін құрмет тұтады.

– Президенттің қызметі әлем­дік қоғамдастық тарапынан қалай баға­ла­нады? Сіздің На­зарбаев феномені әлем­нің екі бө­лі­гінің – Еуропа мен Азия­ның, екі өркениеттің – Батыс жә­не Шығыс өркениеттерінің, екі саяси жүйенің – тоталита­ризм мен демо­кратияның түйіс­кен тұсында шыққан деген сөзіңіз кеңінен белгілі. Сіз жаңа өзіңіз айтқан табыстарға қол жет­кізуіміздегі Елбасының рөлі туралы не айтар едіңіз?
– Бүкіл әлем біздің Прези­ден­ті­мізді талантты да жігерлі басшы, аса көрнекті реформатор, жасампаз тұлға және стратег ретінде біледі, солай деп құрметтейді. Елі­­міздің жолы болған деп кәміл се­нім­мен айта аламыз, өйткені, та­рих­тың талмау тұсында оны дәл Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаевтың өзі бас­қарды.
БҰҰ Бас хатшысының орын­ба­сары бола жүріп, мен көптеген мем­лекеттердің басшыларымен кездестім, олардың қызметін бақы­лай келіп, стратегиялық ойлау жүйе­сі, тәжірибесі мен беделі тұр­ғы­сынан бүгінгі әлемде біздің Пре­зидентіміздей лидер тұлға жоқ деген қорытындыға келдім. Бұ­рынғы кеңестік республиканы табысты мемлекетке, пікірімен барлық белді елдер санасатын өңірлік державаға айналдырған дәл сол тұлға.
Президент Нұрсұлтан Назар­баев жаһандық антиядролық қоз­ғалыстың көшбасшысы ретінде қазірдің өзінде әлем тарихына енді. Мұндай құрметті мәртебеге мемлекеттердің бірде бір басшысы ие болған емес.
Елбасының тарихи еңбегі тоқырауға түскен саяси жүйенің тар күпісі мен тозығы жеткен эко­номиканың шапанынан шық­қан біздің ұлты­мыздың бітім-болмысын өзгерте алғанынан көрінеді. Нұр­сұлтан Әбішұлының жетек­шілігімен Қазақстан серпінді дамыған, ашық әрі бәсекеге қабі­летті экономикасы бар ел ретін­де танылды. Біздің елі­міз парла­ментаризм мен азаматтық қоғамды дамытуда алға қарай қуат­­ты серпіліс жасады, мұның өзі Қазақстандағы демокра­тия­лық үдерістерге енді беті қайт­пай­тындай сипат берді.

DAA 6752 1

– Әртүрлі елдерде мем­ле­кет­тер басшыларының халыққа сөз арнауы­ның әртүрлі пішіндері бар екенін бі­леміз. Қазақстан Пре­зидентінің Жол­дау­лары несі­мен ерекшеленеді? Олар елі­міз­дің дамуында қандай рөл ат­қар­ды және қандай рөл атқара­тын болады?
– Көптеген елдерде олардың бас­шы­ларының жолдаулары парламенттерге бағышталады да негізінен ішкі саяси жағ­дай мен экономикалық ахуалды, сон­дай-ақ сыртқы саясаттың негіз­гі бағыттарын белгілейді. Әдет­те жыл сайынғы ресми сөз ар­нау Мемлекет басшысының бел­гі­ленген конституциялық міндеті болып табылады.
Қазақстанда Президент Нұр­сұлтан Назарбаев өз сөзін Пар­ламентке ғана емес, бүкіл ха­лық­­қа да арнайды. Сон­дықтан да осынау, шын мәніндегі тарихи Жолдауын жария ететін орын ре­­тінде Президент Тәуелсіздік са­райын таңдады. Жолдау – Мем­лекет басшысы мен бүкіл қоғам­ның арасындағы өза­ра байла­ныс­тың тиімді пішіні. 1995 жылы Конституция қабылданғалы бері Президент Жолдаулары елі­міз өмі­рінің маңызды саяси оқи­ға­ларына айналып келеді. Жол­дау­дағы Үкіметке және билік­тің заң шығарушы тармағына бе­­ріл­­ген тапсырмалардың негі­зін­де елі­міз­дің орнықты дамуына ба­ғытталған нақты шаралар қабылданады.
Елбасымыздың Жолдаулары – Қа­зақ­станның әлеуметтік-эко­но­микалық дамуының барлық қырларына терең талдау жасайтын аса маңызды құжат. Сондықтан да олар елімізді орнықты дамудың жаһандық сара жолына шығаруға шешуші серпін қосты.
– Енді Президенттің биылғы Жол­дауына қатысты сұрақтарға көшсем деймін. Бұл құжаттың қан­дай басты сипаттарын ал­дымен атауға болар еді? Мұ­ның алдындағылардан осы Жол­даудың айырмашылығы неде?
– Біз бәріміз шын мәніндегі тари­­хи оқиғаның куәгері болып отыр­­мыз, өйткені Мемлекет бас­шысының бұл Жолдауының жөні бөлекше. Онда 2050 жылға дейінгі ұзақмерзімді Стратегияны жүзеге асырудың нақты бағдарламасы белгіленген.
Елбасы Мәңгілік Елді – отан­дық та­рихтың атымен жаңа тұжы­­рым­дамасын баян етті және негіз­­деп берді. Іс жүзінде бұл – Қа­­зақ­­станның ұлттық идея­сы және мемлекеттік идео­ло­гиясы. Мәң­гілік Ел ұлы Пре­зи­дент Нұрсұлтан Әбіш­­ұлы На­зар­­баев бастаған бар­лық қазақ­стан­дықтардың бірегей тарихи миссиясы болып табылады.
Мәңгілік Ел идеясы хал­қы­мыздың ға­сырлар бойғы аңсаған арманына ғана емес, Қазақстанның тәуелсіз жылдарындағы дамуының нақты нәти­желеріне арқа сүйейді.
Биылғы Жолдау, сөз жоқ, өткен жыл­дардағы осындай құжаттардан сапалық тұрғыдан жаңа міндеттердің ауқымымен ерекшеленеді. Қайталап айтайын, Қа­зақстан қазір бұрынғы Қазақстан емес, бүгінде ол ішкі жалпы өнімінің ауқымы бүкіл Орталық Азия елдерін қоса есептегеннен де асып түсетін қуатты мемлекет. Сонымен бірге, мұның бәрі үлкен жолдың басы ғана деп айтуға бізде толық негіз бар. Елбасы Жолдауы мемлекетіміздің жарқын болашағына деген үміт пен сенімді бойға ұялатады. Пре­зи­денттің әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу Стратегиясы – мем­лекеттің ұлттық мүдделеріне мем­лекеттік тұрғыдан қараудың, ел аза­маттарына, әсіресе Жолдауда белгіленген мақсаттар мен мін­дет­терді жүзеге асы­ратын жастарға деген шын мәніндегі әкелік қамқорлықтың айшықты айғағы.
Елбасымыз ғылыми қамтымды эко­номика жасаудың, қуат тиім­ділігі мен еңбек өнімділігін арт­тырудың, ша­ғын және орта бизнесті дамытудың, қыз­мет көрсетуді жақсартудың, агро­өнеркәсіптік кешенді жаңғыртудың ай­рықша маңыздылығын атап айтты. Қуат­ты экономикалық іргетасқа арқа сүйей отырып, сыртқы болса да, ішкі болса да қандай саясатты да әлеу­­меттік мәселелерді шешуге бағыт ұстап тиімді жүргізуге мүм­кіндік бар.
Тұтастай алғанда, Президент Жол­дауы – біздің бәріміз талай рет жүгінетін жә­не бойынан осы заманның барлық қатер-сынақ­та­рына нанымды жауаптар таба алатын құжат.
Тарихи тұлғалар «өтпелі» сая­си фи­гуралардан стратегиялық көзқарасымен, ойының ауқым­ды­лығымен айрықша бо­лып тұрады. Жолдауды оқи отырып, Ел­ба­сы­ның алысқа қарайтынына және көз жетпесті көретініне тағы да сене түсесіз.
– Президент Қазақстан әлем­де адамдар үшін қауіпсіз және тұруға жайлы елдің біріне ай­налуға тиіс деп талап қойды және оны жүзеге асырудың жол­дарын көрсетіп берді. Сіз бұл жұ­мыс­тың ұзақмерзімді ба­­сым­дық­тары және биліктің заң шы­ғарушы тармағының осы үдеріс­тегі рөлі туралы не айта аласыз?
–  Қауіпсіздік пен жайлылық ту­ра­лы айт­қанда Президент дамыған елдің бей­бітшілік пен тұрақтылық, әділ сот және тиімді құқық тәртібі деген маңызды сипаттарын бөле айтты. Тарих осынау қастерлі қағи­даттарды ұмыт қалдыру құл­ды­рауға, торығуға, кейде тіпті салдары ұзаққа созылатын қасірет­терге әкеліп соқтыратынын көр­сетеді. Сондықтан да Жолдау болашаққа бағышталған, оның мән-маңызын адамдардың бір буынының өмірімен өлшеу мүмкін емес, бұл – шын мәнінде тарихи маңызды құжат.
2050 Стратегиясының мақсат­тарына қол жеткізу дамыған демо­кратиялық қоғамда өмір сүргісі келетін әрбір азаматтың осы іске өзінің тікелей қатысуы мен белсенді ұстанымын талап етеді. Біздің әрқайсымыздың «Ал мен өз мемлекетім үшін не істей аламын?» деп өзіне өзі сұрақ қоятын тұсы дәл осы.
Мысалы, қоғамдық өмірдің барлық салаларында қызмет көрсетудің тиіс­ті деңгейіне қол жет­кізу немесе мүге­дектерге ке­дер­­гісіз аймақ жасау үшін, қанша жерден ықпалды болса да, тек мемлекеттік аппараттың күшіне сеніп отыра беруге болмайды, бұл міндетті шешуге бүкіл қо­ғам болып жұмылуға тиіспіз, өйт­кені мұның бәрі жалпыұлттық сипат­тағы істер. Жолдаудың бас­қа тұжырымдары туралы да со­лай айта аламыз. Бұл құжаттың маңыз­дылығы да осында. Өйткені, Елба­сымыз ырысты-берекелі, табыс­ты Қазақстанды құру ісіне ел болып жұмыла кірісу үшін өз сөзін бү­кіл ұлтқа, барлық азаматтарға ар­нап отыр ғой. Сондықтан да біз Мәңгілік Елді халқымыздың бірік­тіруші идеологиясы деп білеміз.
Ал енді заң шығарушылық қыз­метке келер болсақ, сіз біле­сіз ғой, Президент Үкіметке Жол­дау тұжырымдарын жүзеге асыру­ды қамтамасыз ету үшін заң жо­­б­а­­ларының дестесін Парла­ментке енгізу жөнінде бірқатар нақты тап­сыр­малар берді. Таяу уа­қытта депутаттар Президент Жол­дауын түсіндіру үшін жұрт­шы­лықпен, әлеуметтік сала қыз­­меткерлерімен, еңбек ұжым­дарымен, бизнес өкілдерімен кез­десу мақсатымен өңірлерге аттанады. Мұның өзі Мемлекет бас­шысының бастамаларын заңна­малық тұрғыдан қамтамасыз ете­тін егжей-тегжейлі жұмыстың ал­дында еңбек адамдарынан және оқушы жастардан нақты ақпарат алудың маңызды кері байланыс арнасы.
– «Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ұмтылыс кезінде бізге адал бәсекелестік, әділеттілік, заңның үстемдігі және жоғары құқықтық мәдениет ахуалы қажет», деп айтылған Жолдауда. Бұл тұрғыдан қарағанда, бізде жақ­сы заңдар қабылдануын қабыл­данады, бірақ олардың орын­­далуы нашар деп айтатын адамдар аз емес. Сіз мұндай пікір­мен келісесіз бе? Сіз­дің ойыңызша, қоғамда құқықтық мәде­­ниетті жақсарту үшін не істеу керек?
– Құқықтық мәдениетіміз төмен де­ген пікірмен белгілі бір дәре­жеде келі­суге де болады, бі­рақ бұл істе ілгері­леу бар екенін де айтқан жөн, халық­аралық ұйым­дардың есептері осыны көрсетіп отыр. Қадағалаушы органдар заң­дылықтың сақталуына ықтиятты зер салуы керек, ал біз, депутаттар, заңды сақтамаудың мысалдарына қатты назар аударуға тиіспіз.
Тәуелсіздік жылдарында Қа­зақ­­стан заңның үстемдігі күше­йе түскен құқықтық қоғамға ай­на­ла алды. Біздің еліміздегі демо­кратия енді бері қайтпастай, кері кетпестей сипатқа ауысты. Би­ліктің заң шығарушы тармағына келсек, парламентаризм мем­ле­кеттік жүйеде өзіне сай орынға ие болды. Мен бұл сөзді сізге өздерін демократиялық деп атай­тын бірқатар елдердің өміріне қарап айтып отырмын, олардың парламенттерінің өкілеттіктері біздің еліміздің заң шығарушы ор­ганының өкілеттіктерімен са­лыс­тырғанда әлдеқайда аз.
Біздің азаматтарымыз өздерінің құқыларын біліп қана қоймай, оларды заң жүзінде қорғай алуға да тиіс. Мұның өзі демократиялық қоғамның негізгі қағидаты. Құ­қық­тық әділеттілігі жоқ елдер кері кетпей қоймайды.
Құқықтық мәдениетпен қо­са, бізге өз бойымызда еңбек мә­де­ние­тін де тәр­биелеу маңызды. 2050 Стра­те­гия­сы­ның мақсаттарына же­ту үшін мемле­кеті­міздің барлық зият­керлік күш-қуатын жұ­мыл­дыру керек, көп жұмыс істеуіміз керек.
 Бұл тұрғыдан алғанда Оңтүс­тік Корея­ның үлгісі үйренерліктей. Табиғи қазба байлықтары жоқ осы ел, Солтүстікпен қақтығыса жүріп, Жапониямен, Қытай­мен қатты бәсекелесе жүріп, еңбек қо­ғамын құрды да аз уақыттың аясында индустриялық державаға айналды. Корейлер көп жұмыс істейтін болды, өйткені олар не үшін еңбек ететінін білді, түпкі мақсатын көре алды.
Елбасы Жолдауы бүкіл ұлттың ал­дына нақты мақсаттар мен міндеттер қояды. Енді Мәңгілік Ел болу үшін көп жұмыс істеу керек.
– Нұрсұлтан Әбішұлы жалпы­әлем­дік дамуға барабар тұру қа­ғидатын ұс­тану қажеттігін қа­дап айтты. Сіз бер­тінге дейін әлем­нің ең беделді ұйымы – БҰҰ бас­шыларының бірі болдыңыз. Сіз жалпыәлемдік дамудың бас­ты үрдістерін қалай деп айқын­дар едіңіз?
– Осы заманғы әлемдік үрдістер өте қарама-қайшылықты болып келе­ді. Бір жағынан, әлем нағыз иннова­ция­лық зерттемелерді арқау ете оты­рып, технологияны бұрын-соңды кездес­тіріп көрмегендей жаңартудың, ақ­па­рат­­тық-ком­муникациялық секторды қуат­­ты дамытудың жолымен жүруде. Әлем адамзаттың болмыс-бітімін түбі­рі­н­ен өзгертетін жаңалықтардың табал­дырығында тұр.
Орнықты даму, экономика мен экологияның үйлесімі тұжы­рым­дамасы бүгінгі өмірдің импера­тивіне айналды, БҰҰ-ның Мың­жылдық саммитінде сонау 2000 жылдың өзінде айтылған ор­нықтылық қағидаттарын енгіз­бейінше ендігі жерде жекелеген елдердің де, тұтастай адамзаттың да келешегі кемел болмайтынын пайымдау күшейе түсуде.
Екінші жағынан қарасаңыз, байлар мен кедейлердің арасы барған сайын ашылып кетуін, қатты аштықты, миллиондаған адам­дар үшін ауыз судың жетіспеуін, ең кә­дуілгі жағдайлардың жасалмауын, ген­дерлік және этностық белгілер бойынша кем­сітушілікті, мәселесі ушыққан елдер­ден босқындардың тасқынын, заңсыз мигра­цияны, есірткі бизнесін, ауру-сырқауды және адамдарды саудаға салуды көресіз. Көптеген дамы­ған елдер жаппай жұмыссыздықтың шыр­мауында қалды, олардың кейбі­рінде жұмыссыздық, Испаниядағы сияқты, 30 пайызға жетті.
Жаһандық саясат пен эконо­микада тұрақсыздық пен болжам­сыздық белең алып барады. Сондықтан Елбасымыз өз Жол­дауында ХХІ ғасырда «жеңіл-желпі жүріп өту» деген болмайтынын өте әділ ескертіп отыр. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Әбішұлы терең талдаудың негізінде таяудағы 15-17 жыл Қазақстан үшін «мүмкіндіктер көзі» бола алады деген болжамын жасады. Бұл арадағы ең басты мәселе – жайлы конъюнктураның мүмкіндігін қолдан шығарып алмау, табанды да мақсатты жұмыс істеу.
– 2050 Стратегиясының бас­ты мақ­сатына – Қазақстанның әлемдегі ең да­мыған 30 елінің қата­рына қосылуына қол жет­кіземіз деген біздің сеніміміз қан­дай күшке арқа сүйейді?
– Осы заманғы Қазақстанның үлкен артықшылығы – ерен Ел­басымыз. Ұлт басында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сияқты аса көрнекті саясаткер тұрмаса, біз өмірдің барлық саласында бүгін­гідей табыстарға жете алар ма едік? Әрине, жете алмас едік. Оған қоса, түпкі табысқа деген сенімділік Қазақстанның адами әлеуетіне негізделеді. Біздің азаматтарымыз – бар күш-жігерін ұлы ел тұрғызу үшін жұмсауға дайын, зия­т­керлік тұрғыдан өрелі және ой-сана­сында отаншылдық орныққан адамдар қо­ғамдастығы. Қазақстандықтар барынша дамыған елдердің ал­дың­ғы қатарына қосылатын ырысты-берекелі елде өмір сүруге әбден лайықты.
– Әңгімеңіз үшін рахмет.

Сұхбаттасқан
Сауытбек АБДРАХМАНОВ.